Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатор Т. Мұқашев: Төтенше жағдай кезінде мемлекет қызметінің барлық саласындағы мәселелер тез шешілуі керек

12.05.2020 540

Сенатта Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Онда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, сондай-ақ еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары қаралды.

Сенаторлар назарына бірінші ұсынылған, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бастамасымен әзірленген заң жобасының негізгі мақсаты Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар арсеналдарының, базалары мен қоймаларының жұмыс істеу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оқ-дәрілерді сақтау барысында төтенше жағдай туындауы мүмкін болған жағдайда халықты қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.

Сенатор Нұржан Нұрсипатов өз баяндамасында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өткенін хабарлады.

«Біз, депутаттар жұмыс барысында оқ-дәрілерді сақтауға арналған арсеналдар, базалар мен қоймалардың жанында тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандарды белгілеу бөлігінде бірқатар кемшіліктер мен проблемалардың бар екеніне көз жеткіздік. Бұл кемшіліктер Арыс қаласындағы баршаға белгілі оқиға барысында ашылды», - деп атап өтті Н.Нұрсипатов.

Сенатор оның ішінде арсеналдарға, базалар мен қоймаларға іргелес аумақтардағы халықтың, ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздігі мәселелері толық көлемде шешілмегенін айта келіп, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіру деңгейінің төмендегіне тоқталды. Сонымен қатар қару-жарақ қоймаларының жанында ғимараттар мен құрылыстарды заңсыз салу фактілері де орын алған.

Сенатор Қайрат Қожамжаров қосымша баяндама жасады және арсеналдардың, базалар мен әскери қоймалардың қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасауға бағытталған осы заң жобасының маңызына тоқталды.

Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы одан кейін талқыға салынды.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айгүл Шайымова өз баяндамасында заң жобасында төтенше жағдай кезінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу тетіктері белгіленетінін айтты. Ол үшін «Төтенше жағдай туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.

Сенатор Төлеубек Мұқашевтың айтуынша, заң жобасы төтенше жағдай кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында әзірленген.

«Заң жобасын қабылдау барлық мемлекеттік жүйенің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен орнықтылығын, сондай-ақ дағдарысқа қарсы тиімді саясат арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Бөлісу