Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Санкт-Петербург Халықаралық мәдени форумы

14.11.2019 0

2019 жылы 14-16 қарашада Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық мәдени форумға барып келдім.

Бұл форумға әлемнің 96 елінен өкілдер қатысты. Форумның жабылу салтанатына арналған жиынға Ресей Үкіметінің басшысы Д.А. Медведьев келіп қатысты және сөз сөйледі.         

Аталған форум осымен сегізінші рет өткізіліп отыр екен. Әлемдік дамуда Мәдениет саласының орны ерекше. Мәдениет мемлекеттер арасын жақындастыруда үлкен рөл атқаратыны белгілі. Осы ретте Халықаралық мәдениет форумы өзінің тақырыбы мен көтеретін мәселелері жағынан ірі халықаралық шараға айналғанына куә болдым. Жыл сайын түрлі тақырыптық мәселе бойынша пікір алмасу алаңы 35 мың қатысушыға көбейіпті. Бұған көптеген шетелдік меймандардың, мәдениет пен өнердің жетекші тұлғаларының, мәдени ведомство басшыларының, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінің қатысуы форум мәртебесін көтергенін айта кеткім келеді.

«Профессональный поток» деген мәдени іс-шаралар бағдарламасы 14 секцияға бөлінген. Панелдік пікірталас алаңдарында кино, білім беру, театр, бұқаралық коммуникация, мәдениет және қоғам, әдебиет және оқу, музейлер мен көрме жобалары, мәдени мұраларды сақтау туралы дискуссия болды. «Культурные коды в условиях глобализации» деп аталатын негізгі дискуссия алаңына бастан-аяқ қатыстым.

Форум аясында «Культура 2.0» деп аталатын ашық лекторий ұйымдастырылды. Мұнда мәдениет саласындағы ең соңғы жаңа технологиялық жетістіктер жарияланады екен. Былтырғы форумда  Санкт-Петербургте Халықаралық театр Олимпиадасын өткізуге шешім қабылданған көрінеді. Осы Олимпиада шеңберінде шетелдік және ресейлік озық қойылымдар көрсетілді.

Ресейде 2019 жыл – «Театр жылы» деп жарияланған екен. 2019 жылғы театр Олимпиадасының жабылу салтанаты да осында өтті.

Бүкілресейлік «Меценат года» сыйлығы – «Меценат года», «Прорыв года», «Особый вклад в развитие россиийской культуры» үш номинация бойынша берілді.

Мәдениет саласындағы халықаралық және өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған көптеген келісім-шарттарға қол қойылды.

Маған ұнаған нәрсе: Бірінші, «Культура. Гранты России» дейтін  /grants.culture.ru/ порталы жұмыс істейді екен, онда федералдық, региондық, муниципалдық және жеке гранттар бойынша түрлі жобаларға қаржылық қолдау жасалады. Бұған Ресей Федерациясының 85 субьектісі қатысады, 1,2 миллиард сом өзекті гранттарға бөлінеді екен.

Екінші, Ресей Мәдениет және спорт министрлігі
А. Луначарский атындағы сыйлық тағайындаған. Бұл сыйлық мекеме басшыларына емес, мәдениет пен өнер саласындағы қарапайым қызметкерлерге арналған. Өз ісіне берілген реставратор, архив қызметкері, кітапханашы, балетмейстр, костюм дизайнері, аудиоөнер, цирк қызметкері, концерт ісін ұйымдастырушы, сахна безендіруші сияқты мамандық иелері марапатталды.

Осыған байланысты Қазақстан бойынша мәдениет пен өнер қызметкерлеріне арналған  - оның ішінде балетмейстр, кітапханашы, аудиөнер саласы мамандарына -Т.Жүргенов атындағы, театр, цирк, концерт ұйымдастырушыларына - Илияс Омаров атындағы, реставратор, костюм дизайнері, ұлттық қолөнер мамандарына - Өзбекәлі Жәнібеков атындағы сыйлықтарды белгілеп, жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында марапаттау үрдісін енгізген дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Жалпы алғанда Халықаралық мәдени форум өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстан тарапынан Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері болуы керек екен, өкінішке қарай тиісті саладан ешкім қатысқан жоқ. Бұған Ресей Мәдениет және спорт министрі В. Р. Мединский мырза қатты қынжылыс білдірді.

Сонымен бірге, Халықаралық мәдениет форумы аясында, Ресей этнография музейінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», және «Ұлы Даланың жеті» қыры бағдарламалық мақалалары шеңберінде   Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі «Қазақстанның алтын мұралары» көрмесін өткізді. Осы көрменің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледім.


Бөлісу