Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар азаматтарды әлеуметтік қолдаудың жаңа тетіктері туралы Заң қабылдады

16.03.2023 286

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында депутаттар «2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады.

«Біз бүгін 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды қабылдадық. Осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін бюджетке бірқатар түзету енгізіп отырмыз. Соған байланысты қаражат өңірлерді, аграрлық секторды, энергетиканы дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу сияқты басым міндеттерге бағытталады. Нақты айтқанда, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту үшін бұрын бөлінген қаражатқа қосымша 240 млрд теңге бөлінеді. Бұл, ең алдымен, ауылдық аумақтарды дамыту, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, қала маңын өркендету мәселелерін қамтиды. Биыл қыста болған апаттар жылу нысандарының әбден тозғанын көрсетті. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің жылу энергетикалық жүйесін салуға және қайта жаңартуға қосымша 144 млрд теңге бөлінеді. Аграрлық секторды қолдау үшін тағы 233 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға жеңілдікпен несие беру үшін қолданылады», – деген Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы сапалы және белгіленген мерзімде орындалуға тиіс екенін атап өтті.

Одан бөлек, Сенат Төрағасы жалпы, республикалық бюджеттің әлеуметтік бағыты айқын екенін, бұл ретте мемлекеттік шығындардың жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалатынын айтты. Соған байланысты ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғыртуға, азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, өңірлерде мәдениет және спорт нысандарын салуға баса мән беріледі. Азаматтарға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар да артады. Соның бәріне нақтыланған бюджетте қосымша 300 млрд теңге қарастырылады.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев бюджетті талқылау кезінде сенаторлар көтерген бірқатар маңызды мәселеге тоқталып өтті.

«Ең алдымен, қазір инфляцияны тежеу үшін қатаң шаралар қабылдау қажет. Көрпемізге қарай көсіліп әрекет етуді үйренуге тиіспіз. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілік қатаң болуы керек. Делдалдардың заңсыз әрекеттері және сыбайлас жемқорлық схемалары тауар мен қызметтің бағасына әсер етеді. Айналып келіп, мұның бәрі халықтың қалтасына соғады. Сондықтан ондай заңсыздықтардың жолын кесу қажет. Екіншіден, инженерлік инфрақұрылым проблемаларын шешу мемлекеттік органдардың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі екенін естен шығармауымыз керек. Бұл – ең алдымен жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер. Өткен жылдары осы салада тиісті шешімдер қабылданбады және әртүрлі себептерге байланысты қаражат уақытында бөлінбеді. Соның салдарынан апаттар мен төтенше жағдайлар орын алды. Түптеп келгенде, тағы да халық зардап шекті. Сондықтан жағдайды шұғыл өзгерту қажет. Үшіншіден, қазір іске асырылып жатқан бағдарламалар аясында бизнесті қаржыландырудың да маңызы зор. Нақты секторды несиелендіруді арттыру керек. Бұл мәселені Сенатта үнемі көтеріп келеміз. Осы ретте тұтынушылық несиелердің тез өсуі алаңдатпай қоймайды. Сондықтан бұл мәселені назарда ұстаған абзал. Алдағы уақытта осы бағыттарда жүйелі саясат іске асырылады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Аталған заңдар орталық мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін орталықсыздандыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді көздейді.

Нақты айтқанда, Үкіметтің құрылымдық және инвестициялық саясатты жүзеге асыру, мәдениетті, білім беруді, денсаулық сақтауды, туризм мен спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру, сондай-ақ, Премьер-Министр Кеңсесінің Үкімет аппаратына айналуына байланысты және тағы басқа құзыреттері алынып тасталады. Заң арқылы орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған 21 функция беріледі.

Депутаттардың айтуынша, қабылданған заңдар реттелетін салаларда шешім қабылдауда орталық мемлекеттік органдардың икемділігін, жеделдігін және дербестігін арттыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы мемлекеттік басқарудың дербестігі және мемлекеттік органдар басшыларының жеке жауапкершілігі күшейтіледі.

Палата отырысында сенаторлар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» үш заңды екінші оқылымда қарап, жаңа редакциямен қабылдады.

«Мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі әлеуметтік қамсыздандыру екені белгілі. Біз бүгін осы саладағы жаңа әлеуметтік-құқықтық саясатты қалыптастыруға арналған Әлеуметтік кодексті және оған ілеспе заңдарды қабылдадық. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес осы заңдар аясында халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бірқатар жаңа әлеуметтік тетіктер енгізіледі. Атап айтқанда, азаматтарды ǝлеуметтiк кепілдіктермен жаңа деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін цифрлы отбасы картасы қолданылады. Заңдар арқылы балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау және атаулы әлеуметтік көмек беру тетіктерін жетілдіру көзделген. Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін арнаулы қызметтерге қолжетімділікті арттыратын және оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғауды күшейтетін нормалар да қамтылды. Жалпы, қабылданған заңдар әлеуметтік маңызы бар проблемаларды шешуге және әділ әлеуметтік саясат қалыптастыруға үлкен үлес қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, депутаттар үш халықаралық келісімді қарап, ратификациялады. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Еуразия Даму Банкінің төленген жарғылық капиталындағы Ресей Федерациясы үлесінің бір бөлігін сатып алу және сату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң Еуразиялық Даму Банкі қызметінің жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған.

Ал, «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» заң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялаудың құқықтық негіздерін халықаралық-құқықтық тұрғыдан бекітуге арналған.

«Қабылданған заң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны шегендеуді көздейді. Заң – мемлекеттiк шекараны қорғауға, сондай-ақ, екі бауырлас елдің стратегиялық серіктестігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға өз септігін тигізетіні сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Депутаттардың пікірінше, келесі «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң елімізде халықаралық оқу орындарының филиалдарын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Палата Төрағасы соңғы екі айда Сенат Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындағанын айтып, осы жұмысты қорытындылады.

«Конституцияға сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функциялары Сенатқа жүктелді. Соған байланысты осы екі айда Сенат 36 заң қабылдады. Олардың тоғызы Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Жалпы, осы аралықта қабылданған заңдар Президентіміздің тапсырмаларын орындауға және аса маңызды мәселелерді шешуге арналған. Бұл заңдар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, мемлекеттік құқықтық саясатты жетілдіруге септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының Арал теңізіне жақын аумағында тұратын тұрғындардың денсаулығына алаңдаушылық білдірді.

Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан облысының шаруаларына ауыл шаруашылығы жерлерін сақтауға және еккен егінін ақбөкендердің популяциясынан қорғауға көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

Мұрат Қадырбек Түркістан облысында инфрақұрылым нысандарының құрылысын қаржыландыру мәселесіне тоқталды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу