Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Газета "Солтүстік Қазақстан" 1 марта 2018 г. статья "Серпінді дамудың он тұтқасы"

02.03.2018 0

Серпінді дамудың 10 тұтқасы

 

         Біз бүкіл әлемде бір-біріне кереғар үрдістер жалғасып, яғни бір жағынан саяси және экономикалық тұрақсыздық орын алып жатса, екінші жағынан барлық жерде жаңа технологиялар енгізілген, қиын әрі өте қызғылықты уақытта өмір сүрудеміз

         «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде. Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді»,-деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында.

         Жылдың басты құжаты Тұңғыш Президентіміз – Елбасының сарабдал саясатының тағы бір жарқын айғағы, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерістерінің қисынды жалғасы болып табылады. Оларды іске асыру үшін қабылданған елдің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары, индустрияландыру және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламалары бір ғана мақсатқа – әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің отыздығына кіруге бағытталған.

         Президентіміз өз Жолдауында атап өткеніндей, Төртінші өнеркәсіптік революцияның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар. Осыған орай, Елбасы Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-мәдени дамуының 10 нақты міндетін қойды. Олар - айқын әрі орындалуы уақыт күттірмейтін міндеттер. Бұған өткен жылдың – Қазақстанның Үшінші жаңғыруының алғашқы жылының қорытындылары дәлел бола алады.

         2017 жылы еліміз әлемдік экономикалық дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, жалпы ішкі өнімнің 4 пайыздай өсімін қамтамасыз етті. Негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі – жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысы болып табылатын индустрияландыру. Осы саладағы өсім 7 пайыздан асты. Ал өңдеуші өнеркәсіпте бұл көрсеткіш 5,1 пайыз болды. Бұл – кейінгі бес жыл ішіндегі ең көп өсім. Міне, сондықтан да өңдеуші сектордағы еңбек өнімділігін арттыру бірінші басым міндет болып табылады. Қазіргі таңда отандық өнім дүниежүзінің 122 еліне экспортқа шығарылады. Қазақстан өңдеуші өнеркәсібі барынша қарқынды дамып отырған елдердің жетілігіне кіреді.

         Елбасы Жолдауында алға қойылған екінші міндет – ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. Ұзақ мерзімді келешекте отандық экономика үшін мұнай және кен өндіру секторлары маңызды болып қала береді. Бұл орайда, біздің Солтүстік Қазақстан облысы өзінің табиғи ресурстары бойынша айтарлықтай әлеуетке ие екенін айта кеткен жөн.

         Қазақстандағы баламалы энергияның үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін жеткізу жөнінде нақты міндет қойылып отыр. Астанада зор табыспен өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі еліміздің осы бағытта қалай шапшаң ілгерілеп бара жатқандығын көрсетіп берді. Қазірдің өзінде дүниежүзінде өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Бұл бағытта біздің облыста одан әрі зерттеп, таратуға болатын «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің оң тәжірибесі бар. Оған қоса, кейінгі жылдары облысымызда жеңіл өсімдік шикізаты негізінде жұмыс істейтін ондаған қазандық қолданысқа енгізілді. Бұл бірегей тәжірибемен бірге облыстың биогаз қондырғыларын пайдалану және биологиялық отын өндірісін дамыту үшін аса қажет. Жолдауға сәйкес өңірлік деңгейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл бағытты дамыту бойынша жеке Жол картасын әзірлеу қажет деп ойлаймын.

         Сондай-ақ, Жолдауда өңірлердің әкімдеріне осы салаға шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мен өңдеуге арналған заманауи технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдауға тапсырма берілді. Бұл іс Солтүстік Қазақстан облысында басталып кеткен болатын.

         «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Осы үшінші басым міндеттің біздің аграрлық өңір үшін маңызы зор екені белгілі. Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі және өңделген ауылшаруашылық өнімінің экспортын кемінде 2,5 есе ұлғайту керектігі жөнінде нақты міндет қойды.  «Ақылды технологияларды» қолдану бізге осы маңызды міндетті ойдағыдай орындауға мүмкіндік береді.

         Қазір елімізде жаңа технологияларды қолданатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің үлесі шамалы. Қазақстанның ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі төмен болуының негізгі себебі де осы. Ол 2016 жылы небәрі 1,5 миллион теңгені (4,5 мың доллар) құрады. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30 мың доллардан асып түседі.

         «J’son&Partners Consulting» халықаралық компаниясының зерттеулеріне қарағанда, жаңа технологияларды қолдану арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін 50-70 пайызға арттыруға болады. Роботтандырылған кешендерді пайдалану жанар-жағармайдың жұмсалуын, суды, электр энергиясын тұтынуды, өнім жинауды бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде егін өнімділігін 1,5-2 есеге өсіруге болады. Қазір «Цифрлы экономика» ұғымымен қатар, «Цифрлы егіншілік» ұғымы да пайда болды. Еуроодақ елдерінде цифрлы егіншілік технологияларын фермерлердің - 80 пайызы, ал АҚШ-та 60 пайызы қолданады. Біздің облыстың «Тайынша Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Зенченко және К», «Мәмбетов және К» коммандиттік серіктестіктері және басқа шаруашылықтары жаңа технологияларды енгізудің арқасында егіншілікте де, мал шаруашылығында да қомақты жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

         Ауыл шаруашылығында сиыр, қой және шошқа етін, сондай-ақ астық, майлы дақылдар, картоп және оларды өңдеу арқылы шығарылатын өнімдерді өндіру барынша мол экспорттық әлеуетке иеміз. Еуразиялық экономикалық одақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері, Қытай, Иран, Ауғанстан және Біріккен Араб Әмірліктері - өнімдерімізді өткізетін негізгі нарықтар.

         Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 44 пайызы құрайды. Бұл ретте біздің облыстың Тайынша ауданындағы ірі инновациялық компания – «Биохимнің» өндірісі ақыры қалпына келтірілгендігін айта кеткен жөн.        «Биохим» өзінің жобалық жалпы қуатына 2019 жылы жетеді. Алайда, оның өзі өңірдегі терең өңделетін астықтың 5 пайызын ғана құрайтын болады. Сондықтан облыста тағы да соған ұқсас бірқатар зауыт салынады деп ойлаймын.

         Тұтастай алғанда, облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістерді салу жөніндегі Жол картасы қабылданып, оның шеңберінде 60-тан астам жаңа жобалар іске асырылуда. Солардың бірі – күнбағыс, рапс және зығыр өңдеумен айналысатын «Тайынша Май» зауыты. Өндірістің қуаты жылына 300 мың тонна майлы дәндер өңдеуге жетеді. Зауыт Қазақстан Президентінің Қытай басшылығымен 51 инвестициялық жоба бойынша қол жеткізген келісімдеріне сәйкес, қытайлық инвестордың қаржысына салынды.

         Жыл сайын күзгі уақытта астық өндірушілер дәнді дақылды тасымалдауда қиындық көріп жүргені белгілі. Бұл проблеманы астықты терең өңдеу арқылы шешуге болады. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – ауылда еңбек өнімділігін арттырудың және тұрғындарды жұмыспен қамтуды жақсартудың маңызды бағыттарының бірі.

         Ауыл шаруашылығы кооперациясы агро-өнеркәсіп кешенінде жаңа технологияларды енгізудің маңызды құралы болып саналады. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер құру арқылы ірілендіру - өнімді өндіру, өткізу және өңдеу жүйесін оңтайландыруға, сондай-ақ, өнімнің өзіндік құнын кемітіп, сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өткен жылы елімізде 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оларды қаржыландыруға 41 миллиард теңге бөлінді. Алайда, әзірге олардың үлесіне тиетін ет пен сүт өнімдері 10 пайызға да жетпейді. Ал АҚШ-та ауыл шаруашылығы кооперативтері өткізілетін фермерлік өнімдердің жалпы көлемінің 30 пайызға жуығын өндіреді. Облысымыздың ауыл еңбеккерлері осы үлкен мүмкіндікті белсендірек пайдаланғандары жөн.

         Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру төртінші басым міндет болып табылады. Бұл бағытта қазірдің өзінде атқарылған іс аз емес.

2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында республикалық маңыздағы 2000 километрдей жол салынды және қайта қалпына келтірілді. Республика бойынша іске асырылған 9 жобаның ішінде 2016 жылы Астана – Петропавл жолын күрделі жөндеу жұмыстары табысты аяқталғанын айту керек. Үстіміздегі жылы Петропавл-Қорған автожолын қайта құру жалғастырылып, 2019 жылы аяқталатын болады. Бұған қоса, биыл Омбы және Түмен бағыттарындағы жолдар жөнделеді.

         «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті былтыр 17 пайызға ұлғайып, 17 миллион тоннаға жуықтады. Енді Мемлекет басшысы осы салада  транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу жөнінде нақты міндетін қойды. Бұл жолдарды салуға және қайта құруға жұмсалған шығынды тез арада қайтаруға мүмкіндік береді.

         Бұған қоса, Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта қалпына келтіруге  арналған қаржы көлемін көбейтуді тапсырды. Бұған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемі орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізіледі. Мемлекет басшысы бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктер белсенді қатысуы қажет деп атап көрсетті.

         Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі жылдары жергілкті автожолдарды қалпына келтіру қарқыны жүргізілуде. Егер 2013 жылы 174 километр жергілікті жол жөнделген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш ресурс үнемдеу технологиялары қолданыла отырып, 640 километрге дейін жеткізілді. Соның ішінде 185 километр жолға ағымдағы жөндеу жасалды. Парламенттің біздің облыстан сайланған депутаттары 2018 жылы жергілікті жолдарды жөндеу үшін республикалық бюджеттен қосымша 5 миллиард теңге бөлуге жәрдемдесті.

         Бесінші міндет – құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу. Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, 21,6 шаршы метрді құрады. Президент бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу міндетін қойды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде Қазақстанда ғана тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Біздің облыста тұрғын үй бағдарламаларын іске асырудың барлық тетіктері тиімді қолданылып, тұрғын үй салу өсімі жыл сайын  20 пайыздан асып отыр.

         Алтыншы міндет – қаржы секторын «қайта жаңғырту». Мемлекет басшысы Ұлттық банкке банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтауды тапсырды. Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс. Президент өз Жолдауында акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс деп қадап айтты. Енді Ұлттық банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс. Бұл бүкіл қазақстандық қоғам күтіп отырған шешім екендігі анық. Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін алдағы уақытта да қорғауға кепілдік береді.

         Жаңғырудың негізі – адами капиталды дамыту. Бұл – Жолдауда айтылған жетінші басым міндет. Ең алдымен, білім берудің  жаңа сапасын қамтамасыз ету керек. 2017 жылғы Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде Қазақстан әлемде бойынша 77-орынды тұрақтаса, орта біліммен қамту бойынша 18-орынды еншіледі. Президент барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету міндетін қойды.

         Біздің облыста білім беру саласының дамуы жаман емес. Өңірде апаттық         жағдайдағы мектептер жоқ, сондай-ақ, үш ауысымды мектептер мәселесі да ойдағыдай шешілуде. Облыс басшылығының бастамасына Парламенттің біздің өңірден сайланған депутаттары қолдау білдіріп, республикалық бюджеттен облыс орталығының шағын аудандарында мемлекеттік тілде оқытатын екі жаңа мектеп құрылысын бастауға қажетті қаржы бөлінді.

         Сегізінші міндет – тиімді мемлекеттік басқару. Президент мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Қазір Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы қаралу үстінде. Мемлекет басшысы «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажеттігін айтып, бизнесті реттеуге қатысуды одан әрі азайтуға бағытталған осы заңды қабылдауды жеделдетуді тапсырды.

         Тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуге тоғызыншы міндет – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі ықпалын тигізетіндігі сөзсіз. Бұл бағытта көп жұмыс атқарылып жатыр. Кейінгі 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталып, олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Президент өз Жолдауында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді деп мәлімдеді.

         «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін – бұл Елбасы алға қойған оныншы міндет. Президент Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық тәжірибені таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастауды тапсырды. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын жақсартудың локомотивтеріне айналады. Бұл ретте біздің облыс орталығы – Петропавлда да біраз игі бастамалар бар. «Қазақстанның солтүстік қақпасының» республикамыздың ең үздік қалаларының бірі атануына жақсы мүмкіншілігі бар. Өңіріміздегі өзге шағын қалалар өздерінің мәртебесіне толық сай болу үшін оларды да дамыту керек.

         Президент Жолдауында алға қойылған 10 міндет – Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының тарихи өрлеуінің 10 қуатты тұтқасы деп зор сеніммен айтуға болады.     

          

Ерік СҰЛТАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

 

 

http://www.soltustikkaz.kz/index.php/sai-asat/2182-serpindi-damudy-on-t-t-asy

Поделиться