Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Кеңес ережесі

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенаты Бюросының

2019 жылғы «4» шілдедегі №324-VIБС

қаулысымен бекітілген

 

Сенаторлар кеңесі туралы

ЕРЕЖЕ

 

         Осы Ереже Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мәртебесін, өкілеттіктерін және оның қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

 

  1. Жалпы ережелер

     

    1. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесі (бұдан әріКеңес) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және жұмыс істеп жүрген және бұрынғы депутаттарының ұсыныстар әзірлеуі, тәжірибе алмасуы, Қазақстан Республикасында парламентаризмді дамытуға бағытталған іс-шараларды өткізу мақсатында құрылады.

    2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Регламенті, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже Кеңес қызметінің құқықтық негізін құрайды. 

    3. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

     

  2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

 

4. Кеңестің негізгі міндеттері:

1) Кеңес мүшелерінің күш-жігерін елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін біріктіру;

2) Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне, Үкіметіне, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға мемлекеттік саясатты жүргізуге және елді дамыту бойынша қабылданған бағдарламаларды іске асыруға жәрдем көрсету;

3) мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілердің дәл және мүлтіксіз орындалуына жәрдем көрсету;

4) ел азаматтарының азаматтық, экономикалық және әлеуметтік құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және қорғау;

5) жеке тұлғаның иманды және рухани дамуына, оның өзінің азаматтық борышы мен міндетін түсінуі үшін қайырымдылық, адамгершілік және риясыз өзара көмек қағидаттарында азаматтық қоғамның қалыптасуына белсенді араласу;

6) қызметі Кеңес мақсаттарына жауап беретін қоғамдық және өзге де ұйымдармен тығыз ынтымақтастық негізінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдем көрсету бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

5. Кеңестің функциялары:

1) Кеңес мүшелерінің күш-жігерін, интеллектуалдық, шығармашылық және іскерлік әлеуетін әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге, Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресіне ықпал ететін жасампаз іс-шараларды өткізуге біріктіру;

2) республикамыздың жетістіктерін насихаттау, халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдармен, зерттеу орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы елімізде және шет елдерде Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға жәрдемдесу;

3) өзекті мәселелер бойынша ауқымды пікірталастарға бастамашылық жасау, идеялар мен шетелдік тәжірибені трансферттеу, жаһандық процестерге және олардың Қазақстанға әсеріне талдау мен мониторинг жүргізу арқылы елімізде кәсіптік сараптамалық қауымдастықтың қалыптасуына жәрдемдесу;

4) Қазақстан Республикасы азаматтары құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында жағдайды өзгерту бойынша уәкілетті органдар мен лауазымды адамдарға ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу;

5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте, көші-қон саясаты саласындағы және басқа да салалардағы жағымсыз құбылыстар кезінде құқық қорғау және бақылау-қадағалау мемлекеттік органдары жұмысының сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында оларға жәрдемдесу үшін құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау жүйесін құру;

6) Кеңес мүшелеріне біліктілікті арттыруда, әлеуметтік-экономикалық және басқару қызметінің жаңа нысандары мен әдістерін, озық отандық және шетелдік тәжірибені меңгеруге көмек көрсету;

7) Кеңес мүшелеріне ұйымдастырушылық, ақпараттық және өзге де қолдау көрсету;

8) халыққа Кеңестің жүргізіп отырған жұмысы мен қызметінің нәтижелері туралы уақтылы ақпарат беру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен (теледидар, радио, баспа басылымдары, интернет және т.б.) жүйелі жұмысты жүзеге асыру;

9) жастармен лекциялар және кездесулер өткізу, мемлекеттік саясатты түсіндіру арқылы жоғары білімді патриот жастардың қалыптасуына жәрдемдесу;

10) заңнамалық актілердің, мемлекеттік бағдарламалардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қорытындылар дайындау, ұсыныстар әзірлеу, оларды тиісті мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға жіберу;

11) әлеуметтік-экономикалық өмірдің әртүрлі салаларында (мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және т.б.) зерттеулер жүргізу және туындаған проблемаларды тиімді шешу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;

12) арнайы, оның ішінде халықаралық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар өткізу;

13) жыл сайынғы есепті тарату арқылы Кеңес қызметі туралы Кеңес мүшелеріне ақпарат беру болып табылады.

 

3. Кеңес құрамы

 

6. Кеңес құрамы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жұмыс істеп жүрген және бұрынғы депутаттары, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатарынан ерікті негізде құрылады.

7. Кеңестің дербес құрамын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы бекітеді.

Азаматтарды Кеңес мүшесі етіп қабылдау Кеңес Төрағасының шешімі бойынша жазбаша өтініш негізінде жүргізіледі.

8. Кеңесті Төраға – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы не Төрағаның тапсырмасы бойынша Төраға орынбасарларының бірі басқарады. Кеңес құрамы ішінен Кеңес Төрағасының орынбасары мен хатшысы сайланады.

9. Кеңес Төрағасы:

1) Кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Кеңес Төрағасының орынбасары мен хатшысының кандидатуралары бойынша ұсыныстар енгізеді;

3) Кеңес отырысын өткізу күнін, орнын және уақытын белгілейді;

4) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

5) Кеңес Төрағасының орынбасарына, Кеңес хатшысына және мүшелеріне тапсырма береді;

6) Кеңес қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.


4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

 

10. Кеңес отырысы қажеттілігіне қарай және жарты жылда кемінде бір рет Төраға айқындаған мерзімде өткізіледі.

11. Кеңес отырысында оның құрамының кемінде жартысы болған кезде  Кеңес отырысы заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге адамдарға беруіне жол берілмейді.

12. Кеңес шешімі ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысушы Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген кезде төрағалық етуші адамның даусы шешуші болып табылады.

13. Кеңес шешімі Кеңес Төрағасы не оны алмастыратын адам қол қойған хаттамамен ресімделеді.

14. Кеңес Төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын (өзінің тапсыруы бойынша) Кеңес Төрағасының орынбасары орындайды.

15. Кеңес мүшелерінің:

1) Кеңес өткізетін барлық іс-шараларға қатысуға;

2) Кеңес отырысының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ Кеңес құзыреті шеңберінде талқыланатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге;

3) Кеңес отырысына және Кеңес ұйымдастыратын өзге де шараларға шешімдердің жобалары мен материалдарды дайындауға қатысуға;

4) Кеңес міндеттерін іске асыру үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан заңнамада белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

5) ғалымдар мен тәуелсіз сарапшыларды, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің  өкілдерін заңнамалық процесті жетілдіру жұмысына тартуға;

6) Кеңес жұмысына қатысты материалдармен танысуға;

7) ел ішінде және оның шегінен тыс жерлерде ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысуға, сондай-ақ Кеңестің тапсырмасы бойынша әртүрлі мемлекеттік, қоғамдық, жеке меншік және халықаралық ұйымдар жұмысында Кеңестің мүдделерін білдіруге;

8) Кеңес құрамынан шығуға;

9) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ғимаратына кіруге;

10) Кеңес өз мүшелеріне беретін өзге де құқықтардың болуына құқығы бар.

16. Кеңес мүшелері:

1) осы Ереженің нормаларын сақтауға;

2) Кеңеске қатысты қабылданған міндеттемелерді орындауға;

3) Кеңестің практикалық жұмысына қатысуға және өз қызметі туралы есеп беруге;

4) Кеңестің отырыстарына қатысуға;

5) Кеңестің беделі мен имиджіне қамқорлық танытуға;

6) Кеңес шешімдерінің орындалуына жәрдемдесуге;

7) Кеңестің беделі мен өзге де мүдделеріне нұқсан келтіретін қандай да бір қызмет түрінен тартынуға;

8) Кеңес басшылығының шешімі бойынша өткізілетін іс-шараларға қатысуға;

9) Кеңестің құзыретіне жататын  нақты мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты Кеңеске ұсынуға міндетті.

17. Кеңес хатшысы:

1) оның отырыстары күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

2) кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ шешімдердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

3) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

4) өзінің қолтаңбасымен Кеңес отырыстары хаттамаларынан үзінділерді растайды;

5) Кеңес Төрағасының өзге де тапсырмаларын орындайды.

                      5. Кеңестің қызметін қамтамасыз ету

 

18. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

19. Кеңес мүшелері қызметінің шығыстары олардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

 

6. Кеңестің қызметін тоқтату

 

20. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының шешімі Кеңес қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.

 

 

___________________