Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Кеңес ережесі

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенаты Бюросының

2020 жылғы 09 сәуірдегі 

№ 404 қаулысымен

бекітілген

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы

Агроөнеркәсіптік кешенді, жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі кеңес туралы

ЕРЕЖЕ

Осы Ереже Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Агроөнеркәсіптік кешенді, жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі кеңестің мәртебесін, өкілеттіктерін және оның қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

1. Жалпы ережелер

1. Агроөнеркәсіптік кешенді, жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл және химия өнеркәсібі саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында құрылады.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже Кеңес қызметінің құқықтық негізін құрайды. 

3. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

4. Кеңестің негізгі міндеті агроөнеркәсіптік кешенді, жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар тұжырымдау болып табылады.

5. Кеңестің функциялары мыналар болып табылады: 

1) агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл және химия өнеркәсібі саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды қарау және тұжырымдау;

2) мемлекеттің аграрлық және өнеркәсіптік саясатын, стратегиялық жоспарларды, мемлекеттік және өзге де бағдарламаларды, реттелетін салалардағы жобаларды қалыптастыру бойынша ұсынымдарды тұжырымдау;

3) агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл және химия өнеркәсібі қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;

4) өз құзыреті шегінде Агроөнеркәсіптік кешенді, жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі кеңеске жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

3. Кеңестің құрамы

6. Кеңес құрамы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басқа да лауазымды адамдары, қоғамдық бірлестіктер мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, жеңіл және химия өнеркәсібі саласы тауарларын өндірушілер қатарынан қалыптастырылады.

7. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Кеңес Төрағасы болып табылады. Кеңес құрамынан Төрағаның орынбасарлары және Кеңес хатшысы сайланады.

8. Кеңес Төрағасы:

1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Кеңестің құрамы бойынша ұсыныс енгізеді;

3) Кеңес Төрағасы орынбасарларының және Кеңес хатшысының кандидатуралары бойынша ұсыныстар енгізеді;

4) Кеңес отырыстарын өткізу күнін, орны мен уақытын айқындайды;

5) Кеңестің отырыстарында төрағалық етеді;

6) Кеңес Төрағасының орынбасарларына, хатшысына және мүшелеріне тапсырма береді;

7) Кеңес қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.

9. Кеңестің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдерін және азаматтарды агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл және химия өнеркәсібі саласындағы заңнамасын жетілдіру жөніндегі мәселелерді талқылауға тартуға құқығы бар.

4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

10. Кеңес отырысы қажеттілігіне қарай және Кеңес Төрағасы айқындаған мерзімдерде, жылына кем дегенде бір рет өткізіледі.

11. Кеңес жұмысы мынадай Жұмыс топтары бойынша жүзеге асырылады:

1) Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жұмыс тобы. Жауапты адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып табылады;

2) Жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі жұмыс тобы. Жауапты адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болып табылады.

12. Кеңес жұмысы оның отырыстарында бекітілген жылдық жоспар негізінде жүзеге асырылады.

13. Кеңес (Жұмыс тобының) отырысы оның мүшелерінің үштен екісі болған кезде заңды болады. Кеңес (Жұмыс тобы) мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.

14. Кеңес (Жұмыс тобының) шешімі ашық дауыс берумен отырысқа қатысушы Кеңес (Жұмыс тобы) мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен немесе Кеңес (Жұмыс тобы) мүшелерінен жазбаша сауал алу жолымен қабылданады. Дауыстардың тең бөлінуі кезінде төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

15. Кеңес (Жұмыс тобының) шешімдері Кеңес Төрағасы не оны алмастыратын адам қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

16. Кеңес Төрағасы болмағанда оның функцияларын (оның тапсырмасы бойынша) Кеңес Төрағасының орынбасарларының бірі орындайды.

17. Кеңес (Жұмыс тобы) мүшелерінің:

1) Кеңес (Жұмыс тобы) өткізетін барлық іс-шараларға қатысуға;

2) Кеңес жұмысының жоспары және оның отырыстарының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ Кеңес құзыреті шеңберінде талқыланатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге;

3) Кеңес (Жұмыс тобының) отырыстарына және Кеңес ұйымдастыратын өзге де іс-шараларға шешім жобалары мен материалдар әзірлеуге қатысуға;

4) Кеңес жұмысына қатысы бар материалдармен танысуға құқығы бар.

18. Кеңес хатшысы Жұмыс тобының хатшысымен бірлесіп:

1) Кеңес жұмысы жоспарының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

2) оның отырыстарының күн тәртібі жобасын қалыптастырады;

3) Кеңес отырыстарына материалдар дайындауды, сондай-ақ хаттама шешімдерінің жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

4) Кеңес мүшелерін Кеңестің кезекті отырысының өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабардар етеді, оларды дер кезінде қажетті материалдармен қамтамасыз етеді;

5) Кеңес отырыстары хаттамаларынан үзінді көшірмелерді өз қолымен растайды;

6) Кеңес Төрағасының өзге де тапсырмаларын орындайды.

5. Кеңестің қызметін қамтамасыз ету

19. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты Кеңестің жұмыс органы болып табылады.