Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулер қаралды

18.09.2019 23

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасы қаралды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаттары мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру және құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою мақсатында заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерген болатын. Онда мемлекеттік қызметті өткеруді жаңғырту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қосымша шаралар қабылдау мәселелері бойынша 8 кодекске және 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, «Мәдениет туралы», «Білім туралы» заңдарға әкімдердің денсаулық сақтаудың, мәдениет пен білім берудің жергілікті органдарының басшыларын тағайындауын тиісті уәкілетті органмен келісуді алып тастау бөлігіне түзетулер енгізіледі.

Еңбек кодексіне тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуін тоқтата тұрудың негіздерін нақты регламенттеуге бағытталған, сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның талаптары қолданылатын адамдардың еңбегін реттеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңда Сыртқы істер министрінің дипломатиялық қызмет персоналын ротациялауды жүзеге асыру тәртібін айқындау жөніндегі құзыреті анықталған.

«Құқық қорғау қызметі туралы» заңға енгізілетін түзетулер мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға құқық қорғау органдарымен келісу бойынша құқық қорғау органдары лауазымдарының санатына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын бекіту бойынша жаңа құзырет береді.

«Құқықтық актілер туралы» заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы жүргізу тәртібін реттейтін ережемен толықтырылады, сондай-ақ олар бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы жүргізу міндетті нормативтік құқықтық актілердің тізбесі белгіленеді.

Сенатор Н.Бекназаровтың айтуынша, заң жобасындағы түзетулердің басым бөлігі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдарға енгізіледі, оларға сәйкес конкурстық рәсімдер оңтайландырылады, мемлекеттік қызметшілердің сынақ мерзімінен өту тәртібі жеңілдетілді, мансаптық жоспарлау мәселелерін реттейтін жекелеген ережелер алынып тасталды, «А» және «Б» корпустарының лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау бойынша талаптар күшейтілді.

Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының өздеріне бағынысты қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауаптылығын белгілеу көзделген.

Құжат Палата қарауына берілді.

Бөлісу