Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Жаңалықтар

Сенаторлар зияткерлік меншік туралы заң қабылдады

02.06.2022 205

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін заңды қарап, қабылдады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» аталған заңға Парламент депутаттары бастамашы болды.

Сенат Төрағасы бұл заң зияткерлік меншік құқығын жетілдіруді көздейтінін атап өтті.

«Заңда зияткерлік меншік құқықтары мен өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғауды күшейту мәселесі қарастырылған. Заңда ұлттық заңнаманы осы саладағы халықаралық ұстаным мен тәжірибелердің ережелерімен сәйкестендіруге қатысты нормалар да бар. Сондай-ақ енгізілген нормалар мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу аясын кеңейтуге бағытталып отыр. Алдағы уақытта осы заң елімізде зияткерлік меншік нарығын дамытуға, азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жалпы қабылданған заң уәкілетті органда, сараптама ұйымында және соттарда өтініш берушілер мен құқық иеленушілердің мүдделерін көздейтін патенттік сенім білдірілген өкілдер институтын жетілдіруге арналған. Сондай-ақ заң консультанттары мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне енгізіледі. Сол арқылы халықтың осал топтары өкілдерінің заң көмегін тегін алу мүмкіндігі пайда болады.

Сонымен қатар отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Нұртөре Жүсіп өнер көрсетіп тұрған кезінде мемлекеттік рәміздерді қорлағаны және әдепсіз сөздер айтқаны үшін әншілерді сахнадан 5 жылға шеттетуді ұсынды. Одан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы өңірлік және республикалық көркемдік кеңестердің жұмысын жандандыру қажеттігін айтты.

Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтаудың стратегиялық бағыттарын ғылыми, әдіснамалық және талдамалық тұрғыдан ілгерілетудің мемлекеттік жүйесін қолдауды сұрады.

Мұрат Бақтиярұлы білім беру саласындағы проблемаларды, атап айтқанда, білім алудағы теңсіздікті, бастауыш сыныптарда тілдерді оқыту сапасын, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігін оңтайландыру мәселелерін атап өтті.

Сұлтанбек Мәкежанов ауылдық бюджеттер кірістердің жеке көздерінің тізбесін кеңейту керектігін айтып, осы бағытта бірқатар нақты шаралар ұсынды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27, Фото: Е.Үкібаев)

Бөлісу