Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Комитет отырысында қосымша баяндама жасады

22.05.2018 0

Құрметті әріптестер!

 

         Сақтандырудың міндеті адамның маңызды қажеттілігін – қауіпсіздік қажеттілігін қанағаттандыру.

        Қазақстанның заңнамасы тәуелсіздік алғаннан бері бірталай өзгерістерге ұшырады. Сақтандыру туралы базалық нормативтік актілер бірнеше рет өзгерді.

        Атап өтсек «Сақтандыру» туралы арнай заңды қабылдамай тұрып 90 жылдардың басында  елімізде 900-ға жуық сақтандыру ұйымдары болған, ал қазіргі таңда сақтандыру нарығында 32 сақтандыру ұйымы  қызмет жасауда. Осы саладағы заң сақтандыру ұйымдарына қойлатын талаптарды қаталдатып, тек бәсекеге қабілеттілері ғана қызмет атқаруда. Соңғы 7 жылдың өзінде 5 сақтандыру ұйымдары әр түрлі себептерге байланысты өз қызметтерін тоқтатқан. 2018 жыл 1 мамырдың жай-күйіне сәйкес сақтандыру ұйымдардың  активтері  949 216 млн. тенгені құраған.

        Қазір сақтандыру дербес экономикалық құрал ретінде белсенді дамып келеді. Дегенмен, еліміздің экономикасының дамуының қазіргі таңдағы кезеңі және жаһандандыру процестері сақтандыру институтының алдында жаңа міндеттер қоюда.

        Осылайша, жеке тұлғалардың сақтандыру қызметтерін жеткізушілерге деген сенімін арттыруға ықпал ететін көрсетілетін қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың икемді тетігін құру бүгінде сақтандыру институтының басты мақсаты болып табылады.

        Осы орайда, заң жобасы ерікті, міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымдарының қызметін реттейтін заңнамалық актілерді кешенді түрде қайта қарауды ұсынады.

        Жобаның жаңалықтары туралы баяндамашы бізге толық айтып берді. Қысқаша тоқталып өтуіме рұқсат етіңіздер.

        Бірінші. Сақтандыру саласын цифрландыру.

        Онлай-сақтандыру ең алдымен сақтанушының уақыты мен қаражатын үнемдеуге бағытталған. Онлайн-сақтандыруды енгізген жағдайда азаматтар сақтандырушының офистеріне бармай-ақ және агенттің қатысуынсыз, сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы электрондық нысанда сақтандыру шарттарын жасау мүмкіндігіне ие болады.  Бұл шалғай орналасқан елді-мекендерде тұратын азаматтар үшін ыңғайлы.

        Сақтандырудың негізгі элементі Бірыңғай сақтандыру дерекқоры болып табылады. Дерекқор мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен және дерекқорларымен интеграциялау тұлғаларды қашықтан идентификациялауға, сақтандыру шартының жасалғанын және қолданыстағы электрондық полистің болу-болмауын тексеруге мүмкіндік береді.

        Бұл жерде Бірыңғай сақтандыру дерекқорының және сақтандыру компанияларының интернет-ресурстарының тоқтаусыз жұмыс істеуін онда жұмыс істеудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігіне Ұлттық Банктің назарын аударғым келеді.

Менің ойымша, халықты жаппай интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін тиісті уәкілетті органдармен бірге шешу қажеттігін атап өткен жөн. Онсыз бұл енгізіліп отырған жаңалық тиісті деңгейде жұмыс істей алмайтыны белігілі.

Екінші. Қазақстанның туристерін қорғау мақсатында заң жобасында шетелге шығатын туристің өзінің мүліктік мүддесін міндетті сақтандыруға көшу көзделеді.

Заң жобасында шетелге шығатын туристерді сақтандыру схемасын өзгерту көзделеді. Туроператор жолдаманы сату кезінде туристке сақтандыру сертификатын беруге міндетті. Сақтандыру сертификатында шетелде медициналық қызметтерге қолжетімді болу үшін тәулік бойы жұмыс істеу режимінде көмек көрсетуді ұйымдастыратын халықаралық компаниялардың байланыс деректері көрсетіледі.

Шетелде сақтандыру оқиғасы басталған кезде турист медициналық қызметтер, шұғыл медициналық көмек және репатриациялау үшін ақы төлеу бойынша шығыстарды көтермейді. Бұл шығыстарды сақтандыру компаниясы туристке көмек көрсетуді ұйымдастыратын халықаралық компания арқылы өтейді.

Бұл норма әрине қажет, әрі орынды, қазақстандық азаматтың мүддесін қорғауға бағытталған. Бірақ, міндетті сақтандыру туризм саласында ғана емес, медицина және білім беру саласына да қажет.

Осылайша, өз бетімен шет елге емделуге, оқуға шығып бара жатқан азаматтарды қорғау тетіктерін қарастыру қажет деп есептеймін.

Үшінші. Жүктелген сақтандыруды енгізу

Жүктелген сақтандыру – бұл жекелеген кәсіптер үшін міндетті болып табылатын сақтандыру, бірақ оның талаптары тікелей заңмен емес, сақтандыру компаниясы және оның клиенті арасындағы шартпен айқындалады.

Міндетті сақтандыру кезінде сақтандырудың барлық талаптары, тарифтер және төлемдер жекелеген (салалық) заңдарда тікелей белгіленген. Мұндай тәсіл сақтандырудың стандарты және жалпы түрлері кезінде дәлелді болып табылады.

Жүктелген сақтандыруды енгізу сақтандыру компаниясына, сол сияқты оның клиентіне шартта сақтандырудың икемді талаптарын көздеуге мүмкіндік береді. Тәуекелдердің нақты тізбесін айқындай отырып, клиенттер үшін тиімді тариф белгілеуге болады. Жүктелген сақтандырудың негізгі артықшылығы – бұл клиентке жеке тұрғыдан келу.

Төртінші. Сақтандыру омбудсманының функцияларын кеңейту

Заң жобасымен сақтандыру омбудсманының тараптардың сотқа жүгіну құқықтарын сақтай отырып өкілеттіктерін сақтандырудың барлық сыныптарына (міндетті және ерікті) кеңейту көзделуде.

Міндетті сақтандырудың барлық түрлері бойынша дауды наразылық тәртібімен реттеу құқығы көзделген. Наразылық тәртібімен реттеу аясында сақтанушы:

1)     Сақтандырушыға талаптарды көрсетіп, оның талаптарын дәлелдейтін құжаттарды қоса бере отырып жазбаша арызды жолдауға;

2)     Арызды сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жолдауға құқылы.

Бесінші. Қор нарығы бойынша түзетулер Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда қор нарығын одан әрі дамыту туралы берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған және нарықтың инфрақұрылымын оңтайландырады, оның қатысушыларын реттеуді ырықтандырады.

Ұсынылып отырған түзетулер келесіге бағытталған.

1.     Қор нарығының инфрақұрылымын оңтайландыру, Бірыңғай тіркеушінің Орталық депозитарийге қосылуы.

2.     Қор нарығы қатысушыларының қызметін ырықтандыру. Инвестициялық қорларды құру, қайта ұйымдастыру және олардың қызмет етуі жеңілдетілуде, рұқсат беру рәсімі мен оны беру мерзімдері, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің есептілігі мерзімдері қысқартылуда.

3.     Эмитенттерді қор нарығына шығуға ынталандыру. Эмитенттердің ақпаратты ашуының қосарлануы жойылуда, бірыңғай дереккөз – қаржы есептілігінің депозитариі анықталуда.

Қысқаша айтқанда, заң жобасының негізгі тұстары осындай.

Заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, Үкіметтік емес ұйымдардың, Сенат Аппараты өкілдерінің қатысуымен  екі жұмыс тобының отырысы өткізіліп, жан-жақты талқыланды және пайда болған сұрақтарға жауаптар алынды.

Баяндалғанның негізінде, заң жобасын қолдап, бас комитетке ескертпелерсіз жолдауды ұсынамын.

        Назарларыңызға рахмет!

 

 

 

 

Бөлісу