Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысы өтті

06.10.2021 415

Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІХ отырысы өтті. Онда қатысушылар кезекті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне дайындық мәселелерін талқылады.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі халықаралық күн тәртібіндегі бірегей бастама және жаһандық дінаралық диалогтың нағыз тиімді тетігі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Съезд Хатшылығының Басшысы Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында бейбітшілік пен жалпыұлттық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алғанына назар аударды. Ол «бірлік әралуандықта» қағидатына, елдің болашағы үшін ортақ жауапкершілікке және этносы мен дініне қарамастан азаматтардың құқықтарын құрметтеу мен қамтамасыз етуге негізделген.

«Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі мен Хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері биылғы Хатшылық отырысы күрделі жағдайда өтіп жатқанын айтып, оған коронавирус пандемиясы мен соңғы жылдарда әлемде басқа да жаһандық проблемалардың ушыға түсуі себеп екенін тілге тиек етті. Олардың қатарында геосаяси және геоэкономикалық факторлар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуы салдарынан туындаған халықаралық шиеленістің күшеюі, қару-жарақ жарысының үдеуі және жаһандық экологиялық күн тәртібіндегі түйткілдер бар.

«Осындай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру және адамдарды бейбітшілік, адамгершілік, қоғамдық келісім, өзара қолдау сияқты идеялар аясына топтастыру болуы керектігі сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің негізгі мақсаты да – осы. Сондықтан баршаңызға біздің Форумға қатысып, белсенді қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Съезд Хатшылығының Басшысы.

Съезд Хатшылығының отырысына 20 елден келген әлемдік діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Дін лидерлері өз сөздерінде Қазақстан өз ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалог орнатуға баса мән беріп, осы бағытта маңызды жұмыс атқарып келе жатқанын айрықша атап өтті.

Нақты айтқанда, БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос тұрақты және қауіпсіз әлем құру үшін діннің қоғамдағы рөлін және халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылды талқылау тұрғысынан Съездің маңызы зор екенін жеткізді.

«Бұл бірегей алаң саясаткерлер, дін лидерлері, халықаралық және өңірлік ұйымдар және барлық мүдделі тараптарға әлемдегі дінаралық диалог пен тұрақты дамуға қатысты проблемаларды бірлесіп талқылауға жақсы мүмкіндік береді. Сондықтан БҰҰ Өркениеттер Альянсы алдағы VII Съезд жұмысына белсенді қатысады», – деді Мигель Анхель Моратинос.

Хатшылық отырысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өтетін орын мен мерзім белгілі болды. Соған сәйкес, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі 2022 жылғы 14-15 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Аталған Форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланбақ.

Отырыс соңында Мәулен Әшімбаев бүгінгі кездесу түрлі мәдениеттер мен дін өкілдерінің ынтымақтастықта және бейбітшілікте өмір сүруге деген ортақ ұмтылысын кезекті рет паш еткенін атап өтті. Сондай-ақ Хатшылық Басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің дәстүрге айналған осы ұмтылысы Форумның әрі қарай да табысты жұмыс істеуіне негіз боларына сенім білдірді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Фото: Е.Үкібаев)

Бөлісу