Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Жаңалықтар

ЖҰРТТЫҢ ЖІГЕРІН ЖАНЫҒАН ҮНДЕУ

10.07.2020 37

 Жаһанды жайлаған пандемия індетіне қарсы күш - мемлекет пен халықтың арасында өзара қолдау, түсіністік, сенім болған кезде қалыптасатыны сөзсіз. Қазіргі жағдай қанша қиын болғанына қарамастан, мемлекетіміз індетті жеңуге жұмылуда. Дәрігерлеріміз жанқиярлық ерлік көрсетуде. Осы ретте халқымыздың саналы әрекеті мен жауапкершілігі аса маңызды. Президент осыны баса айтты, елге демеу болатын сөзін жеткізді.

Мемлекет басшысы “Біреуге жан қайғы...” болып жатқан тұста дәрі-дәрмектің бағасын көтеріп, алаяқтықпен пайда көксегендердің жолын кесу шараларын, ащы да болса, денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшін тұстарға жол берілгендігін бүкпесіз сөз етті. Енді осы ескертпеден нәтиже шығару аса маңызды. 

Мемлекет басшысының әр отандасының дерттен қаза болуына қабырғасы қайысып, Ұлттық аза тұту күнін белгілеуі де ел басына түскен ауыр сынақта көпшілікті сабырға шақырады. «Бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт» екенін ескертіп, бірлік пен білімге жүгінуді ұсынады.

Қазіргі таңда ауруға қатысты жалған ақпараттар пен қауесеттер көбейіп кетті. Президенттің осы жағдайдан сақтандырып, карантин ережелерін қатаң сақтауға үндеуі қазіргі таңдағы бірден-бір тиімді әрекет болып саналады. Халқымыз «Сақтықта – қорлық жоқ» деген даналықты осындай қиын кезеңдерге байланысты айтса керек.

Хакім Абай «...ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес,- деп нанып, ұқсаң болар»,- дейді жиырма сегізінші қара сөзінде. Сондықтан, “ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік” дегім келеді.

Дер кезінде халқының жігерін жаныған үндеудің тағы бір көңілден шығар тұсы – Мемлекет басшысының жағдайдың сөзсіз тұрақталатынына сенім білдіруі. Еңсемізді түсірмей, «Бірінші байлығымыз – денсаулығымыз» жолында және әр азаматтың амандығы үшін аянбай күресуге міндеттіміз. Үндеудің басты мақсаты, діттеген ойы - осы.

 

 

Еділ МАМЫТБЕКОВ,

Парламент Сенатының депутаты

Бөлісу