Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: Елдігімізге сызат түсірмейік

06.01.2022 165

Елдегі ахуал бәрімізді алаңдатып отыр. Жағдайды тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан жедел шаралар қабылдануда. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар шұғыл тапсырма берді. Кеше кешкісін Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде Кеңестің отырысын өткізді. Жиында еліміздің тұрақтылығына қауіп төндірген террористік және қылмыстық әрекеттермен күрес мәселелері талқыланды.

Өкінішке қарай, еліміздің бірқатар өңірінде, әсіресе, Алматы қаласында өздерін ереуілшілер деп атайтын арандатушылар тобы қасақана әрекеттерге баруда. Олардың әкімдіктерге, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға шабуыл ұйымдастырғаны белгілі. Жедел жәрдем көлігінің жолын бөгеген және тәртіп сақшыларына күш қолданған жағдайлар да тіркелді. Дүкендерді қирату, тонау, мародерлікке бару оқиғалары белең алды. Мұндай әрекеттер ішкі жағдайды одан әрі ушықтыруды көздейтіні түсінікті. Бұл – Президентіміз айтқандай, қаскөйлердің жан-жақты ойластырылған террористік іс-әрекеті.

Осындай сын сағатта біздің басты міндетіміз Тәуелсіздікті және мемлекеттілікті сақтау екені сөзсіз. Барша қазақстандық осы жолда жұдырықтай жұмылуға тиіс. Ең бастысы, арандатушылардың айтағына ермеу керек.

Арандатуға еру ешқандай жақсылыққа әкелмейді. Оған алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. Кейбір көрші мемлекеттерде болған жағдайдан, олардың тұтастығына келген нұқсан мен экономикалық зардабынан сабақ алғанымыз жөн. Сондықтан ел ішіне іріткі салушылардың сөзіне еріп, елдігімізге сызат түсірмейік. Өз болашағымызға балта шаппайық.

Ел де, жер де өзіміздікі. Бұл – бізге бабадан қалған аманат. Енді соны сақтап, келер буынға жеткізуіміз қажет. Ол үшін мемлекеттілікті бәрінен биік қоюымыз керек. Сондықтан бірлігімізді бекемдей түсейік, берекемізді қашырмайық. Осындай күрделі кезеңде елдің тұрақтылығы мен тұтастығын сақтау үшін Президентімізге қолдау білдіріп, елдігіміз бен бірлігімізді көрсетейік.

Бөлісу