Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Кеңес ережесі

                                                                2007 жылғы 19 қарашадағы 

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенаты Бюросының

№30-IV  CБ қаулысымен

бекітілген

 

 2008 жылғы 17 қаңтардағы

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенаты Бюросының

№40-IV CБ қаулысымен өзгеріс

енгізілген

 

2017 жылғы 23 қазандағы

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенаты Бюросының

№155-VI CБ қаулысымен өзгерістер

енгізілген

 

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы

Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара

іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес туралы

ЕРЕЖЕ

 

 

Осы Ереже Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің мәртебесін, өкілеттігін және оның қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

 

  1. Жалпы ережелер

     

    1.1. Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және жергілікті мемлекеттік басқару және өңірлерді дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстарды әзірлеу мақсатында құрылады.

    1.2. Кеңес қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

    1.3. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

     

     

  2. Кеңестің негізгі міндеттері

 

Кеңестің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

2.1. Өңірлерді дамыту, жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу.

2.2. Жергілікті мемлекеттік басқаруды және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың негізгі бағыттары бойынша, оның ішінде Парламенттік тыңдауларды дайындау кезінде, ұсынымдар әзірлеу.

2.3. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілді органдармен (мәслихаттармен), қоғамдық, ғылыми және өзге де ұйымдармен жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы заң шығару мәселелері бойынша өзара
іс-қимыл жасауына қолғабыс жасау.

2.4. Мемлекеттік органдардың жергілікті мемлекеттік басқаруды дамыту мәселелеріне тікелей қатысты шешімдерін іске асырудың ықтимал нәтижелеріне талдау жасау және тиісті ұсынымдар әзірлеу.

2.5. Жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) депутаттарының қатысуымен бірлескен кездесулер, семинарлар, «дөңгелек үстел» отырыстарын және өзге де іс-шараларды өткізуге қолғабыс жасау.

2.6. Жергілікті өкілді органдар депутаттарының және олардың аппараттары қызметкерлерінің біліктілігін және кәсіби деңгейін арттыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қолғабыс жасау.

 

3. Кеңестің құрамы және құрылымы

 

3.1. Кеңесті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы анықтайтын төраға басқарады.

3.2. Кеңес төрағасының орынбасарын және Кеңес хатшысын Кеңес құрамынан оның мүшелері сайлайды.

3.3. Кеңестің Төрағасы:

1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Кеңестің құрамы бойынша ұсыныс енгізеді;

3) Кеңес төрағасы орынбасарының және Кеңес хатшысының кандидатуралары бойынша ұсыныстар енгізеді;

4) Кеңес отырыстарының өткізілетін орнын, күнін және уақытын айқындайды;

5) оның отырыстарында төрағалық етеді;

6) Кеңес Төрағасының орынбасарына, Кеңес хатшысына және Кеңестің мүшелеріне тапсырма береді;

7) мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Кеңес атынан өкілдік білдіреді;

8) Кеңес қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.

3.4. Кеңестің құрамы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан құрылады.

Кеңес құрамына Қазақстан мәслихаттарының депутаттары  бірлестігінің төрағасы және «Өңір» депутаттық тобының басшысы кіреді.

Кеңес құрамына өзге адамдарды қосу және одан шығу Кеңес төрағасының ұсынысы бойынша Кеңестің шешімімен жүзеге асырылады.

Кеңес құрамы Кеңестің шешімімен бекітіледі.

Сілтеме. Өзгерістер енгізілді- Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының 17.01.2008 ж. және 23.10.2017 ж.  қаулылары

 

4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

 

4.1. Кеңестің отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі.

4.2. Кеңестің отырысы, егер оған Кеңес мүшелері жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды болады.

4.3. Кеңестің жұмысы оның отырыстарында бекітілетін жарты жылдық жоспарлар негізінде жүзеге асырылады.

4.4. Кеңестің шешімі қатысушылардың жай көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады.

4.5. Кеңестің шешімі Кеңес Төрағасы не оны алмастыратын адам қол қойған хаттамамен бекітіледі.

4.6.  Кеңес Төрағасы болмаған кезде оның жұмысын (оның тапсырмасы бойынша) Кеңес Төрағасының орынбасары атқарады.

4.7. Кеңес мүшелерінің

1) Кеңес өткізетін барлық іс-шараларға қатысуға;

2) Кеңес жұмысының жоспары және оның отырыстарының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ Кеңес құзыретінің шегінде талқыланатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге;

3) Кеңес шешімдерінің жобаларын және Кеңес отырыстары мен ол ұйымдастыратын өзге де іс-шаралардың материалдарын дайындауға қатысуға;

4) Кеңес жұмысына қатысты материалдармен танысуға құқығы бар.

4.8 Кеңес хатшысы:

1) Кеңес жұмысы жоспарының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

2) оның отырыстарының күн тәртібінің жобаларын қалыптастырады;

3) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

4) Кеңес мүшелерін Кеңестің кезекті отырысының өткізілетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабардар етеді, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

5) Кеңес отырыстары хаттамаларының көшірмелеріне өз қолын қойып, куәландырады.

Сілтеме. Өзгеріс енгізілді- Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының 23.10.2017ж. қаулысы

 

 

 

 

5. Кеңес қызметін қамтамасыз ету

 

5.1. Кеңес қызметін ұйымдастыруды және өзге де қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты жүзеге асырады.

 

 

_______________________________