Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Е.Мұқаев Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясымен Қытайға ресми сапармен келді.

06.12.2016 0

2016 жылғы 5 желтоқсаннан 7 желтоқсан аралығы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Е.Мұқаев Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясымен Қытайда ресми сапармен болды.

 

Сапар Қытайдың халықаралық мәселелер институтынан басталып, ҚХР ғылыми қоғамдастығының өкілдерімен кездесу болды. Қ.Тоқаев «Құбылмалы әлем: Қазақстанның көзқарасы» тақырыбы бойынша лекция оқыды. Төраға әлем дамуындағы негізгі ағымдарға егжей-тегжейлі тоқталды және екі мерейтойлық дата: Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы және біздің мемлекеттеріміздің арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай екіжақты өзара іс-қимылдың келешегіне арналған баяндама жасады.

Қ.Тоқаевтың жетекші қытай ғалымдары мен саясаттанушылары алдында қазақ және қытай тілдерінде сөйлеген сөзі зор ықылас туғызды және қазіргі замандағы халықаралық ахуалға терең талдау ретінде қабылданды.

«Қазіргі кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және Төраға Си Цзиньпин қамқорлықтары аясында Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қатынастарының ауқымынан да кең көлемді қамтитын жаңа ірі жобалар іске асуда. Ол трансқұрлықтық байланыстардың елеулі факторына айналды. 2013 жылы Астанаға сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Еуразия кеңістігіндегі сауда-экономикалық қатынастар үшін жария еткен Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасының зор маңызы бар. Қазақстан өз аумағында бұл ірі жобаны толықтай іске асыруға, оның ішінде ұлттық даму стратегиясымен және Еуразиялық Экономикалық Одақтың интеграциялық бағдарламаларымен үйлестіруге ниеттеніп отыр», - деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасы мемлекеттік «Нұрлы жол» инфрақұрылым даму бағдарламасын іске асыру, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомобиль дәлізінің құрылысы, Еуразия жоғары жылдамдықтағы мультимодалды арна жобасы және басқа да инфрақұрылымдық бағдарламалар туралы хабардар етті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азия арасында маңызды рөл атқаратын көлік-логистикалық хаб ретінде одан әрі дами беретін болады.

Сенат Төрағасы өз сөзінде әлемдегі саяси және экономикалық жүйенің өзгерістеріндегі Қытайдың рөлі арта түскенін атап өтті. Қ.Тоқаев аймақтық құрылымдар ықпалының ұлғая түсуіне егжей-тегжейлі тоқталды. Олардың арасында Қазақстан мен ҚХР өзара тығыз байланыс орнатқан ШЫҰ және АӨСШК ерекше орын алады.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, АҚШ-тағы президент сайлауындағы Д.Трамптың жеңісі ұлтшылдық секілді құбылыстың ішкі саясат саласынан халықаралық қатынастар әлеміне шықанын көрсетеді, оны Еуропа Одағынан Ұлыбританияның шығуы мен Еуропадағы қазіргі кездегі ағымдардан байқауға болады.

Төраға конфессиялар арасында және діндер ішінде текетірестер ушығып тұрған кезде Қазақстан Президентінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру туралы бастамасының маңызды екенін атап өтті.

Ғалымдар қауымы халықаралық терроризмге қарсы күрес үшін барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы тұжырымды оң қабылдады. Сенат Төрағасы дәл осы жағдайда дүниежүзілік зұлматты жеңе алатынымызды айта келіп, жаһандық антитеррористік желі құру туралы Н.Назарбаевтың ерекше бастамасының маңызын атап өтті.

Ол сондай-ақ ядролық қарусыздану және оны таратпау тәртібін нығайту жөніндегі Қазақстанның қағидаттық бағдарының маңыздылығына тоқталды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, бұл өзекті мәселеге әлемнің барлық жетекші мемлекеттері назар аударуы тиіс, өйткені, ядролық материалдардың террористердің қолына түсуі жаһандық ауқымдағы апатқа әкелуі мүмкін. Ол сондай-ақ Солтүстік Кореядағы ядролық сынақтардың орынсыздығы туралы да айтты.

Сенат Төрағасы Қазақстан әмбебап әрі баламасыз ұйым ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты қолдайтынын айтып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алдағы екі жылда Қытаймен белсенді ынтымақтастыққа үміт артатынын жеткізді.

Қазақстан сенаторлары сапарының бағдарламасында Қытай Коммунистік партиясының, Халық өкілдерінің бүкілқытай жиналысының басшылықтарымен келіссөздер жүргізу және ірі сауда-экономикалық және қаржы орталығы – Шэньчжэнге бару жоспары бар.

Қазақстан делегациясының құрамына сенатор Ерболат Мұқаевтан басқа Ақан Бижанов, Серік Жақсыбеков, Қайрат Ищанов, Төлеубек Мұқашев және Владимир Редкокашин сенаторлары енді.


Ақпарат көзі:
http://10.1.1.66/kk/senate/press-center/article/24582



Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ. Тоқаевтың Қытайдың халықаралық мәселелер институтында сөйлеген сөзі (Пекин, 6 желтоқсан 2016 ж.)

 

«ҚҰБЫЛМАЛЫ ӘЛЕМ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨЗҚАРАСЫ»

 

Құрметті комиссар Чэнь Гопин!

Құрметті Президент Су Гэ мырза!

Құрметті Қытайдың ғылыми қауымдастығының өкілдері!

 

Ең алдымен, Қытайдың халықаралық мәселелер институтын 60 жылдық мерейтойымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. 2011 жылғы Қытай сапарынан соң арада бес жыл өткеннен кейін Сіздермен қайта жүздесу мен үшін үлкен мәртебе.

Бүгін мен біздің мемлекетіміз үшін тарихи дата - Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Сіздермен әлемдік дамудың негізгі үрдістері туралы пікіріммен бөліссем деймін. Бұл орайда, алғашқы жылдары егемен ел ретінде қалыптасу мүмкіндіктеріне көптеген саясаткерлер күмәнмен қараған тәуелсіз Қазақстанның елеулі жетістіктеріне, сондай-ақ әлемдік ахуалдың өткен кезеңдердегі даму эволюциясына тоқталу аса маңызды.

 

Құрметті достар!

 

Ширек ғасыр ішінде әлем айтарлықтай өзгерді. Мемлекеттер мен халықтар да елеулі өзгерістерге ұшырау үстінде.

Тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдардың басындағы бірполярлы Pax Americana кезеңінің орнына келген мүлдем жаңа, көпполярлы әлемнің белгілері орныға түсуде. Әлемдік трансформацияның бұл кезеңінде алуан түрлі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістермен қатар жаһандық дамудың тұрақтылығын әлсірететін жаңа құбылыстар орын алды.

25 жыл бұрын қырғи-қабақ соғыс аяқталысымен халықаралық қатынаста «мамыражай дәуір» туады деген қиял пайда болды. Алайда, ол үміт ақталмады. Тіпті, биполярлы бақталастықтан асып түспесе, кем түспейтін қатаң тайталас пайда болды. Бірақ, бұрын ол тайталас екі түрлі саяси жүйе мен идеологиялық блоктардың текетіресінен болса, қазірде бұл жетекші мемлекеттердің ұлттық-стратегиялық мүдделерінің алауыздығынан орын алуда. Оның үстіне, өз мүдделерін қарулы күшпен қорғау жағдайлары өршіп тұрған уақытта әскери қақтығыстардың орын алу қаупі зор.

Бүгінде көріп отырғанымыздай, қақтығыстардың көбеюі мен олардың ауқымының күрт өсуі экономикалардың күйреуіне, халықтың өмір сүру деңгейінің нашарлауына және жаппай көші-қон сияқты тамыры терең қатерлерге душар етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулері бойынша, Таяу Шығыс елдерінің 2011-2015 жылдар ішінде «араб көктемінен» шеккен зардабы 614 миллиардқа жеткен. Әлемдегі босқындардың саны 65 миллионнан асады.

Заңсыз көші-қон тасқыны әлемдік саясаттағы ахуалға елеулі ықпал ететін жаңа факторға айналды. Еуропаның Таяу Шығыстан ағылған босқындар мәселесін шеше алмауы ұлтшылдықтың күшеюіне алып келді. Нәтижесінде Еуропалық Одақ ішінде үлкен қарама-қайшылықтар пайда болып, Ұлыбританияның Одақ құрамынан шығуына тура келді.

Бұл ретте, әлемдік саяси және экономикалық жүйеде орын алған елеулі өзгерістер Еуропалық одақтың құрылуы мен соңғы ширек ғасыр ішінде қарқынды даму жолына түскен Қытайдың арқасында мүмкін болғанын мойындауымыз қажет. Еуразия құрлығының екі шетінде жаһандық әлемнің жаңа екі полюсі пайда болды, олардың өзара байланыстары құрлықаралық экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл орайда, әлемнің екінші экономикасына айналған Қытай өте белсенді және жемісті рөл атқарып келеді.

Осыдан 25 жыл бұрын БРИКС, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АСЕАН сияқты аймақтық ұйымдардың әлемдік саясатта атқаратын ауқымды рөлі туралы ойлаудың өзі қиын болатын. Ал, бүгінде аталған аймақтық құрылымдардың ұстанымдарымен санаспауға болмайды. Көпполярлық қазіргі әлемнің маңызды шартына айналды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық қатынастардағы орнына келсек, әмбебап күн тәртібімен ерекшеленетін бұл ұйымның маңызы күн санап өсуде, алдағы уақытта Үндістан, Пәкістан, Иран және басқа да мемлекеттердің ұйым құрамына кіруі - соның дәлелі.

1992 жылы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бүгінде біздің ұлан-ғайыр құрлығымыз үшін қауіпсіздік жөніндегі диалогтің ұтымды алаңы болып табылады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне Қытайдың төрағалық етуі және осы құрылымның 4-саммитінің Шанхайда табысты өткізілуі Кеңестің халықаралық аренадағы беделін айтарлықтай арттырды. Енді Кеңесті (АӨСШК) халықаралық ұйымға айналдыру жөнінде бірлесіп шешім қабылдау қажет. Бірақ, бұл өзара келісімді талап ететін ұзақмерзімді жұмыс екенін біз жақсы түсінеміз.

25 жыл бұрын халықаралық терроризмнің қарқыны қазіргідей емес, тек бас көтеріп жатқан кез болатын. Ал, бүгін бұл – жаһандық қауіпсіздікке төнген ең үлкен қатер болып табылады. Терроризмнің тамырына балта шабуға болатыны анық, ол үшін баршамыз күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет, бірақ, өкінішке қарай, Сирияның ахуалынан көріп отырғанымыздай, оған әзірге қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Адамзатқа төнген осы зұлымдыққа қарсы күллі мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру мақсатында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен Жаһандық антитеррористік желі құру туралы бастама көтерді.

Осыдан 25 жыл бұрын Сирия, Ливия, Йемен, тіпті, Ирак салыстырмалы түрде табысты мемлекеттер қатарында болатын. Қазір олар халықаралық шиеленіс ошақтарына айналып, әлемдік күн тәртібінің алдыңғы қатарына шықты. Осы ахуалда Ресейдің геосаяси рөлі арта түсті, ол өз әскерлерін Сирияға кіргізу арқылы Таяу Шығыстағы стратегиялық бастаманы өз қолына алды. Өзінің осы аймақтағы ықпалын Иран да күшейте түсті.

Ресеймен текетіреске түскен Украинадағы 2014 жылы орын алған оқиғаларға сенудің өзі қиын болғаны шындық.

1990-жылдардың басында белгілі ғалым С.Хантингтонның «өркениеттердің қақтығысы» зерттеуін сынға алу сәнге айналған еді. Алайда, ақиқатын айту керек, бірқатар көрсеткіштер бойынша бұл теория шындыққа айналды. Дау-жанжалдар мен келіспеушіліктер негізгі діндер арасында ғана емес, бір конфессия ішінде: шииттер мен сүнниттер, православтар мен католиктер арасында орын алуда. Бұл жағдайда Қазақстан Президентінің 2003 жылы ұсынған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы бастамасының аса өзекті екені сөзсіз. Барлық дін лидерлері жаһанға төнген сын-қатерлерді түбегейлі жою үшін белгілі саясаткерлермен, Мемлекет басшыларымен, үкімет басшыларымен және халықаралық ұйым басшыларымен бірге бір үстелдің басына жиналып, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.

2015 жылы маусым айында өткен Бесінші Съезд форумды жетекші діни және саяси лидерлер диалогінің деңгейіне көтерді. Съезд жұмысына тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқа да беделді саясаткерлер қатысты. Форум қатысушылары бесінші Съездің қорытынды құжатында «тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу» мақсатында діни лидерлердің саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен диалогіне қолдау көрсету жөнінде міндеттеме қабылдады. Құжатта «экстремизм мен терроризмге қарсы күрес діндерге және сол дінді ұстанушыларға қарсы соғысқа ұласып кетпеуі қажет» деген салмақты ескерту бар. Осылайша, Съезд қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне бірлесе төтеп берудің жолдарын іздестіретін лайықты диалог алаңына айналды.

Ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесінің маңызы да айрықша. Қазақстан Президенті ядролық қатерді азайту мәселесін жүйелі түрде ілгерілетуде. Парасатты және сындарлы саясаткер ретінде біздің Президентіміз қазіргі заманда толық ядролық қарусыздануға қол жеткізудің қиын екенін жақсы түсінеді, бірақ жаппай қырып-жоятын қаруды, ең алдымен ядролық қаруды таратуға жол бермеу үшін аянбастан бар күш-жігерімізді жұмсау қажет екеніне ерекше назар аударады. Мұндай қару ИГИЛ, «Боко Харам», «Шығыс Түркістан», «Аш-Шабаб», «Аль-Каеда» немесе «Талибан» қозғалысы сияқты халықаралық терроршылардың қолына түссе, не болатынын көз алдыңызға елестетіңіз. Онда әлемдік жойқын апат (катастрофа) болатыны сөзсіз. Біз Солтүстік Кореяның саясатына алаңдаушылық білдіреміз. Олардың тоқтамайтын ядролық қару-жарақ сынақтары халықаралық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді.

Құрлық ішіндегі стратегиялық орны ерекше Орталық Азияның қазіргі халықаралық қатынастардағы рөлі күшеюде. Аймақтағы ахуалдың тұрақты болуы айналадағы бірқатар мемлекеттердің, тіпті ядролық қаруға ие төрт мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан әлемдік алпауыт мемлекеттер Орталық Азияға айрықша назар аударуы тиіс, әсіресе бұл Ауғанстан түйткілін шешу шеңберінде аса өзекті. 90-жылдардың басында «Талибан» қозғалысының қауіп-қатерін, тіпті, дүниежүзінің басты астаналары жете бағалаған жоқ. Соның салдарынан Ауғанстан бүкіл әлемге қауіп төндіріп отырған тұрақсыздық көзіне айналды. Мемлекеттіліктің ойран болуы, терроризм, есірткі өндірісі мен тоқтаусыз соғыстан қашқан босқындар мәселесі күрмеуі қиын түйінге айналып, шиеленісе түскен. Таза судың тапшылығы, есірткі тасымалы, адам саудасы, шекарааралық өзендер мәселелері Орталық Азиядағы барлық мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін талап етеді.

Ширек ғасыр ішінде бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан да бар, үш қаржы дағдарысын бастан өткерді. Мұндай толқулар енді тұрақты түрде болып тұратыны анық. Бұл келешекте әлемдік экономиканың тұрақтылығын айтарлықтай шайқалтуы мүмкін. Сондықтан, экономикада қордаланған түйткілдерді саясатты араластырмай, мүлдем жаңа инновациялық жолдармен шешу қажет болады.

АҚШ-тағы президенттік сайлау биылғы күздің басты саяси оқиғасына айналды. Д.Трамптың жеңісі ұлтшылдықтың мемлекеттің ішкі саясатында басымдыққа ие болған жаңа құбылыс ретінде халықаралық қатынастар алаңына шығып отырғанын көрсетеді. Басқаша айтқанда, АҚШ-та болып жатқан оқиғалар әлемдік саясатқа және бірқатар елдердің ішкі ахуалына зор ықпал ететіні сөзсіз.

Ғылыми-техникалық дамудың нәтижелері ширек ғасыр ішінде адамзаттың өміріне түбегейлі өзгерістер енгізді. Бұл тұрмыстық өмірге ғана емес, қауіпсіздік саласына да қатысты. Жоғары технологиялардың дамуы мен оларды заңсыз пайдалануға байланысты орын алып отырған киберқауіп қазіргі құбылмалы заманда біздің зор алаңдаушылығымызды тудырып отырғаны шындық. Өткен ғасырдың соңында байланыс құралдары мен әлеуметтік желілердің қаншалықты кең тарайтынын елестетудің өзі қиын болатын. «Араб көктемінен» кейін «интернет-төңкеріс (революция)» ұғымы пайда болды. Саяси қолданысқа «кибертыңшылық» және «киберлаңкестік» деген жаңа сөздер қосылды.

Бүгінде біз ғылыми-техникалық дамудың сапалық жағынан жаңа дәуірінің алдында тұрмыз. Алдағы онжылдықтардың ішінде әлем түбегейлі өзгереді. Ең алдыңғы шепке дамыған мемлекеттердің санаулы бөлігі ғана шығады, олар технологиялық тұрғыдан мықты қозғаушы күш болатыны анық. Олардың ізімен ғылыми-техникалық жетістіктерді көшіріп, меңгеруге қабілетті орта деңгейде дамыған елдер жүрмек. Бірақ, мемлекеттердің басым бөлігі даму даңғылынан тыс қалып, әлем қауіпсіздігіне елеулі қатер әкелуі мүмкін. Ғылыми-техникалық ілгерілеу жұмыссыздықтың өсуіне алып келеді: жұмыссыздық деңгейі қазіргі 200 миллионнан 1 миллиардқа дейін өседі, бұл да әлемнің табысты және қауіпсіз дамуы жолында үлкен қиындықтар тудыратыны даусыз.

Қазақстан Оңтүстік Қытай теңізінде болып жатқан оқиғаларға үлкен алаңдаушылық білдіреді. Біз жерге қатысты барлық даулар бейбіт жолмен, серіктестік пен сындарлы келіссөздер арқылы шешілуі тиіс деп принципті түрде есептейміз. Жерге қатысты даулар кез келген мемлекет үшін аса маңызды шетін мәселе екені белгілі, сондықтан осындай дауларды реттеу кезінде халықаралық ұйымдар тиісті және әділ шешім қабылдап, барлық мүделлі тараптардың пікірін ескеруі қажет. Бұл Гаага аралық сотының үкіміне де қатысты жағдай. Аймақтан тыс тұрған мемлекеттер осындай жағдайларға араласуына хақысы жоқ деп сенеміз.

Біз халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Біріккен Ұлттар Ұйымы анағұрлым белсенді рөл атқаратынына зор үміт артамыз. Әмбебап және баламасы жоқ ұйым ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы адамзатқа төнген қауіп-қатерлерді әртараптандыруға ерекше назар аударуы қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымында жасалатын реформалар оның тиімділігі мен беделін көтеруі тиіс. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын қолдайды және оның қызметіне жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын.

Қазақстан алдағы екі жылда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады, бұл бізге «Ұлттар шаңырағының» негізгі органында өз күн тәртібімізді ұсынуға мүмкіндік береді. Қазақстан негізгі көкейтесті мәселелер, оның ішінде Сирия мен Украина және өзге де түйіндер бойынша дауыс беретін болады. Серіктестеріміздің қолдауымен барша адамзатқа ортақ игілік пен гүлдену жолында әлемді өзара терең түсіністік пен ынтымақтастыққа жақындату мүмкін болады деп сенеміз.

Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылады. Біріккен Ұлттар ұйымындағы Қытайдың рөлі айтарлықтай күшейді. Сіздердің елдеріңіз дүниежүзінің ең «қауіпті ошақтарына» өз бітімгерлерін жіберіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне елеулі қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Қытай әлем мойындаған экономикалық алып держава ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті түйіндері бойынша салмақты шешім ұсынатын негізгі мемлекеттердің бірі болып табылады. Сондықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде біз Қытаймен өзара белсенді іс-қимыл жасаймыз деп сенеміз.

 

Құрметті достар!

 

Бір айдан соң (3 қаңтарда) біз Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстардың 25 жылдығын атап өтеміз. Біздің халықтарымыздың арасындағы қарым-қатынастардың жаңа парағы дәл сол кезеңде ашылды.

Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың табысты дамуына біздің мемлекеттеріміздің діни экстремизм, сепаратизм және терроризмге қатысты ортақ көзқарастары зор ықпал етті. Қытаймен достық қатынастар орнатқан кезеңнен бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан «бір Қытай» позициясын берік ұстанып келеді.

Әрине, өзара табысты іс-қимылдардың дамуы, ең алдымен, Мемлекет басшыларының арасындағы сенімді диалогтің арқасы екені сөзсіз. 2002 жылы 23 желтоқсанда Пекинде Президент Н.Назарбаев пен Цзян Цзэминь Төраға қол қойған Ізгі көршілестік, достық және ынтымақтастық туралы шарттың маңызы ерекше. 2005 жылы 4 шілдеде Астанада Президент Н. Назарбаев пен Ху Цзиньтао Төраға Стратегиялық әріптестік орнату және оны дамыту жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойды.

Қазақстан басшысы мен Си Цзиньпин Төрағаның арасында өзара жылы шырайлы қарым-қатынастар орнады. Бүгінгі таңда екі ел көшбасшыларының қамқорлығымен біздің елдеріміз жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобалар Қазақстан-Қытай екіжақты қарым-қатынастарының аясынан шығып, құрлықаралық байланыстардың салмақты факторына айналды.

2013 жылы Астанаға сапары кезінде Си Цзиньпин Төрағаның бастамасымен ұсынылған Жібек жолы Экономикалық белдеуі жобасының Еуразия кеңістігіндегі сауда-экономикалық қатынастар үшін маңызы зор. Қазақстан осы алып жобаны ұлттық стратегиялармен және Еуразиялық экономикалық одақтың ынтымақтастық бағдарламаларымен байланыстыра отырып, өз аумағында жүйелі түрде жүзеге асыруды көздейді.

Өткен жылдан бері біздің елімізде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда, осы бағдарламаның шеңберінде 2020 жылға дейін Қазақстанда сәулелік принцип бойынша Астананы еліміздің басқа аймақтарымен байланыстыратын заманауи көліктік-логистикалық инфрақұрылым жасалатын болады. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізінің қазақстандық бөлігі аяқталу үстінде.

Біздің стратегиялық басымдық беретін бағытымыз - Қазақстанды индустриалды-инновациялық жағынан дамыту болып табылады, ол «Бір белдеу, бір жол» мақсаттарымен үндес. Біз үшін заманауи ғылыми-өнеркәсіптік технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Қытаймен ынтамақтастық аса маңызды. Алдағы бес жылдың ішінде 26 миллиард доллардан астам соманы құрайтын 51 бірлескен жобаны іске асыру туралы келісім - біздің елдеріміздің арасындағы өзара мүдделестіктің жарқын үлгісі болып табылады.

Қазақстан-Қытай серіктестігін нығайтуда ғылыми және мәдени байланыстардың орны ерекше. Екі ел халықтарының өзара қызығушылықтарының өсіп келе жатқанын ескере отырып, жастар арасында достық байланыстар орнатуды назардан тыс қалдырмау қажет. Студенттер және аспиранттармен алмасу үдерісінің кеңеюі қуантады. Қытайда он бір мыңға жуық қазақстандық студент білім алуда, әрі олардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл залда студенттеріміз отыр. Олар біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастыққа қызмет етеді деп сенемін.

Тұтастай алғанда, Қытай Қазақстан үшін маңызды серіктес болып табылады. Біз Сіздердің елдеріңізбен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және стратегиялық серіктестікті нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Біздің елдеріміздің «негізгі орталықтары» арасындағы өзара іс-қимылдарды нығайтып, бірлескен конференциялар өткізу тәжірибесін дамыта беру қажет. Екі елдің арасындағы ізгі көршілестік қатынастарды одан әрі жетілдіруге арналған Сіздердің ой-пікірлеріңіз бен ұсынымдарыңыз мемлекеттеріміздің тиісті ведомстваларының практикалық жұмысы үшін өте тиімді болады деп сенемін.

 

Назарларыңызға рақмет.

 

Ақпарат көзі: http://10.1.1.66/kk/senate/press-center/article/24581

 

Бөлісу