Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Жаңалықтар

Сенат депутаттары отандық кәсіпорындар жұмыс орындарын сақтап, жалақыны уақтылы беру керектігін айтты

11.08.2020 77

Сенаторлар Ғұмар Дүйсембаев пен Ләззат Сүлеймен Атырау облысында салынып жатқан жол құрылысымен, ірі өнеркәсіп орнының жұмысымен және медициналық мекеменің жай-күйімен танысты.

Аймақ басшылығымен және жергілікті мәслихат депутаттарымен кездескен Сенат депутаттары өңірді дамыту жоспарын талқылады. Сенаторлар пандемиямен күрес, ауруханаларды, провизорлық орталықтарды және дәріхана желілерін COVID-19 індетіне қарсы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету әлі де болса маңызды міндет екенін атап өтті.

Сапар барысында депутаттар Махамбет және Исатай аудандарына барды. Соның аясында олар Айсары арнасының және Махамбет ауылында Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, жергілікті білім ошағына арнайы ат басын бұрып, мектептің алдағы оқу жылына, соның ішінде қашықтан оқыту форматына дайындығын пысықтады.

Бұдан басқа, сенаторлар құрылыс материалдарын шығаратын зауыт жұмысшыларымен кездесті. Айта кетейік, аталған кәсіпорын пандемия кезінде жұмысын тоқтатпай, халықты жұмыспен қамту және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселесін оңтайлы шешіп отыр. Депутаттар осы жайтқа ерекше назар аударып, қазіргідей күрделі кезеңде зауыт, фабрика және басқа да кәсіпорын басшылары жұмыс орындарын сақтап, жұмысшыларына жалақыны уақтылы беріп отырудың маңызы зор екенін айтты. Ал барлық әлеуметтік-еңбек мәселелерін жергілікті билік жіті бақылап, назарда ұстауға тиіс.

Сонымен қатар сенаторлар Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз бағытындағы жол құрылысының жай-күйімен танысты. Бұл жерде құрылыс жұмыстары 2019 жылдың екінші жартысында басталған. Жоспар бойынша 2021 жылдың екінші жартысында аяқталмақ. Қазіргі таңда аталған құрылыста 80-ге жуық азамат жұмыс істеп жатыр. Мердігерлермен кездесуінде Ғұмар Дүйсембаев өңірдің және еліміздің экономикасын дамыту үшін бұл магистральдің маңызы зор екенін тілге тиек етті. Мамандардың айтуынша, құрылыс барысында қауіпсіздік шаралары және сапаға қатысты талаптар қатаң сақталған.

Сенаторлар мұнайлы өлкедегі сапарында медицина қызметкерлерімен де кездесті. Дәрігерлер коронавирус індетіне қатысты жергілікті жағдайды баяндап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және аурудың қайта өршіп кетуінің алдын алуға арналған шаралар жөнінде айтты. Өз кезегінде сенаторлар індет кезінде жанкештілік танытып, халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Бөлісу