Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта мемлекеттік қызметті жетілдіру туралы заң жобасы қабылданды

10.12.2020 894

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палата отырысы болды. Онда Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңды қарап, қабылдады.

Заң жауапты хатшылар институтын жоюды және олардың міндеттерін министрліктер аппараттарының басшыларына жүктеуді көздейді. Бұл мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттік органдар жұмысындағы кадрлар сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді.

«Қабылданған заң мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіреді. Бұл министрліктердің жұмысын оңтайландырып, министрлердің жауапкершілігін арттырады», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлар отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.

«Бұл заң жобасында бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балаларды қорғау саласында нақты және жүйелі саясат жүргізіліп келеді. Осы шара аясында педофильдерді қылмыстық жазалау кешенді түрде күшейтілді», – деді Сенат Төрағасы.

Заң жобасы қаралғаннан кейін оған сенаторлар енгізген толықтырулар Мәжіліске жіберілді.

Отырыста депутаттық корпустың бастамасы бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. 

«Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ол сондай-ақ бюджет қаржысын барынша әлеуметтік-экономикалық қайтарыммен пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа шаралар мен тетіктерді көздейді. Жаңа тәсіл бюджет процесіндегі стратегиялық жоспарлаудың рөлін күшейтеді», – деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Отырыста сенаторлар Парламент  депутаттарының бастамасы бойынша әзірленген «Астық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады.

«Осы құжат астықтың резервтік қорын қалыптастыру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ, ішкі астық нарығын тұрақтандырады және астық саласындағы экспорттық инфрақұрылымды дамытады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлардың пікірінше, бүгінгі жаңа қауіп-қатер дәуірінде елдің азық-түлік қауіпсіздігі астықпен толық қамтамасыз етілген мемлекеттер үшін де аса маңызды проблемаға айналып отыр.

«Қазақстанның астық өндірудегі жоғары ресурстық әлеуетіне қарамастан, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның бағасын тұрақтандыру бойынша жауапты іс-қимылдардың маңызы ерекше», - деді Дүйсенғазы Мусин.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Заң адамның құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан қорғалуының жаңа сапалы деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды. Сенатор Сәуле Айтпаева осы өзгерістерді енгізу жөнінде тең бастамашысы болды.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заң Президенттің азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы тапсырмасын орындауға бағытталған. Заң Парламент депутаттарының бастамасымен қабылданды, олардың арасында сенатор Андрей Лукин де болды.

Парламентшілер сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар  Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) ратификациялау туралы» заңдарды қабылдады.

Келісімдер COVID-19 пандемиясының салдарына Қазақстанның қарсы күресін, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтуды қалпына келтіру, сондай-ақ экономиканы ынталандыру жөніндегі шараларды қаржыландыруға қарыз алуды көздейді.

Сенат депутаттары сонымен қатар «1999 жылғы 8 қазандағы Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік бақылаудың тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылдады. Ол кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібін оңайлатуға мүмкіндік береді, тауарларды өткізуді жеделдетеді және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кеден органдары арасында өткізілетін тауарларды бақылауға кететін уақытты қысқартады.

Бөлісу