Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенат Төрағасы М. Әшімбаевтың А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзі

01.10.2022 488

Қадірлі Торғай жұрты!

Құрметті конференцияға қатысушылар мен меймандар!

 

Бүгін қасиетті Торғай топырағына табанымыз тиіп, осындағы ағайынмен жүздесудің сәті түсіп отыр.

Торғай – Алаш алыптарының қастерлі мекені және ұлт намысының жалауы.

Торғай – салтына берік, қазақылыққа бекем қазыналы жұрттың ордасы.

Сондықтан, бірінші кезекте, Сіздермен кездесіп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын.

Бәріміздің басымыздың осы киелі қоныста қосылуына себепші болған – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы.

Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ахаңның мерейтойына ерекше маңыз беріп отыр.

Өткен жолы өңірге арнайы келгенін де білесіздер.

Дегенмен, төтенше жағдайға байланысты елдің амандығы үшін Ахмет Байтұрсынұлының тойы кейінге шегерілген еді.

Сол торқалы тойды өткізудің реті енді келіп отыр.

Біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы мерейтойды елмен бірге атап өту үшін орталарыңызға арнайы келдік.

Мерейтойға байланысты сіздерге Президентіміздің ақ тілегі мен ыстық сәлемін ала келдік.

Ендеше, алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып беруге рұқсат етіңіздер.

 

Құрметті қауым!

 

Торғай өңірінің қазақ тарихында алатын орны ерекше.

Бұл – батыры мен ақыны, қайраткері мен қаламгері қатар шыққан құнарлы қоныс.

Хан Абылайдың серігі шақшақ Жәнібектің, кешегі Амангелді мен Кейкінің тұлғалары ерліктің символына айналды.

Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлтымызды білімге, бірлікке, елдікке шақырған арыстар осы топырақтан түледі.

Айбарлы ақындарымыз – Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Кеңшілік Мырзабековтер қазақтың қара өлеңін үлкен биікке көтерді.

Әдебиетіміздің көзі тірі классигі Төлен Әбдік ағамыз, бүгін ортамызда отырған жазушы, белгілі ғалым Қойшығара Салғара ағамыз да өздеріңіздің жерлестеріңіз.

Олардың бәрі торғайлықтар ғана емес, тұтас ұлтымыз мақтан ететін таутұлғалар.

Сондықтан осындай алыптарды дүниеге әкелген Торғайдың ұлтымыздың рухы мен сапасын көтерудегі орны ерекше деп білеміз.

Осы топырақтан шығып тұтас ұлтымыздың ұстазына айналған Ахмет Байтұрсынұлының есімін бәріміз айрықша құрметтейміз.

Жалпы, Ахаң туралы жарты ауыз сөз айтудың өзі үлкен жауапкершілік.

Себебі, ол өте терең, жан-жақты тұлға болды.

Ол ақын, тіл және әдебиет саласындағы ғалым, саясаткер, публицист, педагог болғаны баршамызға белгілі.

Ахмет Байтұрсынұлы осы бағыттардың бәрінде ұлттың білімін молайтып, еркіндікке қол жеткізуіне бар күш-жігерін жұмсады.

Ахаң ұлтына «Қырық мысал» арқылы үн қатып, қазағын «Маса» болып оятуға талпынды.

Қайраткер тұлғаның жетекшілігімен тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті жарық көрді.

Осы басылым ұлы классик Мұхтар Әуезов айтқандай, «қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырып, етек-жеңін жиғызды».

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалады.

Ахаң – төл әліпбиімізді жасаған реформатор.

Еңбек жолының басында және кеңестік биліктің тепкісіне түскен тұста педагогикалық қызметке айрықша мән берді.

Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға қатысты маңызды оқу құралдарын жазды.

Ахаңның саяси қайраткерлік қыры бір бөлек.

Ол ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен және Міржақып Дулатұлымен бірге Алаш қозғалысының басында тұрды.

Осылайша ұлтымызды қаламгерлігімен де, қайраткерлігімен де егемендікке жетеледі.

Сол жолдағы табандылығы таутұлғаның өз өміріне ауыр соққы болып тиді.

Осындай ардақты арысымыздың есімін ұмытпау, ұлт санасында жаңғыртып отыру – баршамызға ортақ міндет.

Себебі, Ахаңның тұлғасы қазақтың әлеуетін, деңгейін, болмысын көрсетеді.

Сондықтан Ахаңның тойы – Алаштың абыройы деп санаймыз.

Ұлтымыздың кемеңгер тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы құтты болсын, ағайын!

Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтқанда, Алаш арыстарын ұмыт қалдыра алмаймыз.

Ахаң сол шоғырдың алдыңғы легінде жүрді.

Алаш қозғалысы қайраткерліктің биігі болды, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісіне айналды.

Алаш арыстары өте күрделі кезеңде өмір сүрді.

Бірақ, қысым мен қудалауға, жала мен жазаға қарамастан ұлт мүддесіне адал болды.

Олардың елеулі еңбегі, ұлты үшін басын бәйгеге тіккен жанкештілігі қандай құрметке де лайық.

Сондықтан Ахаңмен бірге Алаш қайраткерлерін де қатар ұлықтаудың маңызы зор.

Алаш арыстары бізге елдікке деген ұмтылыс тынымсыз күрестен тұратынын ұғындырып кетті десек, қателеспейміз.

Біз сол елдікті, Алаш қайраткерлері аңсаған еркіндікті көрген ұрпақпыз.

Өзіміздің тәуелсіз, егемен елімізді құрдық, мемлекеттілігімізді қалыптастырдық.

Қазіргі таңда елдігімізді одан әрі бекемдеу үшін маңызды реформаларды іске асырып жатырмыз.

Бұл жұмыстар әрі қарай да қарқынды жалғаса береді.

Өздеріңізге белгілі, қазір біз күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз.

Әлемдегі шиеленістер ушығып кетті. Қақтығыстар алыста емес, дәл іргемізде болып жатыр.

Осындай алмағайып кезеңде біз қамсыз отыра алмаймыз.

Елдігімізді сақтау және ұлттық мүддемізді қорғау – ең негізгі міндетіміз.

Президентіміз осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан төрінде сөйлеген сөзінде қазіргі таңда бізге бекем бірлік ауадай қажет екенін айтты.

Бәріміз ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуымыз қажет.

Өздеріңізге жақсы белгілі, Ахаңнан небір асыл сөздер қалған.

Солардың бірінде ұлт ұстазы «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген еді.

Ахмет Байтұрсынұлының осы ұстанымы қазіргідей шешуші сәтте өте маңызды және жалпыға ортақ ұстанымға айналуға тиіс.

Елімізді іргесі мығым, еңсесі тік, әлеуеті зор мемлекет ретінде орнықтыра беруге міндеттіміз.

Мемлекет басшысы айқындап берген жаңа әрі әділетті Қазақстан құру бағдары соны көздейді.

Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Елімізде кешенді саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер іске асырылуда.

Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту.

Ол үшін тұтас елімізді, сондай-ақ әр өңірді өркендетудің маңызы зор.

Жалпы, кейінгі жылдарда Торғайдың даму мәселелері жиі көтерілетінін білеміз.

Президентіміздің жаңа бастамалары қазақ үшін қастерлі мекен саналатын өлкеге тың серпін береді деп ойлаймыз.

Ахаңның мерейтойын өткізудің өзі өңірдің жандануына оң әсерін тигізгені сөзсіз.

Алдағы уақытта да жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Торғай өңірі одан әрі өсіп-өркендейді деп сенеміз.

Атқаратын жұмыс аз емес. Осы бағыттағы бастамаларды сенаторлар өз бақылауында ұстайтын болады.

 

Қадірлі ағайын!

 

Жалпы, осындай мерейтойларды атап өту ұлттық бірегейлігімізді нығайту үшін және елдік жолында жан қиған тұлғалардың қадірін арттыру үшін қажет.

Оның, әсіресе, жас буынға берері мол.

Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға үлкен көңіл бөлуіміз керек.

Мерейтой аясында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз.

Бірқатар елдімекендерге, көшелерге және нысандарға Ахаңның есімі берілді.

Соның ішінде Қостанай халықаралық әуежайын айрықша атап өткен жөн.

Сонымен қатар ұлт ұстазының 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Ахаң туған жерде кесенесі тұрғызылды. Сол жерде музей-үй бой көтерді.

Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткішті бәріміз барып аштық.

Қос арыстың атындағы әдеби музейге реэкспозиция жұмыстары жүргізілді.

Осылардың қатарында бүгінгі ғылыми-практикалық конференция да бар.

Мұның бәрі мерейтой аясында іске асырылған ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана.

Осы сәтті пайдалана отырып, аталған іргелі жұмыстарды атқарған Қостанай облысының әкімдігіне, тиісті мемлекеттік органдарға және зиялы қауым өкілдеріне шынайы алғысымызды білдіреміз!

Әрине, Ахаңды ұлықтау мерейтоймен ғана шектелмеуге тиіс.

Ұлт ұстазының еңбегін насихаттау және оны тану жұмыстары қарқынды жалғаса береді.

Мемлекет бұл бағыттағы бастамаларға үнемі қолдау көрсетеді.

Өздеріңізге белгілі, қазақ қоғамы осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлының    50 жасын дүркіретіп атап өтті.

Яғни, арысымыз заманында-ақ мойындалды.

Сол кезеңде Мұхтар Әуезовтің тереңнен толғап мақала жазғаны белгілі.

Сонда заңғар жазушы Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты тарихта мәңгі сақталатынын айтқан еді.

Рас, Ахаңды ұмыттырғысы келген кер кезеңдер де болған.

Бірақ, әділдік орнап, Алаш қайраткерінің есімі халқымызбен қауышты.

Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті асқақтай түсті десек, қателеспейміз.

Әуезов айтқандай, тарих Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін ұмытқан жоқ, керісінше алыстаған сайын жарқырата көрсетіп келеді.

Қазақ елі барда Ахаңның есімі мен мұрасы ешқашан ұмытылмайтыны анық.

Бұл жолда бәріміз осылай тізе қосып еңбек ете береміз деп сенемін.


Құрметті қауым!

Бүгінгі той – Алаштың тойы, бұл – Алаштың мерейі! Мерейіміз әрдайым үстем болсын!

Ұлт ұстазының тойы құтты болсын!

Қазақ елі жасай берсін!

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мәңгі болсын!

Рахмет!

Бөлісу