Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Жеңіс күніне арналған іс-шараларға қатысу жөнінде

09.05.2022 93

Елордада Жеңіс күніне арналған іс-шаралар легі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қоюымен басталды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев та қатысты.

Сонымен қатар Сенат Спикері даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоғын қойды. Сондай-ақ қала тұрғындарымен бірге аты аңызға айналған батыр мен Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандықтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұған дейін Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жұртшылықты Жеңіс күнімен құттықтап, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандық жауынгерлер қаһармандық пен қайсарлықтың озық үлгісін көрсеткенін айтқан еді.

«Біз Жеңіс күнін аталарымыз бен әкелеріміздің ерліктерін ұмытпай, оларды дәріптеу үшін атап өтеміз. Осы күні соғыс салдарынан қаза тапқан миллиондаған құрбандардың рухына тағзым етеміз. Бұл күн аға буынның фашизмді жеңу үшін қандай қиындықтарды еңсергенін ұмытпау үшін де маңызды. Сондай-ақ осы мереке бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін арттыра түседі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жыл сайын тарихтың жаңа парағы ашылып, соғыс жылдарында ерлігімен көзге түскен қазақстандықтар туралы тың деректер мен мәліметтер жарияланып жатыр. Осыған орай Жеңіс күні қарсаңында ел Президентінің Жарлығымен соғыста көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Төлеуғали Әбдібеков, Александр Несмиянов және Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы берілгені белгілі. Сенат Спикері бұл оқиғаны тарихи әділдіктің қалпына келуі деп атап өтті.

Сонымен қатар Палата Төрағасы елімізге амандық, жерімізге тыныштық және барша қазақстандыққа зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

 

Бөлісу