Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ – ҰЛТ АЛДЫНДАҒЫ АДАЛДЫҚ

19.03.2020 0

Отыз жылдық тарихында «Ана тілі» газетінде өзекті сұхбаттар легі үзбей жарияланып келді. Мемлекеттік тілдің тағдыры, қоғамның әдеби-мәдени тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-саяси өмір көрінісі, экономикалық жағдай, белгілі тұлғалар мен қарапайым адамдардың өмірлік тәжірибесі – басылым назарынан қалыс қалған емес. Бүгінгі күні де сол жолды жалғап, «Ана тілінің сұхбаты» айдарын нөмір сайын ұсынып жүрміз. ­Арнайы мерекелік санымызда белгілі қаламгер-журналист Нұртөре Жүсіп ел мен жердің жайын былай толғайды…

– «Хан баласында қазақтың хақы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Әлихан Бөкейханның сөзі көптің есінде. «Халыққа қызмет» ету қазір кімнің мойнында? Ол қызметті қалай өлшейміз?
– Бұл сөздің мағынасы терең. Әрбір мемлекеттік мекеменің маңдайшасына, болмаса әрбір мемлекеттік қызметкердің үстелінің үстіне жазып қоюға болатын қастерлі пайым. Абай он тоғызыншы ғасыр мен жиырмасыншы ғасырдың түйісер тұсында келе жатқан дәуірдің қазақ баласы үшін оңайға соқпайтынын анық сезінген адам. Қазақты білім алуға, кәсіп меңгеруге, заманға бейімделіп өмір сүруге бағыттауға ұмтылды. Абай тәлімін алған Қазақ оқығандары ­тарих сахнасына шықты. ХХ ғасырдың 20-жылдары Әлихан, Ахмет, Міржақып пен Мағжан сынды Алаш зиялылары қазаққа қызмет етудің жолы мінезден екенін барша жан-жүрегімен сезінді. Ресейдегі өзгерісті ел мүддесіне пайдаланудың әрекетін жасады. Тарихтан білесіз, ол замандағы ұлт тұлғаларының әрқайсысының да арман-мұраты халыққа қызмет ету еді. Ол қызметті Алаштың әрбір ардақтысы өз пайым-түсінігі тұрғысынан, алайда шын, адал жүрегімен көрсетті. 37-нің қанды қасабынан аман қалмаған олардың әрқайсысының атын атап шығуға болар-ақ еді. Жоғарыда аты аталған арыстармен қатар, Мұстафа Шоқай болсын, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллиндер болсын, олардың бәрі де елге қызметін аямағанын бүгінгі күні есімізден шығармауға тиіспіз. Олардың әрқайсысы өзі дұрыс деп есептеген бағыт ұстанды, шамалары келгенше қазаққа қызмет етті…
ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарының елге қылған қызметі көптің әлі есінде. Ыстанбұл, ­Петербор, Мәскеу, Қазан, Уфа, ­Орынбор, Новосібір секілді алыс-жақын шаһарлардан білім алған олардың саны бес мыңға да жетпейтін. Өткен ғасырдың ­басында Ахмет Байтұрсыновтың ­айтуында алты миллион қазақ бар едік. Сол алты миллионның ішінен бес мыңға жетер-жетпес оқыған адам шығып тұр ғой. Олардың алғашқы легінде тұрған үш жүз арысты алыңыз, қазіргі біздің кадрлық резервте тұрған үш жүз жас ­кадрды алыңыз. Айырма бар ма? Алаштың үш жүз оқыған адамы кез келген үкіметті басқарып кете алатындай қабілетті, ­сауатты және барлығы да халқын шексіз сүйген қайраткер ­болатын. Олар мемлекет жолында өмірін құрбан етті.
Сол бес мың оқыған азаматты қазіргі, ХХІ ғасырдағы «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып келген жастармен салыстырайықшы. Олардың жалпы саны он мың адамның ар жақ, бер жағында. Орта есеппен он мың деп алайық. ХХ ғасырдың басында бес мың адамның иығына артылған жүк, ХХІ ғасырдың басында он мың адамның мойнында тұр деп есептейік. Отансүйгіштік пен елге қызмет ету жағынан алған кезде сол бес мың мен он мыңның арасында айырмашылық бар ма?
Бұрынғыға қарағанда қазіргі жас­тардың көзі ашық, технологиялық, тілдік тұрғыдан мүмкіндіктері көптеу. Бірақ ХХ ғасыр басындағы бес мың адамның ішінен кез келген қазақстандық Әлиханды, Міржақыпты, кем ­дегенде жиырмасын санап бере ­алады. Ал қазіргі он мың адамның ішінен халық кімді осылай санап, айтып бере алады? Иә, олардың еңбегі бүгін-ертең байқала қалмас, бірақ сонда да санап көрейікші. Бауыржан Байбек, Алтай Көлгінов, Рауан Кенжеханұлы сияқты аздаған азаматтардың ғана аты аталады.
Әлихан айтқан «Елге қызмет ­етпей қоймаймын» деген сөзді осы он мың адамның қаншасы үлгі ретінде ұстанады деп ойлайсыз? Мен осы сұрақтың жауабын таба алмаймын. Иә, «Болашақ» тамаша, үлкен бағдарлама, Елбасының жастарға жасаған ерекше қамқорлығы. Шетелдік жетістіктерді, ғылым-білімді қазақтың ыңғайына пайдаланудың оңтайлы жолы да осы «Болашақ» бағдарламасы. ­Ендеше, сол «Болашақпен» оқып келген азаматтардың ішінде мемлекеттік тілімді құрметтеймін деп, қазақ тілінде таза сөйлейтін, жаза алатын, ойын толық жеткізуге қабілетті азамат саны қанша? Әлиханның сөзімен айтсақ, қазаққа қызмет ету – ұлтқа қызмет ету ғой. Мемлекеттік тілде жазып, сол тілге өмірін байлаған, сенімін, білімін, үмітін мемлекеттік тілмен қамшының өріміндей қатар өрген азаматтар осы топтан көбірек шықса деген тілек бар. Қазір жастар бұрын қазақ ­армандап, қолы жетпеген ­жерлерге барып, білім алып жүр. Бірақ сол азаматтардың жүрегіндегі отаншылдық сезімі, ұлтын сүюі қандай деген сұраққа ­жауапты әлі бере алмай жатқан сияқтымыз. Ондай ­жауап табылса, біздің қоғамның алға жылжуынан, күнделікті тірліктен айқын көрінер еді.
Ұлтқа қызмет етудің екінші қыры – ұлтты сүю. Осы күні ұлтын сүйген адамға ұлтшыл деп айып таға салады. Ұлтшыл деген сөзден қашып, ұлтжанды деген ұғым енгіздік. Адам ­итжанды болуы да мүмкін ғой. Ұлтжанды мен итжанды деген сөзді қатар қойсаң, ұлтжанды деген сөздің қадірі кетіп қалады. Кез келген ұлтқа тиесілі ­азамат ұлтын сүймей тұра алмайды деп ­ойлаймын. Оған қызмет ету деген не? Ең бірінші – ұлт алдындағы адалдық. Елге адал болу, жерге адал болу, тілге адал болу, мемлекетке адал болу, ісіңе адал болу – сенің ұлтқа қызметің. Екінші – тазалық. Коррупция деген сөзді сыбайлас жемқорлық деп аударып алдық қой. Меніңше, коррупцияның аясы сыбайлас жемқорлықпен ғана шектелмейді. Міне, коррупциядан құтылу үшін әр азаматтың таза болмағы маңызды. Қазақ өкіметін ұзақ жыл басқарған Нұртас Оңдасынов «Біріншіден, қаншама жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – Арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіпті ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – Жүзім таза!» дейді. Нұртас Оңдасыновтың тазалыққа қатысты осы үш өлшемі бәріміздің қаперімізде тұратын дүние. Осы үш сөз қазаққа қызмет етудің негізгі тетігі дер едім.
– Ендігі сұрақ тікелей қазіргі ­қыз­метіңізге байланысты. Осы күні Парла­менттің тып-тыныш екенін, ­талас-тартыс, талқылардың үні көпке естілмейтінін айтатындар көп. Бәлкім, ол таластардың жайынан хабардар емес шығармыз? Заңдар қабылданғанда, басқа бір шешімдер шығарылғанда дәл өзіңіз қай нәрсеге баса көңіл бөлесіз?
– Парламенттің жұмысы талқылау­дағы қым-қуыт айқай, жаға жыртар талас-тартыстармен өлшенбейді. Заңы үстем елдер барлық мәселені талас-тартысқа жеткізбей, зайырлы жолмен шешіп отырады. Қазақстан Парламенті қос палатасының – Мәжілістің және Сенаттың жиындары мен ­отырыстары қазір онлайн режимде көрсетіледі. Талқыланып отырған мәселеге қай депутаттың қалай араласқанын кез келген адам бақылай алады.
Дегенмен, «осындай жұмыс істеп отырмын» деп күніге жаһанға жар салудың қажеті жоқ. Негізгі мәселе – елдік, мем­лекеттік мүддеге тікелей қатысты. Қара­латын заң жобаларының оңтайлы, халыққа ұғынықты және бірінші кезекте оның жұмыс істеуі аса маңызды.
– Сенатқа келгенде өзіңіз ең алдымен қандай заңдарға назар аудардыңыз?
– Жұмысқа кіріскенде, бірінші ­назар аударғаным – заңның мемлекеттік тілдегі нұсқасы. Тәуелсіздік алғанымызға келесі жылы отыз жыл толады, отыз жыл ішінде екі-ақ заң мемлекеттік тілде қабылданған. Біріне бастамашы Әкім Ысқақ болған, екіншісінің ­бастамашысы – Фариза Оңғарсынова. Міне, осы екі заң ғана мемлекеттік тілде бастан-аяқ әзірленіп, талқылаудан өтіп, қабылданған. Мемлекеттік тіліміздің заң жазуға, қабылдауға қауқары жете ме, жетпей ме? Бұл мәселеге ­байланысты біздің комитет бастамашы болып, өткен жылдың қараша айында тілші, лингвист ғалымдарды, заңгерлерді, Үкіметтің, Мәжіліс пен Сенаттың ­аударма қызметінде жүрген мамандарды, Тіл-Қазына орталығы мен Тіл білімі институтының мамандарын қатыстыра отырып арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Мемлекеттік тілде заң қабылдауға қауқарымыз жете ме, жетпей ме? Жетсе, ол заңды қалай жасаймыз дегенді кеңінен талқыладық.
Осы кезге дейін заңдардың аудармасына байланысты көп сын айтуға болады. Терминдер әр заңда әртүрлі аударылған. Әр терминнің бірнеше баламасы қолданысқа еніп кеткен. Заң бәріне ортақ, түсінікті болуы ­керек. Осы тұрғыдан алсақ, бізге заң тілі ­керек. Мемлекеттік тілдің қуатын заң шығару саласында толық пайдалану басты мұраттың бірі.
– Елімізде жарық көрген бірталай газеттің басшысы, танымал журналист ретінде сізден сұрағымыз келеді. Осы күні газеттің болашағы жоқ дейтін, баспасөздің тағдырын бір ауыз сөзімен кесіп-пішіп, шешіп қоятындардың қатары көбейді. Бұл туралы не дейсіз?
– Осындай «болжамды» естіп келе жатқанымызға біраз ­болды. Тіпті құлақ сарси бастады. ­Интернет келгелі ­газеттер өмір сүруін тоқтатады, оның ­орнын әлеуметтік желі, смартфон ­басады деген пікірді естіп келеміз. ­Алайда технологиялық тұрғыдан алға кеткен Жапонияңыз да, Оңтүстік Кореяңыз да, көрші Қытай да газеттерін өртеп тастаған жоқ қой. Олар оқу мәдениетін жоғалтқан жоқ. Бізге керегі оқу мәдениеті емес пе? Оқуға, білімге ­деген қазақтың құштарлығы ХІХ ғасырда Ыбырай, Шоқан, Абайлардан басталып, ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарымен жалғасқанын бәрі біледі. Қай елді алсаңыз да кітап, газет, журнал оқу – мәдениетті адам болудың бір белгісі.
Иә, қазір газеттердің шығыны көп деген көзқарас бар. Газет-журнал шығаруға жұмсалатын қаражат бір күнде қайтарым бермейді. Бұл – ұлттың ішкі қуатын күшейтетін дәрі іспеттес нәрсе. Иммунитет деген бар ғой. Ұлттық басылымдар – ұлттың иммунитеті! Күнделікті тұтынасыз, қолданасыз. Қарныңыз ашса – нан жейсіз, тамақ ішесіз. Ал рухани тұрғыдан азықты кім береді? Ұлттық басылымдарға ұлт дәрумені ретінде қарау қажет. Сізге ­айтайын, газет шығарудың бірнеше бағыты бар ғой. Ақпараттық бағыт дәл қазір газеттердің негізгі тақырыбына айналмауы керек. Өйткені қазір ақпаратпен ешкімді таңдандыра алмайсыз. Бұрын газеттің алдын телевидение, радио орап кететін. Қазір телеарналардың өзі онлайн режимде жұмыс істей бастады. Ақпараттың жылдам таралуына ештеңе кедергі болмай отырған бүгінгі күні тек қана жаңалықпен оқырманды баурай алмайсыз.
Ендігі бағыт қандай болады? Ол – ағартушылық бағыт. Экономикалық, қаржылық сауатқа қатысты әлі күнге дейін көтерілмеген мәселе қаншама? Бюджет, ақшаның құнсыздануы, инфляция, стагнация, биржалық бағамдардың өзгеруі, мұнай, алтын, халықаралық қор биржасындағы бағаның қалай түзіліп, қалай құбылатыны, оған қатысты ­валюта бағамдарының өзгеруі кәсіпкер үшін де, тіршілігін жүргізіп отырған адамдар үшін де маңызды. Бұл экономикалық тұрғыдан айтып отырған мысалым ғана. Ғылым, білімде де, даму мәселелерінде қозғалуға тиіс жайттар шаш етектен. Тағы бір мәселе, осы кезге дейін ақпа­раттың көбісін, негізінен, орыс тілінде алып келдік. Бұл күнде ағылшын тілін меңгерген қазақ жастары көбейді. Әлемдік, халықаралық жағдайларды сол тілдегі ақпарат көздерінен тікелей алып, талдап, халыққа ұсынсақ ұтарымыз көп.
Бұл орайда танымдық бағытты да естен шығармаған абзал. Оның ішінде тарихқа, руханиятқа, мәде­ниетке, өнерге, әдебиетке, психо­логияға қатысты салалардың бәрі де оқырман үшін өзекті. Тарихи ­тұл­ғаның белгілі-белгісіз деректері де ­газет оқырмандары үшін аса маңызды ғой. Ілияс Жансүгіровтің он сегіз қолжазбасы ­табылып, жарық көргенін жыл ­басында айтып, жазып жатты. Солардың әрқайсысын неге талдап жазбасқа?
Гамлеттің сөзімен айтқанда, қазақ газет­терінің жағдайы «Болу, не ­бордай тозу» деген мәселеге тірелгендей. Бұл жайтты өзіміздің құзырлы министрлік те түсініп, бағамдап жатқан тәрізді. ­Министр Дәурен Абаевтың мәлімдеуінше, бұрын санға мән берілсе, енді сапаға көңіл бөлінеді. ­Демек, ендігі таңда баспасөздің контенті уақыт талабына қарай өзгереді. Сапалық өлшемдермен өзгеріс жасалса, газеттердің де ғұмыр жасы ұзарады.
Сайтқа қатысты да өз ойымды білдіре кетейін. Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа – құстың қос қанатындай нәрсе ғой. Әйтсе де, Қазақстандағы кез келген сайттың алғашқы бетін ашып қарасаңыз, бәрінде ұқсас тақырып, бәрінде бірдей оқиға. Осы қызық па? Тұтынушы бір емес, бірнеше дереккөзден ақпарат алуға тырысады. Салыстырып қарайды. Бір-бірінен көшіріп алған ақпаратпен ұзаққа бар алмаймыз. Газеттің ұтатын жері қайсы? Газет түрлі дерек, ақпарат, мәлімет атаулының барлығын сүзгіден, тексерістен өткізіп жариялайды. Мәселені жан-жақты, толық зерттеп барып көпшілікке ұсынады. Осы жерде сайттардың әлсіз тұсын да айта кетейін. Вирустың, техникалық ақаулардың салдарынан тұтас ұжымның бірнеше жылғы еңбегі бір күнде жоқ болуы мүмкін. Архивті сақтау, мұрағат ­материалдарын сақтандыру мәселесі бізде өте қорғансыз деуге болады. Өткен жылдың соңында «Айқынның» архиві ұшып кетті деп естідім, жаным ауырды. Онда күллі ұжымның жанын салып жасаған, жазған, көтерген еңбегі, ­жазбаша контентпен қоса, бейнежазба, аудиожазба да сақтаулы еді ғой. Жинақталған дүние бір сәтте жоқ болып кетті. Сонда не ­болды? Есіл еңбек желге ұшқанмен бірдей емес пе? Ал газетті жүз жылдан кейін де тауып аласыз. Өзі сарғайса да сөзі сарғаймайды.
Егер өркениетті елдің көшінде боламыз десек, ол өркениетке кітап, газет, журнал бізбен бірге еріп барады. Жас толқын оларды тастап, өз жолымызды табамыз десе, бұл қателіктің жолы деп есептеймін.
– Мемлекеттік қызметтің ауырт­палығы мен жүгі оңай емес. Қалам ұстаған жан есебінде шығармашылық жос­парыңыз да бар шығар. Қызмет ­бабымен жүріп әуел бастағы «сөз өнеріне» берген сертіңіз сырт қалып қалды деп ойламайсыз ба?
– Дерт те, серт те – бәрі қатар жүреді. Шы­ғармашылық жұмыс, мойындау керек, бұрынғыдай емес – баяулады. Еркіндеу уақытта қолға алған көркем дүниелерімді қалыптап, жарыққа шығару мәселесінде уақыт жоғалтып алғаныма өкінемін.
Қалам қуатын ұштау үшін Мұхтар Мағауин­нің тәсілі бар. Мен де соны ұстануға тырысамын. ­Былтыр бірнеше жанрда жұмыс істеуге әрекет ­жасап көрдім. Былтыр, мысалы, Жюль Верннің «Патша шабарманы» ­(«Курьер царя») ­деген шығармасын аудардым. Көлемі 200 беттен асады. Романды қандай мерзімде аудара аламын деп өзіме уақыт белгілеп, бас-аяғы он күнде тәржімаладым. ­Кейде сөздікке жүгінеміз. Аталған ­туындыны аударғанда сөздікке де жүгінбей тәржімалауға тырыстым.
Ара-тұра әлем классиктерінің ­поэзиясын аударып қоямын. Қаламым «жүріп тұрғанда» бес-он ­минутта тәржіма құйылып түседі. Ал мұны жұмыс есебінде көріп, аударайын деп үстелге арнайы отырсам, кейде сағаттап тапжыл­мағаныммен, өлеңнің бір жолын да тәржімалай алмай қалатын кездер ­болады. Бұл да шабыттың қалауына орай келетін дүние шығар. Аударма ісінде былтыр өнімдірек жұмыс істедім ғой деп ойлаймын.
Былтыр «Аждаһа» деген фантас­ти­­калық детектив жаздым. Оны да Мағауин айтқандай, қолды жат­тық­тыру үшін қағазға түсірдім. Жиырма күнім кетті. Оның көркемдік сапасын оқырман мен сыншы бере жатар…
– Биылғы жыл халқымызға оңай ­тимей тұр. Коронавирус індеті әлемді ­жайлап, міне, біздің елге де жетті. ­Осындай жағдайда ел-жұрт үрейге, дүрбелеңге бой алдыруға бейім. Бұрын ел ағалары елге басу айтатын, сабырға шақыратын. Сіз не дейсіз?
– Біздің қазақ жамандық шақырады деп, пәлекеттің атын атамауға ­тырысатын еді. Әлеуметтік желіде бұл дертті түрлі қалжыңға айналдырып, азаматтардың амандығына салғырт қарап жатқандар да аз емес.
Әдеп кетсе, әдет келеді.
«Сақтансаң – сақтаймын», ­«Сақ­тықта – қорлық жоқ» деген сөз елдің бәрінің есінде жүруі керек. ­Президент елде төтенше жағдай жариялап, барлық сақтық амалдарын қарастырып ­жатыр. Арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Індеттің кеңінен ­таралмауы үшін жасалып жатқан әрекеттерге түсіністікпен қарау қажет. Біз мұны қалың ел ­болып қолдауымыз қажет. Әр адам тұтас халықтың денсаулығына ­жауапты болуы тиіс!
«Әр нәрсенің қайыры бар» деген. Аты жаман індеттің кең тарамауы үшін халқымыздың бұрынғы амандасу салтын қайта орнықтыру қажет секілді. Қазір кейбіреулер амандасқанда жұдырығын түйіп, кейбіреулер шынтақ түйістіріп жатыр. Таяуда АҚШ президенті Трамп ежелгі үнді елінің амандасу дәстүрін қабыл алып, қолын қусырып амандасты.
Біздің қазақ бұрын оң қолын кеуде тұсына қойып, жалпыға да, жалқыға да «Ассалаумағалейкум» деп амандасатын. Беттен сүю, жаппай қол беру, әсіресе, әйел адамдарға қол созу, оның қолынан ұстау, бетінен сүю деген болмайтын. Тіпті бөтен еркектің қолы тисе «неке бұзылады» деп жататын… Жалпы беттен сүю Брежневтің кезінен басталып, біздің өмір салтымызға айналып кеткені рас.
Сақтық шараларының бірі ретінде осы амандасу амалын алыстан жүрек тұсына қол қойып, бас изеп ­амандасуды қайта қалыпқа келтірген жөн деп ­ойлаймын. Кейде дастарқан ­басында отырған кісілердің қолын жаппай алып болғаннан кейін, «қолымды жуып келейін» дейтін адамдар да болады. Ас ішіп отырған адамдарға үстел үстінен асылып барып қол алатындарға не дейміз? Осы не тірлік?
Сосын бәріміз ұялы телефон ­ұс­таймыз. Сыртта жүргенде қанша адаммен қол беріп амандасамыз. Ұялы телефонды қолымызды жумай ұстай береміз. Оны сүртіп барып пайдалану деген қаперімізге кірмейді.
«Ауру – астан, дау – қарындастан» деген сөз бар. Қазір нағыз «ұзынса­рының» уақыты. Яғни жуан жіңіш­керіп, жіңішке үзілетін кезең. Қазақтың тамақтану мәселесі мені қатты алаңдатады. Жас балалардың не ішіп, не қойып жатқанын бақылау азайды. Кока-кола, спрайт деген сусындардың денсаулыққа зияны көп. Энергетикалық сусын ішіп, ұзақ жолда жүретін, жүк ­тасымалдайтын, көлік ­айдайтын ­азаматтар бастарын қатерге тігіп ­жатады. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ақын Сабыр Адайдың сөзін бәріміз білеміз. Әр қазақтың амандығы – Алаштың амандығы! Ұлттың саулығы мен амандығына немқұрайлы қарамау керек. Қазақтың дәстүрлі тамақтану үрдісіне оралу қажет. Нәрсіз, заһарлы сусындардың орнына қымыз, шұбат ішуді дағдыға айналдырған абзал. Бұл үшін ауылшаруашылығы саласын ­дамыту бағдарламаларын қайта парықтау керек, бірінші кезекте өзімізге қажетті азық-түлікті ел ішінде өндіру, шағын өндірістік цехтарды көбейту, өнімді сақтау, өткізу, жеткізу бағытындағы тірліктерді жедел үйлестіру керек.
Негізі, Құдай – шебер. Осы уақытқа дейін «бізде даңғазалық, ысырап көп» деп айтып та, жазып та келдік. Ұлы Жаратушының әмірі күшті: қаптаған шаралар – симпозиум, саммит, ­концерт, конференция дегендерді бір күнде ­тыйды; қаншама бюджет қаражатына үнем жасалды; осыдан сабақ алуға тиіспіз. «Көрпеңе қарай – көсіл» ­дегендей, алдағы уақытта басы артық жиындарды шектеп, жиналыс­тарды ­онлайн режимде, бейнебайланыс, цифрлы технология жетістіктерін қолдана отырып өткізуге көшудің амалын жасаған дұрыс.


– Биыл Абайдың туғанына – 175 жыл. Осы кезге дейін тойланған үлкен шаралар секілді, бұл да бір жылдық науқанға айналып кетеді деп қауіптенбейсіз бе? Өзіңіз де сөзден алыс емессіз. Абайдың сөзін қазақтың жанына жақындату үшін басқа бір қадамдар керек емес пе?
– Әрине, бұл мерейтой науқандық сипат алмай тұрмайды. Абай тойы мемлекет мән беріп отырған үлкен той. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі бұл шараға 20 млрд қаржы жұмсалатынын айтқаны есіңізде болар. Мемлекет ­басшысы бұл қаржыны қысқарту ­туралы ұсыныс берді. Демек, Президенттің айтып отырғаны – той тойлау емес, тағылым алу мәселесі.
Абайды қалай ардақтасақ та ­жарасады. Қазір күллі Қазақстан халқы Абай өлеңін жаттап, Абайды оқу эстафетасын бір-біріне ұсынып жүр. «Осы челленждің не керегі бар» деген сөзді де арагідік естіп қаламын. Мұның пайдасы болмаса, зияны жоқ дер едім. Осы ­мерейтой аясында әр адам Абайдың бір-бір өлеңін жаттаған күннің өзінде, еліміздегі 18 миллион халықтың ересек деген 2-3 миллионы ғұламаға жақындай түседі. Ақынның бір өлеңін жаттау арқылы Абай болмысына өзінше үңіледі. Бәлкім, осылай жүрегіне сіңіретін шығар.
Сөзіміздің басында айтқан ­«халық­қа қызмет ету» жайына оралайықшы. Абайдай қазаққа қызмет ету, ұлтты адамзаттық биікке алып шығуға ұмтылу – осы күні әр қазақтың кейінгі қазақ алдындағы жауапкершілігі дер едім. Абай тойында осыны ұғатын азаматтарымыздың қатарын сәл де ­болса көбейте алсақ, ол да біздің осы мерейтойдан алған тағылымымыз болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ

 

Толығырақ: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=56569

Бөлісу