Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта Республика күніне орай салтанатты жиын өтті

22.10.2022 307

Республика күніне орай Парламент Сенатында салтанатты жиын өтті.

Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев іс-шараға қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтап, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларацияның тарихи маңызына тоқталып өтті. Сондай-ақ ол елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға назар аударды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр. Олардың барлығы әділетті Қазақстан құру қағидасына табан тірейді. Республика күнінің ұлттық мереке ретінде қайтарылуы да әділеттілік қағидатының жарқын көрінісі екені сөзсіз. Осындай ауқымды жұмыстардың аясында Парламент елдегі тарихи шешімдерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдар қабылдауда. Бұл ретте Сенат депутаттарының және Аппарат қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара барысында Сенат Төрағасы сенаторларға, Аппарат қызметкерлеріне, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан белсенді азаматтарға Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде тапсырды.

«Парасат» орденімен Сенат Вице-Спикері Ольга Перепечина, депутаттар Рысқали Әбдікеров, Бауыржан Қаниев, Дүйсенғазы Мусин және Ләззат Сүлеймен наградталды.

Сенат Аппаратының қызметкерлері қатарында бөлім меңгерушісі Бақыт Ағиса «Құрмет» орденімен, бөлім меңгерушілері Бақытгүл Төлеуова, Нұрбек Алмашов, бөлім меңгерушілерінің орынбасарлары Шолпан Бейсембекова, Қарашаш Исмаилова, Гүлсана Төлепбергенова және Жанар Төлендинова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін ұйымдастыруға және өткізуге айрықша үлес қосқаны үшін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев «Парасат» орденімен, аталған Орталықтың Басқарма төрағасының орынбасары Диана Есенова және «Astana Venue Management» ЖШС-ның бас директоры Мәлік Хасенов «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің ресми өкілі Назым Жанғазинова «Шапағат» медалімен марапатталды.

Сенат Аппараты қызметкерлері – бөлім меңгерушісінің орынбасары Вадим Сүлейменовке және бас консультант Әсел Ертасқа Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы тапсырылды.

Сонымен қатар салтанатты жиында бірқатар Сенат депутаты мен Аппарат қызметкері ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «МПА СНГ 30 лет» мерейтойлық медалімен наградталды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу