Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар Жолдаудағы міндеттерге байланысты Сенаттың жаңартылған жұмыс жоспарын талқылады

11.09.2023 200

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген міндеттерді ескере отырып, Палата жұмысының жаңа сессиядағы басымдықтарын талқылады. Сондай-ақ іс-шара барысында 14 қыркүйек күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібі айқындалды.

Бюро отырысында депутаттар VIIІ шақырылымдағы Парламенттің ІІ сессиясына арналған Сенаттың жаңартылған негізгі іс-шаралар жоспарын талқылады. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев сенаторларды ашық және транспарентті форматта жұмыс істеуге, әріптестерімен және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, диалог алаңдарына белсенді қатысуға шақырды.

«Сенаттың ІІ сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында жүктелген міндеттер ескеріле отырып пысықталды. Бұл іс-шаралар мүдделі тараптардың, сарапшылардың, әртүрлі саладағы мамандардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен ашық түрде өтуге тиіс. Мәслихат өкілдерін бірлескен заң шығару жұмысына белсенді жұмылдырудың да маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Сенаттың алдағы отырысында депутаттар халықаралық қызметке қатысты бірқатар заңды қарайды.

Сонымен қатар Бюро отырысында Мәжіліс қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу