Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар бизнеске әкімшілік жүктемені азайту туралы заңға өзгерістер енгізді

29.02.2024 296

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарады.

Аталған заң кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау үшін әзірленді. Басты міндет бизнеске әкімшілік жүктемені азайту және негізсіз кедергілерді жою екенін атап өткен жөн. Одан бөлек, мемлекеттік бақылау мен қадағалау тәртібін реттейтін нормалар қайта қаралды.

Сенаторлар заңдағы новеллаларды концептуалды тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сондай-ақ құжатты Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдап, заңды жаңа редакцияда мақұлдады. Сенат депутаттары енгізген өзгерістер заңның жекелеген нормаларын реттеуші саясаттың қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіруге, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын шекті сауда үстемесін қолдану тәртібін белгілеуге, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын атаулы қолдауды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыруды іске асыру тәртібін қарастыруға және өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуді жетілдіруге қатысты болып отыр.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгін Палата депутаттары осы бағыттағы заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясын мақұлдады. Енгізілген түзетулер арқылы кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңның кейбір нормалары бизнестің және қоғамның мүдделерін ескере отырып өзектендірілді. Алдағы уақытта бұл нормалар елімізде бизнеске арналған заңдарды қолдануды барынша жеңілдетуге және кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Спикері.

Сонымен қатар Палата отырысында «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Заңның нормаларына сәйкес мемлекеттер өз аумағында халықаралық су ағынын пайдаланған кезде басқа елдерге залал келтірудің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдауға міндеттенеді.

«Бұл Конвенция қатысушы елдер арасында халықаралық су ағынын оңтайлы және орнықты пайдалану шарттарын бекітеді. Сонымен қатар құжат халықаралық су ағындарының экожүйесін қорғау және сақтау жөніндегі шараларды айқындайды. Конвенцияны ратификациялау халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және көршілік қатынастарды нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ бүгін Сенат депутаттары «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Отырыс кезінде атап өтілгендей, құжат нормалары денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында медициналық бұйымдардың барынша тиімді ортақ нарығын қалыптастыруға бағытталған.

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Геннадий Шиповских жастар арасында синтетикалық есірткінің кең таралып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі арнайы органдардың жұмысын күшейту, интернет кеңістігінде есірткі жарнамасы үшін жауапкершілікті арттыру сияқты басымдықтар бар.

Амангелді Нұғманов Үкіметті бірқатар мемлекеттік органдардың зейнетке шыққан қызметкерлерінің құқықтарының бұзылуына байланысты проблемалық мәселені қайта қарауға және заңнамалық тұрғыдан реттеуге шақырды.

Амангелді Толамисов шетелден жоғары білікті кадрларды тарту тетіктеріне қатысты мәселені көтерді. Осыған байланысты депутат цифрлық платформа құру, салықтық жеңілдіктер белгілеу және виза алуды жеңілдету сияқты шараларға назар аударды.

Андрей Лукин ұлттық сертификаттау жүйесін техникалық реттеу және цифрландыру саласындағы проблемаларды атап өтті. Депутаттың айтуынша, оларды жою тұтынушыларды қауіпті және контрафактілі өнімдерден қорғайды.

Талғат Жүнісов Үкіметтің назарын Ақмола облысында ауыр жүк көліктерінің салдарынан жолдардың сапасына айтарлықтай зиян келіп отырғанына аударды. Сондай-ақ ол жол бойындағы сервис пен инфрақұрылымның төмен деңгейін тілге тиек етті.

Ернұр Әйткенов өз сауалына Павлодар облысындағы шаруаларда тұқым сатып алуға және егістік науқанына дайындыққа қатысты туындаған қаржылық проблемаларды арқау етті. Депутат құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсетуді және жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу