Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

"Egemen Qazaqstan" N 184 (29663), 24.09.2019

24.09.2019 0

Әлеуметтік салаға жаңа серпін

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бүгінгі заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың ортақ тұжырымдасын ұсынды. Онда еліміздегі маңызды мәселелер қамтылған әрі халық тұрмысын сапалық тұрғыда жақсарту көзделіп отыр.

Саяси бәсекелестік пен ой-пікір әр алуандығын дамыту, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату қағидаттары дәл бүгінгідей ғаламдық сипаттағы ақпараттық қоғамға қажетті дүние еді. Себебі біз ашық қоғамда өмір сүрудеміз және азаматтардың талап-тілегіне салғырт қарай алмаймыз. Әсіресе, Жолдауда айтылғандай, аймақтардағы халықтың жағдайы статистикалық жалпы мәліметтерге ғана емес, сауалнама негізіне сүйеніп, бағалануы қоғам өмірінің нақты көрінісін аша түспек. Мұндай ұстаным билікке де, қоғамға да елдің болашағы туралы нақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқанымыздың белгісі.

Президент Жолдауында әлеуметтік стандарттарға деген жаңа ұстанымды жария етті. Ол азаматтардың тұрмыс-тір­шілігіне, өмірлік маңызды мәселелерге және әлеуметтік қорғалуына бағдарлануымен көрініс тапты. Еліміздің әр азаматының әл-ауқатының жақсаруы тікелей мемлекеттің дамуына, сондай-ақ сол азаматтардың өз өміріне, елді дамытуға қосатын үлесіне байланысты екені айтылды.

Иә, біз әлеуметтік мемлекетпіз. Кез-келген дамыған мемлекет әлеуметтің әлсіз топтарына қолдау жасауды мойнына алады.  Ал, бұл санатқа жатпайтын уақытша жұмыссыздарға қатысты прагматизм және ортақ жауапкершілік принциптері қолданылмақ. Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясатының негізгі екі принципі бар: әлеуметтік кепілдіктер және жекелеген адамдардың жауапкершілігі. Осы екі принцип әділетті әлеуметтік саясаттың түпқазығына айналмақ. Алайда, әділетті әлеуметтік саясат дегеніміз - әлеуметтік шығындарды шектеусіз өсіре беру деген сөз емес. Мұндай мемлекеттің экономикасы түбінде тоқырауға ұшырайды. Бұл патерналистік пиғылдың жаппай күшеюіне әкеп соғады. Жан-жақты сарапталмай қабылданған шешімдердің салдарынан әлеуметтік көмек алатындар саны соңғы бес жылда 77 мың адамнан 1,4 миллион адамға артқан.

Әділетті әлеуметтік саясаттың негізгі сипаты тек жәрдемақы төлемімен өлшенбейді, ол әділетті мүмкіндіктер беруден тұрады. Яғни, әлеуметтік төлем алатындарды кәсіпке баулу, ұлттық кәсіпкерлікті барынша дамыту қолға алынады. Сондықтан да  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Атамекен ұлттық палатасымен бірлесе отырып, бір ай ішінде көп балалы аналарды микро және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде, үйде отырып-ақ кәсіппен қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Яғни, «әділеттілік дегеніміз» мемлекеттің «шектеусіз жәрдемақыларды төлеуі» деген түсініктен арылуымыз қажет. Әлеуметтік көмек адамды еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Аз қамтылған отбасылар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмек енгізілетін болады. Одан басқа шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесі құрылып; әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетіледі. Демек, шағын бизнеске түсетін ауыртпалық азаяды. 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енеді.

 Мемлекет басшысы ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін жоғары деңгейге жеткізу, еңбек өнімділігінің нақты өсімін арттыру қажеттігі; мемлекеттің экономикаға орынсыз араласуын азайту мақсатында квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізілетінін атап өтті.

Президент халықты толғандырып жүрген барлық мәселелерге дерлік тоқталды. Оның ішінде, басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты да бар. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, осы күнге дейін «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдар өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ, бүгінде бұл заңдарды жетілдіру қажет. Осыған орай, ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзыреті, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласының құзыреттері кеңейтіледі.         Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі халықты әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отыр. Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқанымен, Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар. Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін шара қабылдап, тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру керек.    

2019 жылдың 1 ақпанына қарағанда Қазақстандағы қала тұрғындарының саны 58,1%-ға жетіп, 2009 жылмен салыстырғанда 4,9%-ға өскен. Сонымен бірге үш миллионер қала пайда болды: Алматы (1 856 480 адам), Нұр-Сұлтан (1 080 298 адам), Шымкент (1 011 538 адам).

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстандағы ауыл-шаруашылық кооперативтері, колхоздар мен совхоздар жекешелендіріліп, ауылдағы халық жұмыс іздеп қалалы жерлерге көшті. Жабайы урбанизация етек алды. Ішкі көші-қонды реттейтін жүйе әлсіз болды. Ауылдан қалаға ағылған жұрт нарықтық құн көзқарасына, базар шаруашылығына үйренбей, ауыр дағдарысты бастан кешірді.

Қала халқының табиғи өсімі, елді мекендердің қала статусын алуы, қала маңы аудандарының пайда болуы, ауылды жерден қалаға қарай көшу, қалалық болуға ұмтылу – мұның бәрі урбанизация үрдісінің көрінісі. Ондай қаланың бірі – Шымкент шаһары.

Шымкент халқының саны жыл санап артуда. Мәселен, 2013 жылы халық саны 683 300, 2015 жылы 858 147, 2018 жылы 1 010 855 болса, 2019 жылы 1 011 538 жетті. Осылайша Шымкент миллионды қала атанды. Көші-қон айырмасы мен демографиялық табиғи өсім бірнеше есеге өсті. Шымкенттің аумағы кеңейіп, жаңа шекарасы бекітілгені белгілі. Урбандалу нәтижесінде Шымкент қаласының аумағы бастапқы 40 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайды. Қала маңына іргелес орналасқан 44 елдімекен Шымкент аумағына өтті. Ал енді республикалық маңызы бар қаланың басты мақсаты – сол елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайын қалалық деңгейге жеткізу.             Мұндай урбанизация үдерісі индустриялық аймақтарға тән. Дегенмен, ең жақсы жетістіктердің де өзіндік қиындықтары болады. Халқы тығыз орналасқан ірі қаланың қажеттіліктерін бақылау, мәселелерін шешу үшін лайықты деңгейде қолдау қажет.  Әлемдік тәжірибеде осы уақыт аралығында мегаполисте жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, кей аудандарда инфрақұрылымдық жағдайдың өзгеруі немесе болмауы, экологиялық және әлеуметтік мәселелердің көбеюі көрініс табады. Мегаполис дамыған сайын бұл мәселелер қолға алынады.

Бірыңғай тұрғын үй саясаты – баспаналы болудың тиімді тетігі

Баспана – қоғамның ең күрделі проблемаларының бірі. Осы күнге дейін халықты баспанамен қамтуды көздеген түрлі бағдарлама жұмыс істеп жатыр. Сонда да баспанасы жоқтардың саны аз емес. Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Прези­денті – Елбасы қоры­ның жа­нындағы Әлемдік эконо­мика және саясат институтының дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жыл­да тұрғын үймен қамтамасыз ету 30 пайызға өскен. Алдағы 12 жыл­д­а бұл көрсеткішті 40 пайызға арт­­тыру жоспарланған, яғни бас­панамен қамту жылына 3,3 па­йызға өсіп отыр.

Мемлекеттің әлеуметтік сая­са­тының бір тармағы – қолжетімді баспанамен қамту. Мемлекет тұрғын үй құрылысына қаржы беру арқылы әлеуметтік мәсе­лелерді ғана шешпейді, эконо­миканың құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, құрылыс саласына қатысты өңдеу сектор­ларын, көлік, банк секторлары­ның дамуына да ықпал етеді.

Баспанаға сұраныс көп болғанымен, сауда аз – халықтың төлем қабілеті төмен. Тұтас халықтың баспана мәселесін шешуге тиімді мемлекеттік саясат қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлық­тау рәсімінде «Түрлі санаттағы азамат­тар­дың қолжетімді баспанаға ие бо­луына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұр­ғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды», – деді.

Индустрия және инфрақұ­рылым­дық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 31 мың көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы баспана кезегінде тұр. Алдағы 7 жылда 42 000 арен­далық пәтер салынбақ. Биылдан бастап жыл сайын 6 мың пәтер беріліп отырады. 2021 жылға дейін жұ­мысшы жастарға 3 мың пәтер беріледі. Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, биыл Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істеп жатқан жастарға арнап 1 мың пәтер салу­ жоспарланып отыр.

Ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі – биліктің назарында. Бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс еді. Табысы аз адамдар  бұған қатыса алмай отыр.

Осы ретте еліміздегі республикалық маңызы бар қала – Шымкентте баспана құрылысы қарқын алған. Таяуда Шымкентте «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

«Бақытты отбасының» бұған дейінгі бағдарламалардан өзгешелігі бар. Несие шарты да тиімді, жылдық мөлшері – 2 пайыз. Оған көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады. Бір ғана талап бар. Ол – табыс көлемі отбасы мүшелеріне шаққанда адам басына 42 мың 500 теңгеден асып кетпеуі керек. Несие сомасының 10 пайызы көлеміндегі алғашқы жарна болған жағдайда жылына 2% мөлшерлемемен несие беріледі. Мерзімі – 20 жылға дейін. Банк өкілдері мұндай мүмкіндіктің бұрын-соңды болмағанын айтады.

Бұл бағдарламаның көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ең жоғары займ сомасы – Шымкент қаласында 15 миллион теңге. Өтінім беруші жылжымайтын мүлікті баспана кезегінде тұрған аймақта ғана сатып ала алады.

Биыл Елбасының бастамасымен іске қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Президенттің айтуынша, кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық. Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет. Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі.

Үкімет жыл соңына дейін жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген баспана заемын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бірыңғай жүйесін құруы тиіс.          

Қазіргі таңда  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару, күтіп-ұстау, оларға қызмет ету ең басты және өткір де өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Коммуналдық желілердің тозуы 65 пайыздан 57 пайызға төмендегеніне қарамастан, бұл көрсеткіш жоғары болып отыр. Көп пәтерлі 78 мың үйдің 18 мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді. Өңірлерге тұрғын үй қорын жаңғырту және жөндеу үшін екі жыл ішінде бюджеттік несие түрінде 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу керек. 2022 жылға қарай өңірлерді дамыту бюджеті 800 миллиард теңгеден асып кетеді. Әкімдерге жергілікті мәслихаттармен бірігіп, осы қаражаттың жартысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту ісін бірлесе қаржыландыруға және өңір тұрғындарының өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге  бағыттауды қамтамасыз ету керек.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы еліміз, халқымыз үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл салада шешілмей келе жатқан мәселе де көп. Саланы дамытуды көздейтін бірқатар ережелер заңнамада жан-жақты белгіленген. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұрғын үй қорын басқарудың жаңа моделін енгізуге, көппәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум объектілері ретінде тіркеу тәртібін айқындауға және кондоминиум объектілерін басқару және күтіп-ұстау жөніндегі қызметті реттеуге, жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджет қаражаты есебінен қолда бар көппәтерлі тұрғын үйлерді техникалық зерттеп-қарауды қамтамасыз ету, оларды тіркеу және сәйкестендіру құжаттарын дайындау бойынша құзыретін айқындауға, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясының құзыретін нақтылауға бағытталған. Қазіргі таңда бұл заң жобасы Сенатта қаралуда.

Заң жобасы қаражатты жұмсаудың ашықтығын, сондай-ақ халыққа қаржылық жүктемені төмендетуді, ірі жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражаттың жұмсалуын тиісті бақылауды қамтамасыз етеді. Сондықтан, бүгінгі заң жобасы аталған сала бойынша жүктелген міндеттерді жан-жақты, тиімді шешуге ықпал ететін болады.

Мемлекет басшысының айтуынша, халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау қолға алынады. Президент еңбек етіп келе жатқан тұрғындарды және халықтың әлсіз топтарын қолдау саясатын жалғастыруды көздейді. Жолдауда белгіленген тапсырмалар бойынша Парламенттің алдында үлкен міндеттер тұр. Жолдауды жүзеге асыру бойынша бірқатар заңдар қабылданатын болады. Экономиканы дамытумен қатар әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуі әр қазақстандық үшін маңызды.

Айгүл ҚАПБАРОВА,  

                                                    Парламент Сенатының депутаты

 

Бөлісу