Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар балалар қауіпсіздігін күшейту және мектептер мен балабақшаларды ескермей көп қабатты үйлер салуға тыйым салу туралы заңды қабылдады

01.02.2024 357

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Аталған заңның нормаларына сәйкес Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерін жайластыруды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындау мерзімін 108 айға дейін ұзарту ұсынылады. Хаттаманы ратификациялау Еуразиялық экономикалық одақтың толық форматты интеграциялық бірлестік ретінде жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге және нығайтуға ықпал етпек.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Оның негізгі міндеттері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, жетім балаларға арналған тәлімгерлік институтын енгізуді және білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін терезелердің ашылуына тосқауыл қоятын арнайы тетіктерді міндетті түрде орнату бойынша заңнамалық талаптар белгіленеді және мектептер, балабақшалар мен ауруханаларды есепке алмай, көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге тыйым салынады. Одан бөлек, заңда балабақшаларға орын берудің бірыңғай кезегін және мектептерде ұялы телефондарды пайдалану ережелерін белгілеу жөнінде нормалар қарастырылған. Бұл ата-аналар үшін маңызды жаңалық екенін анық.

Сонымен қатар, сенаторлар мақұлдаған аталған заңға сәйкес, енді кәмелетке толған азаматтар балалар үйінде тұратын жетім балаларға тәлімгер бола алады. Құжатта осы өтеусіз қызметке үміткер кандидаттарға қойылатын талаптар мен құқықтар және жүктелетін міндеттер көрсетілген.

«Мемлекет басшысы баларға білім беру, сондай-ақ, олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Президентіміздің бастамасымен педагогтардың мәртебесін көтеру, осы мамандықты таңдаған студенттердің стипендиясын ұлғайту, балабақша тәрбиешілерінің жағдайын жақсарту сияқты ауқымды шаралар іске асырылуда. Бүгін мақұлданған заң бұл саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейтін маңызды түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда, балалар қауіпсіздігіне қатысты жаңа ережелер қарастырылған. Осы заң арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институты енгізіледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң жас ұрпақтың мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар маңызды мәселелерге қатысты өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Андрей Лукин елімізде вандализм оқиғаларының жиілеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат вандализм үшін жазаны қатаңдатуды және болашақта олардың алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды.

Геннадий Шиповских құрылыс саласындағы проблемаларды көтеріп, жосықсыз құрылыс салушылардың қызметіне бақылауды арттыру қажет екенін айтты.

Сұлтанбек Мәкежанов отандық автопаркті жаңарту және халықты автокөлікпен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін қолға алынған жеңілдетілген автонесиелеу мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысты проблемаларды атап өтті.

Амангелді Нұғманов Үкіметтің назарын Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Жайсан» өткізу пунктінің шамадан тыс жүктелуіне және елдегі теміржол вокзалдарының жай-күйіне қатысты түйткілдерге аударды.

Амангелді Толамисов Үкіметті медицина қызметкерлерін өз міндеттерін атқару кезінде қорғауды күшейтуге және олардың мәртебесін осы тұрғыда әскери және полиция мәртебесіне теңестіруге шақырды.

Дархан Қыдырәлі ауылдық жерлерде тұрғындар үшін демалыс уақыттарын тиімді өткізетін орталықтардың жетіспейтінін айтты. Мұндай келеңсіздік жастардың мәдениетін қалыптастыруға кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, сенатор атап өткендей, осы саланы дамыту бойынша қосымша шараларды қарастыру қажет.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу