Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Құрметті Сенатор

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенаты Бюросының

2019 жылғы «27» мамырдағы

№ 306 - VI СБ Қаулысымен бекітілді

 

«Құрметті Сенатор» мәртебесі туралы»

Ереже

 

I. Жалпы ережелер

 

1. «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның бірлігін қорғауды қамтамасыз еткен, елдің стратегиялық даму бағдарын айқындаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Елбасының сіңірген тарихи еңбегін мойындаудың белгісі болып табылады.

2. «Құрметті Сенатор» мәртебесі демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастыруға қосқан аса зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына беріледі.

3. «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Палата отырысында қабылдайды.

 

ІІ. Құрметті Сенатордың өкілеттіктері

 

4. Құрметті Сенатор Палатаның, Сенат Бюросының және Сенаттың тұрақты комитеттерінің ашық және жабық та отырыстарына қатысуға және тыңдалуына құқығы бар.

5. Құрметті Сенаторға оның өтініші бойынша кез келген уақытта сөйлеу үшін сөз беріледі.

 

ІІІ. Құрметті Сенатор куәлігін және төсбелгісін табыс ету

 

6. Сенат Төрағасы Құрметті Сенаторға Палатаның отырысында салтанатты түрде Құрметті Сенатор төсбелгісі мен куәлігін табыс етеді. Құрметті Сенатордың куәлігіне Қазақстан Республикасының Президенті қол қояды.

7. «Құрметті Сенатор» төсбелгісі бір данада жасалады, жеке-дара болып табылады және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасына арналған.

 

IV. Төсбелгінің сипаттамасы

 

8. Төсбелгі желбіреген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы түрінде жоғары сынамалы алтыннан дайындалады. Төсбелгінің жоғарғы бөлігінде «ЕЛБАСЫ» деген жазу орналасқан. Төсбелгінің төменгі бөлігінде «ҚҰРМЕТТІ СЕНАТОР» деген жазу орналасқан. Ортасында – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының түсіндегі эмаль жабындысы болады. Алтын сары түстегі күннің, сәулелердің, қыранның және оюдың суреті бейнеленеді. Төсбелгінің кескіні қосымша беріледі (1-қосымша)

 

V. Куәліктің сипаттамасы

 

9. Қағаз жеткізгіште дайындалған куәліктің үш қорғауыш дәрежесі: қорғауыш жолақ (микроқаріппен басылған «Қазақстан Республикасы» мәтіні), арнайы тангир және мөлдір қорғауыш үлбірі бар. Куәліктің тұтастай дайындалған сол жақ және оң жақ қосымша парақтары мөлдір қорғауыш үлбірге басып жапсырылады.

10. Куәліктің тысы аспан түстегі жоғары сападағы былғарыдан жасалады. Куәліктің ашылған күйіндегі мөлшері – 70*200 мм, қосымша парағының мөлшері – 67*190 мм.

11. Куәліктің сыртқы жағында ортасында алтын түстес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, куәліктің төменгі жағына типографиялық қаріппен «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ» деген жазу түсірілген.

12. Куәліктің ішкі жағы ашық көгілдір түстегі қорғаныш тангирін білдіреді. Сол жақ қосымша парақтың жоғарғы бөлігінде – «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген, оң жақ қосымша парақтың жоғарғы бөлігінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазулар болады. Жазбалар мәтіннен тұтас басылған жолақпен бөлінеді.

13. Сол жақ қосымша парақтың сол жағында Құрметті Сенатордың көлемі 3,5*4,5 см болатын фотосуреті орналасады. Оң жақта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының элементтері: күн және оның астында қалықтап ұшқан қыран фонмен бейнеленген. Ортасында жоғарғы жағында – куәліктің нөмірі, төменгі жағында – «Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ» деген, төменде – «ҚҰРМЕТТІ СЕНАТОР» деген жазулар орналасады. Төменгі жағында «Қазақстан Республикасының Президенті» деген жазу, қолтаңбасы, қол қоюшының тегі мен аты-жөні беріледі. Қойылған қол мөрмен куәландырылады.

14. Оң жақ қосымша парақтың сол жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, оның астында «Қазақстан Республикасы», «Республика Казахстан» деген жазулар болады. Оң жақта Сенаттың ғимараты фонмен бейнеленген. Ортасында «НАЗАРБАЕВ Нурсултан Абишевич» деген, төменде – «ПОЧЕТНЫЙ СЕНАТОР» деген жазулар орналасады. Жазулардың астында берілген күні көрсетілген. Куәліктің кескіні қосымша беріледі (2-қосымша)