Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Жамбыл облысындағы жүздесулер

09.01.2020 0

Парламент Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров 2020 жылдың 8 – 10 қаңтар аралығында Жамбыл облысында жұмыс бабындағы сапарымен болды.

Сапар барысында облыс активімен және жұртшылық өкілдерімен кездесті. Жүздесу барысында жиналғандарды заңнамаға енгізілген өзгерістерімен таныстырды және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму келешегін, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру мәселелерін талқылады.

Қайрат Қожамжаров облыс жұртшылығын Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуымен құттықтады және Еуразия тарихы мен Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы аймақтың маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ ішкі тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызы зор екенін атап өтті.

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтары мен оның жүзеге асу барысына жұртшылықтың назарын аударды. Сондай-ақ «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдамасы аясында әр азамат өзінің мұң-мұқтажын депутатқа жеткізе алатынын, ал олар өз кезегінде талап-тілектеріне жедел әрі сындарлы жауап беруге атсалысатындарын еске салды.

Сапардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатымен танысып, өткір проблемаларды тыңдау болды. Қабылданған жаңа заңдарға тоқтала келіп, олардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналғанын айтты. Жүздесуде бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқылау болды.

Сапар барысында Жамбыл облысының прокурорымен, прокуратураның бөлім басшыларымен және облыстың құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесті.

Кездесуде кейбір заңнамалық актілерге, қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды жетілдіру және жеке тұлғаның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды талқылау басты тақырып болды.  

Қайрат Қожамжаров кәмелет жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, браконьерлік, нашақорлық, мал ұрлығы, масаң күйде көлік жүргізу, қайталама қылмыс және сол сияқты қоғамға қауіпті т.б. құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылықтың күшейгендігі туралы өзгерістермен қатысушыларды ақпараттандырды.

Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер және тергеу соты беретін санкциялар бойынша жергілікті құқық қорғау органдары арасында қандай қиындықтар туындап жатқанын сұрастырып, жан-жақты талқылады.

Жалпы, сенатор мен жергілікті құқық қорғау органдары басшыларының арасында тиімді пікір алмасу өтті. Қатысушылар аталған заңнамаларға енгізілген өзгерістер уақтылы екендігін тілге тиек етті.

Бұдан соң Қ.П.Қожамжаров Жамбыл облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығының, Жаңадан ашылған «Фронт офисінің» жұмысымен танысып, ондағы қызметкерлерімен кездесті.

Департаменттің жеке құрамымен ашық кездесу барасында Қ.Қожамжаров қылмыстық, қылмыстық-процестік, әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне енгізілген өзгерістер туралы баяндама жасады.

Сенатор өз баяндамасында қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, түрме халқының санын азайту  қоғам үшін өте маңызды екенін атап өтіп, алайда аталған реформалар қылмыстарды қайтадан жасайтын құқық бұзушыларға, өлімге әкеп соқтыратын қылмыстарға, терроризмге, экстремизмге және кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарға қатысты еместігін айтып өтті.

Полиция қызметкерлері өз пікірлерін айтып, ұсыныстарымен бөлісіп, сондай-ақ басқа да әлеуметтік сипаттағы мәселелерді талқылады.

Сондай-ақ, Қайрат Қожамжаров Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысымен, сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штабының жеке құрамымен кездесу өткізді.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлеріне жүктелген міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, Сенат депутаты Қайрат Қожамжаров әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейіне, қазіргі заманғы қару-жарақпен жарақтандыруға, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейіне және олардың барлық жабдықталым түрлерімен қамтамасыз етілуіне қызығушылық танытты.

- Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің өкілі ретінде мен әскердегі істің шынайы жағдайын білуге және қажет болған жағдайда орын алған мәселелерді заң шығару деңгейінде шешуге ықпал етуге мүдделімін, – деп атап өтті ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров.

Сенаторға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілерінің айтуынша, қарулы күштерде, атап айтқанда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері уақтылы және толық көлемде шешіледі, әскерлерге жоспарлы түрде заманауи қару-жарақ пен әскери техника түседі, әскери қызметшілер лайықты ақшалай қаражат алады, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі белсенді жұмыс істейді деп растады.

Аймаққа сапар аясында сапалы өнім өндіретін, әрі қарқынды дамып келе жатқан «Аса-ДАМУ» құс фабрикасының өндірісімен танысып және фабрикадағы жұмыс орындарымен қамтылған ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайымен де танысып өтті.

Сапардың бірінші жұмыс күнінің соңында, Қ.Қожамжаров Жамбыл ауданының орталығындағы «NurOtan» партиясы аудандық филиалында аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бөлісу