Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Статья "сана сілкінісіндегі құбылыс" (Егемен Қазақстан №2 (29233) 4 января, четверг 2018 год )

04.01.2018 0

https://pdf.egemen.kz/pdfs/2018/01/04012018-web1.pdf

 

Рухани жаңғыру- ұлттық санадан бастау алуы тиіс.

 

Күллі, ой-әлемімізді, сана-сезімімізді дүр сілкіндірген Елбасының сан қырлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазір өзімізде ғана емес ниеті мен тілегі бір көптеген көршілес елдерде де қызу талқыланып жатыр. Демек рухани жаңғыру біздің ғана емес тілі, діні бөлек елдердің де көкейінде жүрген түйткіл екен. Ал, оған қозғау салу үшін бір кемеңгердің дуалы аузынан айтылуы керек еді...Көшбасшымыз осынысымен тағы да ғаламдық ой тастап сарабдал саясатшы екендігін  көрсете білді.

         Ал, осы рухани жаңғыруды саяси тілмен айтсақ, мемлекет идеологиясының-ұлттық идеясы деуге болады. Өйткені, мемлекеттің идеологиясы оның құрылымы арқылы қалыптасып қанат жаяды. Көп болып қолға алып отырған рухани жаңғырудың басты міндеті ол-мемлекеттің ірге тасын қалайтын түпқалта ұлттың ата-бабасынан мұра болып қалған, сол халыққа ған тән ұлттық құндылықтарын жүйелеп, кезегімен қоғам дамуының механизмдері һәм идеологиясы етіп ендіру десек болады.

         Қай кезде де осы ұлан –байтақ даланы келер ұрпаққа аман-есен аманаттау жолында Жұбан ақын айтпақшы : «Мың өліп, мың тірілген» сол халықты, бізді қойып әлемнің ең алпауыт елдерін қыспаққа алып отырған экономикалық-қаржылық қиындықтардан шығынсыз шығарып келе жатқан Елбасы терең ойлы мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі керек  яғни одан бұрын жаңғыруы тиіс», «Жаңғыру халықтың ұлттық тамырынан нәр алуы керек» деп ұлт көкейіндегі асыл ойды дөп баса білген. Сөйтеді де: «Егер жаңғыру елдің ұлттық тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деп алаңдаушылығын да білдіреді. Міне, ең негізгі мәселенің бірі қайда жатыр? Яғни ел дамуындағы еңбір өзекті мәселенің бірі-рухани жаңғырудың басында ұлтымыз бен оның ғасырлар бойы жинақталған рухани-құндылықтары тұруы тиіс.

         Немістің ақылман қариясы, ұлы ойшыл-философы-Ницше: «Дүние дамуының үш жолы бар. Алғашқысы табиғи-эволюциялық, келесісі революциялық, соңғысы реформалық» деген екен. Құнарлы нәрден қанып ішкен рухани тамырымыз тереңде екеніне тәубә деуіміз керек. Заман көшінде аталған даму жолының бәрін көрсе де діңі берік, ұстыны бекем ұлтымыз тарих көшінен қала қойған жоқ. Қайта  қаншама қиыншылық көрсе де грек мифологиясындағы «қайта тірілетін» Феникс құс құсап дүр сілкініп өз жолын таба білді.

         Міне сол, тамыры жеті қат жер астындағы алып бәйтерек сонау көшпелілер дәуірінен аман-есен өтіп, ХХІ ғасырдың сауалға толы, астау-бастауынан рухани нәр алып жапырағын жаңа  заманға қарата жайып тұр. Яғни сол ұлттың рухани болмысын, жұдырықтай жұмылған егемен елдің бірлігін, көздің қарашығындай сақтау-сіз бен біздің қасиетті парызымыз.

         Аталған аталы толғаудың келесі бір бөлімі «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деп аталған екен. Сонда қолмен қойғандай етіп: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, барлық жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деп көрсетілген.

         «Рухани жаңғырудың негізгі іргетасы ол- ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру деген құр жаңғырық болып қалады» деп атап көрсеткен Президент пайымында салмағы батпан ой жатыр. Ал, ұлттық код дегеніміз ұлтымыздың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары емес пе? Ұлттық рухы, өзіндік мені жоғалған халықтың барар жері құрдым екенін әлемдік тарихтан білеміз. Елбасының әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін алдымен рухани деңгейіміз көтерілуі керек екенін баса айтқанын естен шығармауымыз керек. Техникалық жағынан қаншама алға кетсе де рухани жағынан азғындыққа жол беріп жатқан көптеген Еуропа елдерін мысал ретінде айтуға болады. Сол елдердегі ер адамның ер адамға заңды некеге тұруын, оны көпшіліктің қолдауын азғындықтың шыңы десек болмай ма!? Жақында ғана көзіміз түскен Швейцарияның бір газетінен, «Заманауи талапқа сай үздік ресторанға жұмысқа тек жас қыздар мен көгілдірлерді қабылдаймыз» деген хабарландыруды оқып(голубой) жанымыз түршіккені бар. Елбасының көреген саясатына  тереңдей білсек, түптің түбінде техникалық жағынанда , рухани жағынан да жан-жақты дамыған елдер қатарына енетін бірден-бір ел-Қазақстан екеніне көзіңіз кәміл жетеді.Өйткені біз рухани тіні, ділі,діңі таза әлемдегі бірегей ұлтпыз. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын тазалық пен бекзаттық әлемде жоқ қасиетіміз  екеніне мақтануымыз керек. Демек ұлтымыздың жарқын болашағы алда екеніне күмән жоқ.

         Осы орайда кез-келген ұлттың деңгейін, рухани ахуалын көрсететін рух бәйгесіне қатысты бір мысал келтіре кетпекпін.

         Көзі тірісінде-ақ «Адамзаттың Айтматовы» атанған, шын мәніндегі ұлы жазушы-Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовпен елімізде де, өзі көп жыл қырғыз елінің елшісі болған еуропа жерінде де талай рет дәмдес, сапарлас, сырлас болып, қаншама рет телегей-теңіз білімінен сусындағанымды мақтан тұта отырып, күні бүгін сағынышпен еске аламын. Сол кездері атақ-абыройы әлемді көктеп өткен жазушы ағамызды Еуропаның беделді әдеби қауымы өздеріне құрметті мүше етіп қабылдаған екен. Артынша-ақ ең лауазымды әдеби сыйлық беретін комиссияға мүше етіп сайлап та қояды. Не керек кезекті бір әдеби сыйлыққа жүлде беру кезінде тоғыз комиссия мүшесі бір төбе, Шыңғыс ағамыз бір  төбе болып екіге жарылады. Істің мәнісі мынау екен...Әлгі жүлде алайын деп отырған шығарманың бас кейіпкері, қаһарманы нағыз көгілдір болып шығыпты. Міне, осы пәлекетке жүлде бермек көрінеді...Онысымен тұрмай «Адам құқығын бар жерде қорғауымыз керек, бәріміз теңбіз» деген жексұрын идеясын әлемге жайып жүрген сұмның бірі екен. Бұған қатты қапаланған Шыңғыс аға: «Біріншіден – мен мұндай сорақы комиссияға мүше болып отырғаныма өкінемін. Содан соң мені осы мүшеліктен шығарып тастасаңыздар да, ауыз айтуға бармайтын әлгіндей кейіпкері бар шығарманы ешқашанда жүлделі орынға ұсынбаймын. Бұл берісі ер азаматты, арысы адамзатты қорлау» деп үзілді- кесілді бас тартады.      Міне, дамыған делінетін кейбір Еуропа елдеріндегі рухани ахуал. Елбасының көрегендікпен айтқан ойларының түпкі мәніне осыдан-ақ көз жеткізуге болатындай. Яғни, адами азғындық жайлаған кез-келген елде болашақ жоқ деген сөз.

         Бүгінде оң нәтижесін беріп жатқан «Туған жерге туыңды тік», «Туған жер» бағдарламаларын нағыз патриотизмнің көрінісі десек болады. Туған жер тарихын жете тану, елді мекендерді заманауи талаптарға  сай абаттандыру, бабаларымыздың көзі, тарихи ескерткіштерді жаңарта отырып, қалпына келтіру сынды жұмыстарды ұлт жаңғыруының өзегі десек болады.  Тарихи ескерткіштер дегенді тек бал-бал тастармен кесенелер деп қана түсінуге болмайды. Ғасырлар бұрын көне тарихы тас қашау жазуға таңбаланған (Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштеріндегі руна жазуы...) бірегей ұлт емеспіз бе, біздің тарих теңізінен қопара сүзіп алатын рухани мұраларымыз ұшан теңіз десек болады.

         Сонау 2005-2009 жылдары Отырар ауданында әкім болып жүргенімде тарихи төл мұраларымыздың ізімен Сирияда, Дамаскіде болып қайтқан кездеріміз Елбасы мақаласынан соң ойға оралып отырғаны...

         И-ә, «Халық сұраса хан түйесін сояды» демекші бұл бір шежіре тұнған, киелі Отырар елінің абыз ақсақалдары мұрындық болған, естен кетпес сапар еді.  Алғаш қозғау салған сол кездегі Аудандық ардагерлер кеңесінің               мүшесі болған, ҰОС ардагері, марқұм Қалмағанбет Әшірбаев ақсақал болатын. Басты мақсатымыз «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ұлы ғалымымыз, жерлесіміз Әл-Фараби мен батырлардың батыры Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтандар жатқан қасиетті топырақты туған жеріне жеткізу, қасиетті рухтарын оралту болатын. Көп ұзамай делегация құрамында еліміздің Бас Муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, демеуші әрі алғаш ұйымдастырушысы «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, Әбу-Насыр Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің ректоры Төлеген Қожамқұлов, Шәуілдірдегі «Ақындар музейінің» директоры, руханият жанашыры Абдулла Жұмашов сынды елге танымал жандар ұлы бабамыздың туған жері Фараб-Уасидж- Оқсыздан(Отырар ауданы) топырақ алып, елге сыйлы Құтым Ордабаев, Қолдас Жұмабаев, Қалеке Әшірбаев, Қарахан Сартпаев, Сағындық Қыдыров сынды ақсақалдардан бата алып, біссімілдә деп Сирияның Шам-Дамаск қаласына аттандық. Сонымен мың жылдан астам тарихы бар, атын тек «Мың бір түн» секілді ертегі кітаптардан ғана есіткен арман қала Шам-Дамаскідегі Әл-Фараби бабамыздың «Баб-ас-сағыр» мазаратындағы зиратына және Мысырды 17 жыл 2ай 12 күн билеген жау жүрек бабамыз Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның зиратына елден алып келген топырақты салып, бір уыс топырақтарын туған жеріне арулап алып қайттық. Осылайша ғасырлар бойы жат жерде жатқан ұлы бабаларымыздың рухын елімен қауыштыруға себеп болған едік.  Мұндағы баса айтпағым осыдан он жылдай бұрын Елбасының қолдауымен, қозғау салуымен осындай тағлыммен келешек жастарға берері, айтары мол сапарға аттанғанымыз болатын.

                 «Құс қайта оралды, Алматыма...»

         Осы әсем әннің мәтінін сәл-пәл өзгертіп, «Көш қайта оралды туған жерге» десек нақты шындықтан алыс кете қоймаспыз. Шүкір дейміз, көк байрағымызды БҰҰ-ның төрінде желбіретіп, шекарамызды тасқамал шегендеп,  қуатты да заманауи әскер құрып,  егемен ел атанғанымызға 25 жылдан енді ғана асса да әлемдегі ең дамыған елдердің көшіне қосыла білдік. Халық көкейінен шыға білген «Мәңгілік ел» идеясына ұлт болып ұмтыла білсек әлі талай асулардан асатынымызға сеніміміз кәміл.

         Жапон ғалымдарының сараптамалық-ғылыми пікіріне сүйенсек қуатты да,  жан-жақты дамыған ел болу үшін әрбір мемлекеттің түпқазық ұлтының сан мөлшері 70 пайыздан асуы керек екен.  Бұл тарихи дәлелденген аксиома көрінеді.  Егемен ел атанып, көк байрағымызды желбіреткен 1991 жылдан бастап туған жерге 1 миллионнан астам қандасымыз көшіп келіпті. Кезінде әртүрлі зобалаң, солақай саясаттың кесірінен миллиондап қырылған, мыңдап ел ауған жұртымыз тәуелсіздік таңының арқасында туған жерлерімен қайтып қуана қауышты. «Аңсаған көңіліңде көп арман бар, Қош келдің ата жұртқа оралмандар. Егемен ел болды деп Қазақстан, Бақ тілеп, ақ білекпен оралғандар» деп қандастарымызды қарсы алдық. Бұл демографиямызға зор дүмпу әкелді. Айта кетеріміз бізді ғана емес, әлемді шарпыған  экономикалық кедергілердің кесірінен көші-қон мәселесі біршама саябырсып қалған еді. Артынша осыған байланысты ұлт мүддесін көздеген заң да шықты. Нық сеніммен айтарымыз құжатталған іс-қимылымыз жүзеге аса беретін болса көп ұзамай-ақ халқымыздың саны 75 пайыздан асатын болады. Яғни, шет елдерден де, туған жерден де ағылған қандастарымыз қосылып, экономикасы қарыштап, демографиясы шалқыған ел боларымызға күмән жоқ.

         Қашанда ұлттық шеңберде шектеліп қалуға болмайтынын, халықаралық аренаға шығу керектігін Елбасы мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлігінен оқуға болады. Қазақ жұрты көптен алаңдай күткен жазу мәселесіне де осы жолы өз байламын жария етті. Соның бірі де,  бірегейі латын әліпбиіне көшу мәселесі еді. Елбасы бұл қадамға «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» қана тілдің барлық қағидасын ұстанып, асықпай барды деп білеміз. Тәуелсіздік ала сала ойланбай кірісіп кетсек, опық жеп қалуымыз мүмкін еді. Ондай жағдайларды да естіп жатырмыз. Сондықтан да, Елбасы мұндай аса маңызды  істе асығыстыққа жол бермей, басқа елдердің тәжірибесін мұқият ой елегінен өткізе отырып барып, шешім қабылдады. Қазақстанда мемлекеттік тіл-қазақ тілі. Онда тұратын барлық халықты ұйымдастыратын, ұлтымыздың болашағын айқындайтын ең басым тіл. Дегенмен өмір заңына, оның өзіндік ағымына  сай өзге тілдерді де, меңгеруіміз уақыт талабы болып отыр. Сонан соң, ұлттың тағдыры 50-60 жылмен ғана өлшенбейді. Уақыты, дер кезі келген латын тіліне байыппен көшсек, кириил қарпімен жазған барлық дүниелерімізді ақырындап, көшіріп аламыз. Қазір әлемнің 112 мемлекеті латын, 48 мемлекеті араб әліпбиін қолданады екен. Байқап қарасақ  төңірегімізде кириллицада тек қырғыз бен біз ғана қалыппыз. Ал, әлемдік жаһандану үрдісі біз қаласақ та, қаламасақ та өз жолымен, үрдісімен жүріп жатыр, солай болады да. Мұндай жағдайда еліміз оқшауланып қала алмайды. Себебі еліміз әлемдік бәсекеге түсіп қана қоймай үздіктер қатарынан көрінуге ұмтылуда. Ерекшелеп айта кетеріміз латын әліпбиі арқылы қазақша мәтінді кез-келген шетел ғалымы оқи алады. Осы жағынан келсек латын әліпбиінің замана сұранысы, жаһандану талабы екенін есте сақтағанымыз жөн. Тереңінен бағамдай қарасақ үшінші мыңжылдықтың басындағы алмағайыптау заманда әліппемізді ауыстыруымызды тарихи шешім десек те болады. Оның жемісін  келер ұрпағымыз көретініне күмән жоқ. Заман талабына сай жазуымызды жаңғыртсақ, тілді, елді жаңғыртатынымызды ұмытпағанымыз жөн. Өйткені тұңғыш президентіміз: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның сондай-ақ, ХХ1 ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсызда үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деп қолмен қойғандай етіп айтып беріп отыр емес пе?

         Баға жетпес ұлттық мәдениетіміздің ең үздік үлгілерін талғап, талдап, сараптап сан қилы  жолдармен насихаттауда жол көрсеткен  тұңғыш Президентіміз: «Әлемге қанат жайған жат идеологияларға біз ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» - деп нық сеніммен айтты.

         Олай болса күнде құбылып жатқан алмағайып заман талабына сай болу, әлемдік сананың қағида-талаптарын меңгере қалыптастыру, ең озық елдермен тереземіз тең тұруды алғышарт етіп қойған Елбасының көреген саясаты күллі Қазақстандықтардың мүддесіне бағытталған. Соның ішінде ұлттық тарихи бүгініміз бен болашағымыздың арасындағы алтын көпір деп сеніммен айта аламыз. Санамызға сілкініс жасаған бұл мақаланы ұлттық жаңғыруға жол салған құбылыс деуге толық негіз бар. 

 

 

 Әлімжан ҚҰРТАЕВ,

 Парламент Сенатының депутаты

Поделиться