Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенаторлар Қытаймен ядролық материалдардың заңсыз тасымалдануының алдын алу туралы келісімді ратификациялады

19.05.2022 92

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.

Онда сенаторлар ел Президентінің ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ерден Әріповті басқа қызметке тағайындалуына байланысты қызметінен босатты.

Сондай-ақ отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» туралы заңды қарап, қабылдады.

Заң тараптардың радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптар радиоактивті материалдардың, радиоактивті қалдықтардың, радиациялық-қауіпті заттардың заңсыз тасымалдануын болдырмау мақсатымен кедендік бақылау жұмысына қазіргі заманғы технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтасуға мүмкіндік алады. Бұл нормалардың барлығы, бірінші кезекте, азаматтардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған.

«Қабылданған Заң ядролық және радиоактивті материалдарды кедендік шекарада заңсыз өткізудің алдын алуға арналған. Құжат Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы біріккен іс-қимылдардың құқықтық негізін қалыптастыруды көздейді. Алдағы уақытта бұл заң екі мемлекет арасындағы кедендік бақылауға қатысты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «1992 жылғы 13 наурыздағы Салық саясатының келісілген принциптері туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үкіметтері арасындағы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Бүгінде бұл Келісімге қол қойылғанына 30 жыл уақыт өтті. Қазіргі таңда құжат оның ішінде Келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінімдердің болмауына байланысты өзінің өзектілігін жоғалтты. Соған байланысты ТМД-ға мүше мемлекеттер Келісімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Рысқали Әбдікеров еліміздің лифт шаруашылығындағы проблемаларға назар аударып, Үкіметті апатты жағдайдағы лифтілерді жаңартуға және оларды өндірумен айналысатын отандық компанияларды қолдауға шақырды.

Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстандағы «Қазсушар» кәсіпорнының гидротехникалық нысанын жөндеу жұмыстарын жедел аяқтау керектігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, бірнеше жыл бойы жөндеуді негізсіз кешіктіру жобаның қымбаттауына және шаруалардың шығынға ұшырауына алып келеді.

Сүйіндік Алдашев Маңғыстау атом энергокомбинатының, оның ішінде тоқтап қалған БН–350 атом реакторын және жұмыс істеп тұрған радиоактивті қалдықтарды залалсыздандыру мәселесін көтерді.

Ақылбек Күрішбаев жетекші аграрлық елдердің үлгісі бойынша агроөнеркәсіптік кешен кластерлерін дамыту үшін экономикалық жағдай жасауды, ол үшін фермерлерді субсидиялау және форвардтық қаржыландыру мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

Динар Нөкетаева мектепке дейінгі білім беру, қаржыландыру, білікті кадрлардың тапшылығы, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру проблемаларына назар аударды.

Андрей Лукин квазимемлекеттік компаниялардың кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту қажеттігін айтты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

 

Бөлісу