Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Д.Назарбаева: «Отандық жеңіл өнеркәсіпті бәсекеге қабілетті ету –міндетіміз»

03.02.2020 905

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауларға дайындық аясында тігін және трикотаж өндірісі кәсіпорындарының басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында «АГФ тобы» өндірістік компаниясының директоры Гаухар Насырова тігін өнімдерін Қазақстанның ішкі нарығында және экспортқа шығару мәселелері туралы айтып берді.

Оның айтуынша, сауда алаңдары өте тапшы болып отыр, соның салдарынан «А» дәрежесіндегі компаниялар сауда-ойын-сауық орталықтарының алаңдарын жалға алуға әрі оны жоғары мөлшерде төлей отырып, қаржы ауыртпалығын бастан кешіп келеді.

Сала кәсіпорындары өз өнімдерін экспорттау кезінде мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді. Г.Насырова Қазақстанда өндірілген өнімді әлемге танымал (H&M, ZARA және INDITEX) сауда компанияларына жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізгені туралы өзі басқарып отырған компанияның тәжірибесін мысалға келтірді. Алайда, Қазақстан өнімдерінің импорттық бажы Еуропалық Одақта 12%-ды құрап отыр. Ал Өзбекстан өндірушілері үшін баж 9,4%, Түркия және Пәкістан - 0% құрайды. Бұл сыртқы нарықтарда отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күрт төмендетеді.

Кездесуде «Еско» компаниясының директоры Андрей Шмарин де сөз алды. Ол мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет деп санайды.

Андрей Шмарин заңдағы «Әлеуетті өнім жеткізушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуға қатысуы» бабына назар аударды. Бұл бап Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен реттелетін мемлекеттік сатып алуда тауарлардың жекелеген санаттары бойынша мүгедектер ұйымдарының басым құқығын айқындайды.

Заң мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құрған мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) ұйымдарының көлемі қаржының жалпы көлемінің кемінде елу проценті болатын тауар сатып алуын белгілейді. Заңдағы бұл ереже жеңіл өнеркәсіп тауарларын мүгедектер қоғамынан 100% көлемінде шектеусіз сатып алуға мүмкіндік беріп, басқа отандық өндірушілердің сатып алуға қатысу құқығын шектейді. Бұл ретте, тапсырыс берушілер жеңіл өнеркәсіптің барлық тауарларына «ерекше» мәртебені жиі береді.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өз сөзінде парламентшілерге отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына қол жеткізу мүмкіндіктері мен жалға алу құны мәселесін зерделеуді тапсырды: «Сауда орталықтарының баға белгілеу мәселесін зерделеу қажет. Бұл мәселе отандық өндірісті дамытудың келешегі тұрғысында кешенді түрде қаралуы керек», - деді ол.

Дариға Назарбаева қазақстандық брендтерді отандық нарықта ілгерілету мақсатында маркетинг саласында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілерді қолдау жүйесін құру қажет деп санайды.

Парламент Сенатының Төрағасы кездесуді қорытындылай келіп, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне кездесуге қатысушылар қозғаған проблемалық тақырыптарды зерделеуді және оларды Парламенттік тыңдауда талқылауға дайындауды тапсырды.

Бөлісу