Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Кеңес ережесі

Қазақстан Республикасы Парламенті 

                                                                                          Сенаты Бюросының

                                                                                          2019 жылғы «30» сәуірдегі

                                                                                    № 301 - VI СБ  қаулысымен

                                                                                        бекітілген

                           

 

 

Қазақстан Республикасы ПарламентіСенатының

 жанындағы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын

жетілдіру жөніндегі кеңес туралы

ЕРЕЖЕ

 

 

Осы Ереже Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметінің ұйымдастырылуын айқындайды.

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және бюджет заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар тұжырымдау мақсатында құрылады.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже Кеңестің құқықтық негізін құрайды.

3. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

 

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

 

 4. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар тұжырымдау Кеңестің негізгі міндеті болып табылады.

5. Мыналар Кеңестің функциялары болып табылады

1) бюджет процесін қалыптастырудың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар тұжырымдау;

2) бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша ұсыныстарды қарау және тұжырымдау;

3) бюджетті қалыптастыру процесін қайта қарау бойынша ұсыныстар тұжырымдау;

4) алдағы 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлау бойынша ұсыныстар тұжырымдау;

5) республикалық бюджет шығыстарына басымдық беру бойынша ұсыныстарды қарау және тұжырымдау.

 

3. Кеңес құрамы

 

6. Кеңес құрамы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басқа да лауазымды адамдары және өзге де адамдар қатарынан қалыптастырылады.

7. Кеңес Төрағасы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып табылады. Кеңес құрамынан Төрағаның орынбасары мен Кеңестің хатшысы сайланады.

8. Кеңес Төрағасы:

1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Кеңес құрамы жөнінде ұсыныс енгізеді;

3) Кеңес Төрағасының орынбасары мен Кеңес хатшысының кандидатуралары бойынша ұсыныс енгізеді;

4) Кеңес отырыстарының өтетін күнін, орнын және уақытын айқындайды;

5) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

6) Кеңес Төрағасының орынбасарына, Кеңес хатшысына және мүшелеріне тапсырмалар береді;

7) Кеңес жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.

9. Кеңестің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдерін және азаматтарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі мәселелерді талқылауға тартуға құқығы бар.

 

4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

 

10. Кеңес отырысы Төраға айқындаған мерзімде, қажеттілігіне қарай және жылына кемінде бір рет өткізіледі. 

11. Кеңес отырысы оның мүшелерінің үштен екі бөлігі болған кезде заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруге жол берілмейді.

12. Кеңес жұмысы оның отырыстарында бекітілетін жылдық жоспар негізінде жүзеге асырылады.

13. Кеңес шешімдері отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен немесе Кеңес мүшелеріне жазбаша сұрау салу арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші дауыс болып табылады.

14. Кеңес шешімдері Кеңес Төрағасы не оны алмастыратын адам қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

15. Кеңес Төрағасы болмаған кезде оның функцияларын (оның тапсырмасы бойынша) Кеңес Төрағасының орынбасары орындайды.

16. Кеңес мүшелерінің:

1) Кеңес өткізетін барлық іс-шараларға қатысуға;

2) Кеңестің жұмыс жоспары және оның отырыстарының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ Кеңес құзыреті шегінде талқыланатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге;

3) Кеңес отырыстарына және Кеңес ұйымдастыратын өзге де іс-шараларға шешімдер жобалары мен материалдарды дайындауға қатысуға;

4) Кеңес жұмысына қатысты материалдармен танысуға құқығы бар.

17. Кеңес хатшысы:

1) Кеңестің жұмыс жоспарының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

2) оның отырыстарының күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

3) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдер жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

4) Кеңес мүшелерін Кеңестің кезекті отырысының өтетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабардар етеді, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

5) Кеңес отырыстарының хаттамаларынан үзінді көшірмелерге өзінің қолын қойып, оларды куәландырады;

6) Кеңес Төрағасының өзге де тапсырмаларын орындайды.

 

5. Кеңестің қызметін қамтамасыз ету

 

18. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

 

 

________________