Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Жаңалықтар

Сенат отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң жобасы Мәжіліске жіберілді

17.10.2019 151

Сенат отырысында заңнамаға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда қаралды. Бұл құжатпен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіледі.

Заң жобасында кондоминиум нысанын басқарудың «бір үй – мүлік иелерінің бір бірлестігі – бір шот» қағидаты бойынша жаңа үлгісі ұсынылады.

Бұл ретте пәтер иелерінің кооперативтері мен үй-жайлар иелерінің кооперативтері қаралып отырған заң қабылданғаннан кейін үш жыл ішінде мүлік иелерінің бірлестіктерімен қатар әрекет ете алады.

Заң жобасымен кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің қаржыландыру тетігі енгізіледі, ол пәтер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің қаржы жинақтауға және екінші деңгейдегі банктен қарыз алуына негізделген. Мүлік иелері бірлестігінің тұрғын үй қарызын өтеу жөніндегі міндеттемелерінің орындалуына мамандандырылған қор кепілдік беретін болады.

Заң жобасында басқарушы және сервистік компаниялар қызметінің ашықтығын арттыруға және Үй кеңесін құру мен электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпарат жүйелерін енгізу арқылы пәтер және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері тарапынан бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй құқықтық қатынастары субъектілерінің арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған ережелер ұсынылып отыр.

Заң жобасымен жұмыс барысында кондоминиум нысанының ортақ мүлкіндегі меншік иесіне тиесілі үлес мөлшерін, коммуналдық қызметтерге кіретін қызметтер тізбесін, хостелдер қызметі, «тұрақ орнын» анықтау, заңнамалық актілерді заң жобасының ережесіне сәйкес келтіру және өзге де мәселелер бөлігінде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады.

Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.

Бөлісу