Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

2016 ж. 15.04. заң газетіне "Кез келген ақшалы адам жерге иелік ете алмайды» атты тақырыпқа сұхбат.

18.05.2016 0

Заң  медиа

Бақтыбай Шелпеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Кез келген ақшалы адам жерге иелік ете алмайды»

 Бүгінде бюджет қар­жысының миллиардтап игерілмеуі, мақсатқа сай жұмсалмауы үйреншікті жағдайға айналды. Мұның себебі жайлы қоғамда пікір көп. Осы саланы көптен зерделеп, мәселелерін шешуге атсалысып жүрген заң шығарушы ұйымның өкілі әрі тәжірибелі экономист ретінде сіз қандай уәж айтасыз? Бұл синдромнан қа­лай құтылуға болады?
– Мен бес жылдан бері осы заң шығарушы ұйымның жо­ғарғы палатасында қызмет етіп келе жатырмын. Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті­нің мүшесімін. Сондықтан, бюджет қаржысының игерілуіне қатысты мәселелерге қанықпын. Қазіргі таңда қаржының жұмсалмай қалуы немесе мақсатқа сай игерілмеуі жылдан-жылға аза­йып келеді. Бұған, әрине, Парламент депутаттарының ықпалы аз емес. Он-он бес жылдың төңірегінде осы мәселе біздің тарапымыздан жіті қадағаланып, орын алған кемшіліктер үнемі айтылып келеді. Қайта-қайта сыналу, жауап беру кімге оңай дейсіз? Сондықтан да, Үкімет мүшелері қаржының дұрыс игерілмеу себептерін жою үшін барынша қызмет жасап жатыр.
Жалпы, бюджетті толыққанды игеріп, орындау заңға және Қаржы министрлігіндегі белгіленген тәртіпке байланысты жүзеге асады. Заң тұрғысынан біз, депутаттар, жыл сайын қажетті түзетулерді енгізіп, бюджеттің тиімділігін арттыруға дер кезінде пәрмен беріп отырмыз. Мәселен, Бюджет кодексіне бюджет қаржысының дер кезінде игерілуіне қатысты облыс әкімінің жауапкершілігін енгіздік. Сонымен қатар, құзыр­лы орындар үшін де осындай та­лап бекітілді. Тағы бір жасалған елеулі түзету бағдарламаларға қатысты жүзеге асты. Бізде бө­лінген қаржы бағдарламалардың ішіндегі бірнеше бағыттың кейбірі бойынша игеріліп жатады да, бірқатары бойынша қозғалыссыз қалады немесе тым баяу жұмсалып жатады. Оның да объективті, субъективті себептері бар. Осы жағдайды зерттеп, зерделей келе, біз Бюджет кодексіне қозғаусыз қалған ақшаның басқа бағытқа жұмсалуына мүмкіндік беретін өзгеріс енгіздік. Бұған бұрын заңнамалық негізде шектеу бар еді. Яғни, бөлінген қаржы заң бойынша айқындалған шараға ғана жұмсалатын. Енді жасалған түзетуге сәйкес оның 10 пайызына дейін жергілікті атқару органдары, бағдарлама әкімшілері басқа бағытқа ауыстыра алады. Бұл бюджет қаржысының тиімді игерілуіне едәуір ықпал етіп отыр.
Сол секілді «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңға өзгеріс жасалып, бюджеттік саладағы тексеру мәселесі бір жүйеге келтірілді. Соның арқасында енді бұл шара барысында тек қаржының мақсатқа сай жұмсалуын ғана емес, нәтижелілігін де тексеруге қадам жасалып отыр. Яғни, мұнда бағдарламаның тиімділігі, заңға сәйкестілігі қандай деген сұрақтарға нақты мәліметтер негізінде жауап алуға болады. Бұл енді Парламент тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаруа. Құзырлы орындар да, байқауымызша, бюджет қаржысының тиімділігін арттыру үшін ішкі тәртіптерін, ережелерін өзгертіп, жаңа талапқа бейімдеп жатыр. Қазіргі таңда осы жасалған жұмыстардың нәтижесі көріне бастады.
– Министрліктер мен әкімдердің аймақтың жағ­дайын білмеуі бюджеттің игерілу сапасына кері әсер ететіні жайлы пікір айтылып жүр. Жалпы, біздің шенеуніктердің біліктілігіне, іскерлігіне, ұлтжанды­лығына қатысты сын көп…
– «Әкімдер өзі басқарып отырған аймақтың жағдайын білмейді» деген пікірмен келісе алмаймын. Негізі, бұл тұрғыда министрлер мен әкімдер арасындағы байланыстың жоққа тәндігі жөнінде айту орынды болар. Менің байқағаным, министрлер және олардың орынбасарларының аймақтармен байланысы ойдағыдай емес. Бұның қандай себептері бар екенін білмеймін. Бірақ, бұл аймақтардың дамуына, ондағы өзекті мәселелердің шешілуіне елеулі деңгейде кедергісін тигізіпотыр. Соған орай, әрбір министрлік әр өңірдің жағдайына сараптамалық түрде қарап, оларға қатысты жүзеге асырылатын шараларды сол аймақтың табиғаты, халқының тығыздығы, өндірістік саласына қатысты айқындап, қабылдауы керек. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысының табиғаты екі бөлек қой. Олардың экономикасының бағыты да, өндірістік қуаты мен мүмкіндігі де бөлек. Өкінішке қарай, осы маңызды мәселе ескерілмей, бізде барлық аймақтар мәселесі бір қалыпқа салынып шешіледі. Түйткілді мәселелер осындай теңгерімдік принциптен туындайды.
Жалпы, министрліктегілер аймақтармен тығыз байланыс­та болып, оларға қажетті әдіс­темелік, ұйымдастырушылық кеңес беріп, қолдау көрсетіп отыруы керек. Мысалы, Елбасымыздың өзі өңірлерді аралап, ондағы халықпен кездеседі ғой. Сол секілді министрлер де бір жыл ішінде облыстарды аралап, олардағы барлық аудандарға болмаса да, шешілмеген мәселелері көп өңірлерге барып, жағдаймен танысып, олқылықтардың себебін зерделеуі керек. Осындай жұмыс бағдарламаларын қабылдап, шешімдер шығаруда, бюджет қаржысын жоспарлауда оң нәтиже берер еді. Біз мұны үнемі айтумен келеміз. Келешекте бұл мәселе ескерілетін шығар деген ойдамыз.
– Қазақстан өзі кірген бірыңғай экономикалық ке­ңістіктен не ұтты? Сіз­дің кейбір әріптестеріңіз кезінде бұл одақтан Қазақстан кедендік баж салығының 70 пайызын жоғалтатыны жайлы айтып еді. Отандық тауар өндірушілердің тағдырына алаңдаушылық та аз білдірілмеді. Экономист ма­ман ретінде осы ынтымақ­тастықтың пайдасын не­месе зиянын қалай бағам­дайсыз?
– Меніңше, біз қазір нарық­тық экономика жағдайында өмір сүріп жатырмыз деп айтқанымызбен, көбіміз оны түсініп, сезінбейтін сияқтымыз. Негізі, нарықтық экономика деген сөз осындай экономикалық одақтас­тықтарға ену дегенді білдіреді. Мұндай ынтымақтастық, әріптестік болмай, біз нарықтық экономика құра алмаймыз. Себебі, олар бәсекелестік деңгейді қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Біздің халқымыздың білім дәрежесі, іскерлік қабілеті өзге ешбір елден кем емес. Сондықтан, мұндай одақтастықтардан қорықпауымыз керек. Оған барынша бейім болып, кеңінен араласу керек. Бұл бізге өз мүмкіндігімізді саралау, жетілу, шыңдалуға мүмкіндік береді. Әрине, қиындықтар бар. Мысалы, біздің ортақ нарыққа ұсынатын тауарларымыздың сапасы мардымды емес. Соған орай, олардың өтімділігі төмен. Алайда, бұған қарап еңсемізді түсіріп, кейін шегінуге болмайды. Біз экономиканы әртараптандырып, индустриалды-инновациялық өндірісті өркендетіп, әлемдік нарықта өз орнымызды ойып тұрып алуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ. Халықтың жағдайын, экономиканы көтереміз десек осы бағытпен жүргеніміз дұрыс. Мұны қазір халық біртіндеп түсініп келеді. Өйткені, әр адамның, отбасының жағдайы қалтасындағы қаржыға байланысты. Қаржы деген – нарық. Ал, нарық бар жерде ынтымақтастық, әріптестік болатыны заңды. Өз алдына, жеке дара күн кешу нарықтың заңдылығына қайшы жағдай.
– Еліміз Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кірді. Бұл әлемдік ынтымақтас­тықта еліміздің құқығы мен мүдделері қаншалықты қорғалған? Біздің білуімізше, бұл ұйымға тән ортақ талапқа сай біз кейбір салалар: мәселен, ауыл шаруашылығына жасалатын мемлекеттік қолдау деңгейін азайтып, оны ұйым­ға мүше өзге елдердегі деңгейге сай етуіміз керек екен. Агроөнеркәсібі төрт ая­ғы­нан тең тұрған елдер үшін мұндай талап шыбын шақ­қан құрлы әсер етпес, ал, онсыз да әупірімдеп күн кешіп жатқан біздегі ауыл шаруашылығының жайы не болады деген алаңдау­шылық туады көкейде…
– Жалпы, ұйымға кірудегі мақ­саттың өзі еліміздің ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін шешу болатын. Нақтырақ айтар болсақ, ауылшаруа­шылық өнімдерінің көлемін көбейтіп, оның әлемдік нарыққа шығуын қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда бүгінде Үкімет субсидия, яғни, аграрлық секторға қайтарымсыз көмек қаржы беру арқылы салаға үлкен қолдау жасап отыр. Бірақ, осы шараның нәтижесі қандай болмақ? Өкінішке қарай, осы төңіректе ойландыратын мәселелер бар. Бұл біздің ішкі шаруамыз.
Жалпы, Дүниежүзілік Сау­да Ұйымына ену барысында жасалған келісімшарттар негізінде біздің еліміз үшін біраз жеңілдіктер жасалды. Рас, Дүниежүзілік Сауда Ұйымы өзіне мүше мемлекеттердің бәріне ортақ талап қояды. Қазір біздің шетелге мұнайдан өзге шығаратын тауарымыз жоққа тән болып отыр. Негізі, ел қызығатын дүние болса, басқа елдерге шығаруға мүмкіндік бар. Бірақ, оларға апарсақ алым-салық сынды төлемдер көлемі артады. Оны қосқан кезде біздің тауарымыз қымбаттап өтпей қалады. Ал, Дүниежүзілік Сауда Ұйымында әр ел осылайша өз қалауын істей алмайды. Онда ешбір мемлекет өз өнімін қалаған бағасымен нарыққа шығармайды. Ұйымның ортақ талабына бағынып, тауардың құнына әсер ететін төлемдерді бір деңгейде белгілейді. Бұл біз секілді тауарларының көлемі және сапасымен мақтана алмайтын елдер үшін алдағы уақытта өндірісін жетілдіріп, дамыту үшін үлкен көмек.
 Бүгінде «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Алайда, са­рапшылар «еліміздің бүкіл саласын қамтыған осы ма­ңызды міндетті орындауға қазіргі Үкіметтің білікті­лігі де, күші де жетпейді, сондықтан, бізге мұны жүзеге асыратын үкіметтік деңгейдегі жаңа құзырлы орын қажет» дейді. Сіздің пікіріңіз қандай? Бүгінде халықтың ең басты үмітіне айналған осы тарихи құжаттың жү­зеге асырылуы қалай жүруде?
– Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. «100 нақты қадамға» қатысты заңның бәрі Парламенттен өтті. Оған тағы өзгеріс­тер қажет болса, депутаттар бұл жұмысқа қашанда атсалысуға әзір. Негізі, аталмыш құжаттағы айқындалған міндеттер әр сала бойынша жұмыс істейтін құзырлы орынға тиесілі шаралар. Осы тапсырмаларды орындау арқылы ғана бұл ұйымдардың жұмысы көрінеді. Сондықтан, олардың бұл шараларды орындамауға қақысы да жоқ. Бұл үшін арнайы құзырлы орын құру арқылы қосымша шығынды көбейтеміз. Бұдан өзге түк ұтпаймыз. Заң бойынша бекітілген шаруаларды орындалмай қалады деп айта алмаймын. Ол іске асады. «100 нақты қадамда» түсініксіз, аспаннан алынған ешқандай мәселе жоқ. Барлығы халықтың өмірін жақсарту, экономиканы ілгері дамыту тұрғысында айқындалған міндеттер. Тек кері тартпай, Қазақстан хал­қын ортақ мақсатқа ұйыстыра білсек болғаны.
 Біздегі көп бағдарламалар, олардағы басымдықтар болашаққа арналады. Уәде негізінен алдағы бірнеше ондаған жылдың есебімен беріледі… «Ең жақсы күн – 
бүгінгі күн. Өткен күн – тарих, ал, болашақ белгісіз» деген тәмсіл бар. Осы тұрғыдан келгенде бүгін қи­налып отырып қашпаған сиырдың уызынан дәмету қисынсыз емес пе? Қоғамда бұған да қатысты қыжыл бар…
– «Қазақта үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген нақыл бар. Бұл тұрғыда қазақтың қай кезеңді меңзегенін білмеймін. Бірақ, бүгінгі таңда аталмыш уақыт алдағы 10-20 жылды қамтиды. Себебі, қазіргі таңдағы даму деңгейі өте серпінді болып отыр. Жалпы, бүкіл әлемдегі бұл үрдіс ерекше қарқынды жүруде. Сондықтан, жоспарды ұзақ уақытқа құрып, оған бағдаршам секілді ұмтылмаса болмайды. Мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Қазақcтан-2030 стратегия­ларын бағдарлама санатына қосқым келмейді. Өйткені, олар заң секілді құжаттар. Мектептер құрылысын жүргізу, жол салу секілді жұмыстарға бағытталған міндеттер бағдарламаларға топтастырылады. Ал, аталмыш стра­тегиялық құжаттар елдің келе­шегін, барар биігін, алар асуын айқындайтын күшке ие. Сондықтан, олардың бірнеше ондаған жылдарға бағытталуы заңдылық.
 Біздің елімізде сырттан инвестор тарту экономикадағы негізгі бағыттардың бірі. Соның арқасында бүгінгі таңда энергоресурс­тар саласының 70 пайыз­ға жуығында жатжұрттықтардың үлесі басым болып отыр. Енді біздің ауыл шаруашылығы саласына Қытайдан инвесторлар келуде. Ал, өзіміз үлгі тұтып отырған батыста «инвестиция – оқ атпай отар­лаудың бір жолы» деген ұғым бар екен…
– Дүниежүзілік Сауда Ұйымына ену, бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуроодақ сынды әріптестік ынтымақтастықтар және сіз айтып отырған инвес­тор – біртұтас мәселе. Себебі, инвестор қаржы құюшы деген ұғымды білдіреді. Мысалы, өзіңіз қарасаңыз, мемлекеттің даму деңгейін, мүмкіндігін онда тұратын әр адам басына келетін ішкі жалпы өнімнің көлемімен есептейді. Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 13 мың АҚШ долларына жетіп отыр. Осы көрсеткіштің көлемі артқан сайын халықтың жағдайы жақсара түседі.
Инвестор келді деген сөз – елімізде зауыт, фабрика сынды өндіріс орындары іске қосылып, бизнес дамып, ішкі жалпы өнім көлемі артты деген сөз. Жалпы, тек Қазақстан ғана емес, әлемнің барлық елдері инвестор тартуға мүдделі. Сондықтан, инвесторсыз нарық заманында экономикаға серпін беру мүмкін емес. Оның келуі арқасында өндіріске жаңа технология енеді, өнім көлемі артады, жұмыс орны көбейеді, бюджетке төленетін салық артады. Инвесторлар көп болған сайын елдің даму деңгейі жоғарылайды. Ол болмаса, өз сорпамызда өзіміз қайнап, экономикадағы әлемдік үдерістен сырт қалып, жаңа технология, озық дүниеден мақұрым болып отырамыз. Дамуды, алға жылжуды мақсат ететін ел барлық байланыстарға, ынтымақтас­тықтарға ашық болуы керек. Инвестор да осындай тиімді әріптестіктің бір жолы.
– Осы ретте тағы бір мәселенің шеті шығады. Жалпы, сырттан инвес­тиция тартудың негізгі мақсаты елдегі қаржы тапшылығын жою екенін айту артық. Бірақ, біздің өзге жұрттың осындай қамқорлығына ділгір болатындай жөніміз жоқ секілді. Елімізден офшорға кетіп жатқан қаржы миллиардтаған доллармен саналады. Жуырда ғана белгілі болған, сонау Панамаға жасырылған мол қаржының арасында да біздің елге тиесілі дәулет аз емес көрінеді…
– Жалпы, офшорлы аймақтар бүгін пайда болған жоқ. Олар бұрыннан бар, алдағы уақытта да бола береді. Шын мәнінде әлемдегі көптеген елдердің даму тарихы осы офшорлық ай­мақ­тармен тығыз байланысты. Мысалы, Америка, Сингапур, Малайзия елдеріне инвести­циялар офшордан келіп, бұл мемлекеттер соның арқасында дамыды. Бұл жерде офшорға кетіп жатқан қаржылар қаншалықты заңды деген мәселе бар. Мұны анықтау тиісті құзырлы орындардың шаруасы. Сондықтан, бұған қатыс­ты мен ештеңе айта алмаймын.
– Жердің сатылатыны жөніндегі Үкімет шешімі қоғамда үлкен алаңдаушы­лық тудырып отыр. Кез келген ақшалы азаматтың ол мейлі қазақстандық, мей­лі шетелдік болсын жер­ге иелік етуі көңіліңізге қорқыныш ұялатпай ма? Жер сауып күн көрген қара халықтың жайы не бол­мақ? Ойыңызбен бөліссеңіз…
– Еліміз жерге бай ғой, шү­кір. Осы уақытқа дейін оны саудаға түсірмейміз, игеріп пайдаға жаратамыз деп кооперация, жалға беру арқылы халыққа ұсынылып келді. Алайда, бүгінде белгілі болып отырғандай, бұның оң нәтижесі болмады. Жер дұрыс пайдаланылмай немесе оның шағын бөлігі ғана кәдеге жаратылып, қалғаны иесіздіктен тозып кетті. Тіпті, дені игерілмей жатыр. Өзіне тиеселі дүние болмағандықтан, бүлдіріп жатқандар да аз емес. Жерді сатып, оны нақ иесіне беру туралы шешімнің қабылдануына осындай жағдай себеп болып отыр. Бұған қатысты заңды Парламенттің қос палатасында қарау кезінде барлық мүдделі ұйым өкілдері, аймақ басшылары қатысып, өз ойларын білдірді.
Бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жан-жақты зерделеніп қабылданған шешім. Сондықтан, одан келер ешбір зиян жоқ. Өйткені, жер жаппай сатылмайды. Тек егін салып, мал бағып жүргендерге бекітілген алқаптар солардың еншісіне басыбайлы беріледі. Сөйтіп, олар сол жер телімдері үшін өз мо­йындарына жауапкершілік алады. Игерілмей, пайдаланылмай жатқан жерлер босатылады. Бұл жерде шетелдіктерге жер сату жөнінде шешім жоқ. Олар тек жалға ала алады. Мұның өзінде де жер жатжерліктерге бірден ұсыныла салмайды. Олардың бүкіл мәліметтері, қызмет жолдары зерттеліп, анықталып қана беріледі. Кез келген ақшалы адам жерге иелік ете алмайды. Бұл мүмкіндік сол жерден өнім өндіре алатын, онда елге пайдалы өндіріс аша алатын іскер жандарға ғана туады. Сондықтан, жұртшылықтың алаңдауына еш негіз жоқ. Мұның бәрі жерімізді қорғау, табиғи мүмкіндігін сақтау, пайдасын ел игілігіне жарату мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

 

Бөлісу