Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенаторлар мүгедектігі бар адамдарды Мәжіліске сайлау мүмкіндігі туралы заңды қабылдады

27.01.2022 118

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Нұрлан Әбдіровтің Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалуына байланысты Сенаттың жаңа вице-спикерін сайлау туралы мәселені қарады.

«Нұрлан Мәжитұлы Сенат Төрағасының орынбасары ретінде Президентіміздің реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге айтарлықтай еңбек сіңірді. Сенаттың көптеген бастамаларын және іс- шараларын жүзеге асыруға елеулі үлес қосты. Депутаттардың заң шығару қызметін де тиімді үйлестіре білді», – деген Мәулен Әшімбаев әріптесіне атқарған қызметі үшін алғыс білдірді.

Отырыс барысында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары болып Ольга Перепечина сайланды. Ол бұған дейін төрт жылдан астам уақыт Сенаттың Қаржы және бюджет комитетіне басшылық жасап келді. Мәулен Әшімбаев О.Перепечинаның Комитет төрайымы ретінде ел бюджетінің тиімді қалыптасуына үлкен үлес қосқанын айтты. Ал Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып сенатор Серікбай Трұмов сайланды.

Сонымен қатар отырыс кезінде депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Құжаттарға енгізілген нормаларға сәйкес Мәжілістің депутаттық мандаты үшін 30 пайыздық квота берілетін санаттар қатарына әйелдер мен жастардан бөлек, мүгедектігі бар адамдар да қосылады. Сондай-ақ аталған заң жобаларында «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделген.

«Бұл құжаттар әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін Мәжілістегі депутаттық мандаттардың кемінде 30 пайызына кепілдік береді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды депутаттық корпусқа қосу Парламенттің инклюзивтілігін арттыра түседі. Сондай-ақ осы санаттағы адамдарды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді жұмылдыруға да ықпал етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау барысында Сенат депутаттары заң жобаларындағы жаңа нормаларды тұжырымдамалық тұрғыдан қолдай отырып, Конституциялық заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынды және оны Мәжіліске қайтарды.

Отырыста сенаторлар өзекті мәселелерге қатысты депутаттық сауалдар да жолдады.

Нариман Төреғалиев өндірісте жарақат алудың жоғары деңгейіне алаңдаушылық білдірді.

Ал Еділ Мамытбеков «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қайта қарау немесе оны ел экономикасының дамуына тұсау болып отырған шығынға жатқызу қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Ғұмар Дүйсембаев еліміздің батысында шетелдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Мұрат Бақтиярұлы жалған статистикадан арылу қажеттігіне назар аударды және заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау мәселесіне баса мән беру керектігін айтты.

Сергей Карплюк аймақтардағы өмір сүру жағдайын теңестіру бойынша жүргізіліп жатқан өңірлік саясатты қайта қараудың маңыздылығына тоқталды. Ол қазіргі таңда өңіраралық теңсіздік Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі екенін тілге тиек етті.

Өз сауалында Андрей Лукин атыс қаруының айналымына қатысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл шараларын ұсынды.

Ал Сергей Ершов ел Президентінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қайта құру қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында отандық заңдарды пысықтаудың маңызды екенін сөз етті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу