Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Ерік Сұлтанов: «5-10-20» бағдарламасы бойынша берілетін үйлерді тездетіп тапсыру керек

13.08.2020 0

Сенат депутаты Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысына барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен танысты. Облысқа қарасты аудандарға арнайы барған депутат жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Сенатор бұл салаға мемлекет бюджетінен жүздеген миллион теңге қаражат бөлінетініне мән беріп, жергілікті билік осы бағыттағы жұмысты ұдайы бақылауда ұстауға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, Ерік Сұлтанов жергілікті шаруа қожалықтарының біріне ат басын бұрып, минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың және бидай кептіретін орынның құрылысымен танысты.

Одан бөлек, сенатор облыс орталығында салынып жатқан нысандарды аралады. Нақты айтқанда, Петропавл қаласындағы 108 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйдің құрылысшыларымен кездесті. Жоспар бойынша аталған үй екі жылдан кейін ғана пайдалануға беріледі. Алайда, депутат бұл өте ұзақ мерзім екеніне назар аударды.

«Тұрғын үй құрылысын тезірек аяқтап, 2021 жылы тапсырған жөн. Бұл үй «5-10-20» бағдарламасы бойынша беріледі. Яғни, жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз, алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын және 20 жылға берілетін ипотека өте тиімді. Мұндай бағдарлама бұрын-соңды болған жоқ. Мұның бәрі халық үшін жасалып отыр», – деді сенатор.

Өз кезегінде құрылысшылар үй құрылысын мерзімінен бұрын аяқтауға дайын екендерін және ол жағдай сапаға ешқандай кері әсерін тигізбейтінін жеткізді.

Сонымен қатар депутат 500 орындық қазақ театрының құрылыс жұмысын арнайы барып көрді. Бүгінде үш қабатты ғимарат салынып біткен. Енді шатыр жұмыстары қалған. Осы ретте театрдың сәулетшілері залда дыбыстың тұнық естілуі үшін акустика мәселесіне ерекше көңіл бөліп, шетелдік мамандардың кеңесіне жүгінгенін айта кеткен жөн.

Қазіргі таңда облыс орталығында көптеген инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі Калинин атындағы бұрынғы зауыт. Бірнеше жыл бойы 100 мың шаршы метрге жуық жер өндірістік орын ретінде бос тұрған. Енді инвестордың қолдауымен бұл орында «Data center» орталығы құрылмақ. Осы ретте сенатор өңірдегі басқа да тұралап қалған нысандарды инвесторлар арқылы жандандырып, кәдеге жаратудың маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, ол нвестиция тарту үшін Қазақстанда тиісті заңнамалық база бар екенін де тілге тиек етті.

Бөлісу