Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Әділдікті ту еткен Әділ аға

21.05.2020 0

Астанаға биылғы көктемнің қалай келіп қалғанын да байқамай қалдық. Жұрт карантинде жатқанда ағаштар тегіс бүршік атып, жапырақ жайып, жайқалып шыға келіпті. Бұл да бір сынақ.

Сарғайған жапырақтар топыраққа араласып кетеді…

Адамдар да сол секілді… Кеше бар, бүгін жоқ…

«Айналайын! Мен ғой – Әділ ағаң!». Әділ Дүйсенбек ағамыздың дауысын мың адамның арасынан жазбай танитын едім. Бұл дауысты алғаш рет 1983 жылғы ақпан айында, журфактың өндірістік практикадан өту деген үрдісі барысында, «Социалистік Қазақстан» газетінің ғылым және білім бөлімінің меңгерушісі кабинетінде естіген едім.

Әділ Дүйсенбек – 1942 жылдың 24 мамырында қазіргі Тараз қаласының жанындағы «Жас өркен» ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Үшінші курста жүргенінде әскери борышын өтеуге шақырылып, 1964-67 жылдар аралығында әскер қатарында болып, әуе десантында қызмет етеді. Елге оралған соң, қайтадан оқуын жалғастырып, университетті бітірген жылы сол кездегі «Солтүстік Қазақстан» газетіне қызметке тұрады.

 

Бір көргеннен Әділ аға ұзын бойлы, жылы жүзді, жұмсақ мінезді адам болып көрінген. Осы қалпынан еш айныған емес. КазГУ-дың журналистика факультетінің студенті ретінде «Социалистік Қазақстан» газетінде практикадан өту – асау арналы өзеннен жүзіп өтумен бірдей нәрсе болатын. Бөлім меңгерушісінің кабинетіне кіру, қабылдауында болу, тапсырмасын алу, оны орындау, практика соңынан өзіңе берілетін мінездемені көру дегеннің бәрі – жүректі лүпіл қақтыратын, тізеңе діріл соқтыратын дүние еді. Сонда Әділ ағаның «Айналайын» деген бір ауыз сөзі біздей пақырға маңдайдан сипағандай, арқадан қаққандай керемет күш, демеу берген.

Кейін Шерхан Мұртазаның шақыруы­мен «Социалистік Қазақстан» газетіне біз де қызметке қабылдандық. 1990 жылы Экономика бөліміне тілші болып жұмысқа тұрдым. Көп ұзамай бөлім меңгерушісі Жанат Елшібек жауапты хатшы қызметіне тағайындалды да, Шерағаң Жанаттың ­орнына мені бекітті. Әділ аға – редколлегия мүшесі. Ұжымда беделді. Өз ісін жақсы біледі. Жанат ағамен, Мамадияр ағамен жақсы қарым-қатынаста. Шерағаң бір жиналыста «Осы мен жұмысқа жастарды алған сияқты едім. Олар бар ма өзі? Жоқ па? Бар болса, неге үндері естілмейді?» деп күндей күркіреген. Әдетте бас редактор өткізетін ұжымдық лездемеде бірыңғай бөлім басшылары ғана сөйлейтін. ­Жастар жағы үнсіз отыратынбыз. «Тәртіп ­солай» дейтін. Осы темірдей тәртіпті бұзған Шерағаң. «Жастар өліп қалған ба?» дейді. Бұдан артық қандай қайрақ сөз керек?

Қайнар Олжай – ақмылтық жур­налист. Кез келген тақырыпты елден бұрын көтереді. Зырылдатып тез жазады. Шерағаң да осындай жеделдікті жақсы көретін тәрізді. Қайнекеңе ілескіміз келеді. Жарыса жазамыз. Мақаламыз шыққан күнгі лездемеде редакторға қараймыз. Шерағаң түк болмағандай кейіп танытады. Қол алып амандасқанда ғана риза болса қолыңды қаттырақ қысып, сәл ұстап тұрады. Мұртазаның мақтауы осы екен. Алақанымыз осы жылуды сезінген сайын біз де күш ала бастағандаймыз. Лездемеде батыл-батыл сөйлей бастадық. Қайнар, Әмірхан бәріміз шыққан мақалаларды ежіктеп талдайтынды, сойып сынайтынды шығардық.

Сондай бір лездемеде мен қатарынан екі рет Әділ ағаның бөлімінен әзірленіп шыққан мақалаларға сын садағын тартып, жебе сөздерді жіберсем керек. Жиын өткесін кабинетке кіріп келді. Әдетте бірдеңе айтатын болса, «хм-хм» деп тамағын кенейтіні бар еді. Сөйтіп тұрды да: – Айналайын, осымен екі рет біздің бөлімді сынадың. Осыны біреу-міреу істетіп тұр ма, әлде өз пікірің бе? – деді ақырын ғана. «Ойбай, ағажан-ау! Өз пікірім!» деп бір жағы ақталғандай, бір жағы сасып қалғандай күй кешіп жатырмын. «Бәсе, сенің айтақ сөзге ермейтініңді біліп едім, жақсы, ­айналайын, жұмысыңа бөгет болмайын» деп шығып кетті.

«Егемен Қазақстанда» алты жыл ­Алматыда, бір жарым жыл Астанада, жалпы жиынтығы жеті жарым жылдай қатар қызмет атқарыппыз. Әділ аға 36 жыл табан аудармай, бір орында, ­«Егемен Қазақстанда» жемісті еңбек етті. Еңбек кітапшасында бір ғана жазу бар, ол – 1969 жылы есігін ашқан редакцияда зейнеткерлік жасқа толған – 2005 жылға дейін қызмет атқарды. Шерағаңның «Саған «СҚ» ескерткіш қоюы керек» дейтіні бекерден-бекер емес. Бұл туралы «Қара шаңырақ» атты кітабында Әдекең арнайы айтып өтеді. Әділ аға сүйікті газеті туралы «әке орнына – әке, шеше орнына шешедей болды» деп жазады.

Былайғы жұрт газеттің қандай қиын­дықпен шығатынын біле бермейді: газеттегі жұмыстың машақаты көп, журналист өз мақаласын жазып қана қоймайды, авторлар атынан мақала ­дайындап, редакцияға ағылып келіп жатқан хаттарды қорыту дейтін шаруаның бәріне араласады. Әділ ағамыздың бастапқы арманы – жазушы болу. Осы ретте Әзілхан Нұршайықовтың айтқан бір сөзі еске түсіп отыр. «Жазушы боламын деген адам төрт-бес жыл істегеннен кейін газеттен кетуі керек. Кетпесе, оны газет жеп қояды» деген. Әділ Дүйсенбек газетте 36 жыл жұмыс істеді. Арасында өзінің көркем шығармаларын жазды. Соған уақыт тапқанына қайран қаласыз. Жазған-сызғанын бәйгеге салып, әдеби конкурстарға да қатысады. «Ақ күмбез», «Көкжиек», «Қара шаңырақ», «Шерағамның шеруі», «Жүрек жылуы», «Тергеу әлі біткен жоқ» деген кітаптары бар. Жазушылыққа бет бұра бастаған қаламгер досы туралы Дулат ­Исабеков «Шыдамды алма күзде піседі» деген мақала жазған екен. «Әзірге жарық көріп, оқушы көңілінен шыққан әңгіме, хикаяттарын ой таразысына салып қарағанда, Әділдің жазғанынан жазбағаны көп екенін аңғарасың» деп баға беріпті.

Біз Әділ Дүйсенбек туралы сөз ­еткенде Шерхан Мұртаза есімін айналып өте ­алмаймыз. Шерағаң туралы айтылғанда Әділ Дүйсенбекті аттап кете алмаймыз.

Жазушы Әділ Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі» роман-эссесі – Шерхан Мұртазаға тұрғызылған ескерткіш іспеттес. Шерхан Мұртаза Әдекеңді ­«Архари» деп атайтын. «Мұхтарды Мұхтар еткен – Абай» демекші, кітапта баяндалғандай, бұқара халықтың қажырлы қайраткеріне, қалың оқырманның сүйікті жазушысына айналған Шерхан туралы жазу көптің ойына келмегені де анық. Кейіпкер бейнесі көркемтілді штрихтармен шебер суреттелген мұндай романды жазып шығу – Әділ Дүйсенбектің ғана маңдайына жазылыпты. Мұндағы ең басты құндылық – шындық. Бұған «ақиқаттың ақтаңгері» атанған Шерағаның өзі куә.

Осы бір орны бөлек туындыны ­жазуды Әдекеңнің қалай қолға алғаны да қызық. Әуелгіде бірі – басшы, бірі – қосшы болып, бір редакцияда қызмет еткен екеуі жұмыс бабымен Жамбыл облысына іссапарға барыпты. Жанындағы журналисінің қырағылығы, сезімталдығы, шыншылдығы мен адалдығы сүйсіндірсе керек, редактор келе-келе оны жанынан тастамайды. Іссапарға шықса, ертіп ­алады. Кәсібі қалыптастырған дағды болса керек, әуелгіде Шерхан Мұртазаның аузынан шыққан тәмсіл сөздер мен қызықты жайттарды қойын дәптерге түртіп ала жүрген көрінеді.

«Шерағаңның шеруі» – Әділ ағаның төлқұжаты секілді. Өзі де бұл кітабында: «Маған не жорық, міндетсіп. Шерағам кім, мен кім? Екеуміздің арамыз жер мен көктей емес пе? Ол кісі Халық жазушысы, мемлекет қайраткері, ел сыйлығының иегері. Ал мен қатардағы журналистердің бірімін, жарайды, жазушы деген атағы бар шығар, бірақ жазғандарым ағамның кітаптарының ширегіне де тұрмайды ғой. Неменеге шіренем. Қайта ағам қораш көрмей, жанына ертіп жүргеніне қуанбаймын ба?» деп жазады.

Шерағаң туралы жазбасында былай деп сыр ашатыны бар: «Заң бойынша тыйым салынбағандардың бәрі заңды дегендей, мен де Шерағаны – Шерхан Мұртаза ағамызды өзіме меншіктеп, «Менің Шерағам» дегенде осы қағиданы басшылыққа алдым. Ағамыздың атына бұрыннан қанық болып, жазғандарын шашау шығармай оқып жүрсем де, көп араласа бермейтінбіз. Етене жақын ­танысуымыз 1989 жылдан басталады. Сол жылғы қарашада қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Егемен Қазақстан») бас ­редактор болып келген Шераға мен осы ­газетте қызмет істеп жатқалы бергі көрген ­алтыншы бастығым еді. Міне, содан бері біз бірге туған ағалы-інілі адамдай болып кеттік. Ағамызбен талай рет ­жиын-тойлар мен іссапарларда бірге болып, әңгімелерін естідім, әндерін тыңдадым. Серілік те, ерлік те істеріне куә болдым. Солардың бәрін әр кез дәптеріме түртіп жүруші едім. Сол жазып жүргендерімді одан әрі жалғастырып, реті келсе кейін жеке жинақ етіп шығаруға кеңес берген жора-жолдастарымның ой-пікірін кезінде Шерағама сыпайылап жеткізген едім. Алғаш «қажеті қанша» деп қарсылық білдірген ағамыз кейін өзі ­туралы кейбір газет-журналдарға жарияланған дүниелерімді көріп үндемейтін болды. «Үнсіздік – келіскендік белгісі» деген қағидаға сай, мен де қаламымды барынша сілтеп қалуға тырысып бақтым» дейді Әділ ағамыз. Әр жылдары жазылған дүниелер бірінен соң бірі қазақ баспасөзінің бетінде жарияланып жатты. Кейін бұл жазбалар роман-эссеге айналды. Қазақтың қабырғалы қаламгеріне деген айрықша құрметі осылайша дастанға айналып, үлкен мұра боп қалды.

Осы ретте есіме бір қызық оқиға түсіп отыр. Бірде Шерағаң мен Әділ ағаны бильярдқа шақырдық. Асқар досыма «барыңды сала бермей, үлкендерге жол беріп, сыйлап ойна» деп ескертіп қойғам. Қырсық шалғанда айдалаға атқан шар лып етіп, лузаға түсе берсін кеп. Әуелі Шерағаңның мұрты жыбырлады. Екінші партия да қаңғалақ шарлардың біздің пайдамызға шешілгенін көрсетті. Шерағаң «Мыналар өздері шақырып алып, өздері жүндей түте ме? «Бөрі кәрісін жүндейді деген осы» деп бір-екі рет күркіреді. Үшінші партияда Шерағаң шарт кетті. «Әй, Архари! Кеттік!». Әділ аға қатты ыңғайсызданып, бізге қарайды. Біз жерге қараймыз…

Ертесіне Әділ аға барлығын ­жуып-шайып, Шерағаңды қайта ойнауға көндірді. Бұл жолы ағалардың жолы ­болды, қалай соқса да шар шыр айналып, дегендеріне бағынды…

Ағалардың мерейін тасыту да бір ғанибет екен ғой! Бұл күнде сол сәттерді сағынамыз. Шерағаң да жоқ, Әділ ағам да жоқ… Шерхан Мұртаза қайтқанда «Шепті бұзып, шер қозғаған Шерағам!» деп Әдекең көз жасына ерік береді. «Адам баласы бұл жалған дүниеге қонақ дегені рас екен-ау!.. Сенейік пе, сенбейік пе? «Шерағам қайтыс болыпты» дегенді ауруханада жатып естідім. Кереуетте жатқан күйі көз жасым көкірегімді шая берді… Соңғы кездері біз сирек кездесетін (сөйлесетін) едік. Ағам – Алматыда, мен – ­Астанада төсекке таңылып, соңғы ­жылдары мүлдем жолығыса алмадық. Алғашында қызы Алма арқылы анда-санда болса да, телефонынан дауысын естіртіп қуанып қалушы едім. Әйтсе де, осы жылдың басынан бастап Алма қарындасым біз қоңырау шалғанда «Аға, папам демалып жатыр еді, қоңырау шалғаныңызды айтамын ғой» деп қашқақтауына қарап бір жаманатты жүрегіміз сезгендей болушы еді. Ақыры Алла өз жанына алған екен!.. Ол жаққа да жақсы адам керек деген рас қой… Өмір заңы деген – осы. Шерағам өзі туралы жазған романымды тегіс оқып шығып: «Әй, байқа, мені баяғыдай көкпар тарттыртып, атқа шаптыртып қойып жүрме, оқушыларымыз сенбейтін болады» деп қалжыңдап қоятын. Сол айтқан сөзі әлі құлағымда тұрғандай. Ағам артына өшпес мұра қалдырды. Оның жазған романдары мен хикаяттары, қиссалары мен басқа да публицистикалық шығармалары қазақ оқырмандарының өлшеусіз байлығына айналады деп сенемін» деп егіле толғаған Әділ аға да ұстаз артынан бақиға аттанып кетті.

Ағалар алшаң басып жүргенде төріміз жақсыға толы еді ғой.

Сол ағалардың айрықша бір қасиеті бар-тын. Бірін-бірі «батыр» деп көтер­мелейтін. Сөзбен дауласса – дауласатын, өздері – жауласпайтын. Партия жиналысы деген болатын еді: сонда бірін-бірі сойып салып жататын, артынша жиналыстан шыға сала жаңа ғана қызылкеңірдек болып жатқан жандар бір-бірімен шахмат ойнап, не бірге кофе ішіп отыра беруші еді. «Бет көрмейтін, жүздеспейтін, бір-бірімен енді тілдеспейтін шығар-ау» деп ойлайсың. Бәрі басқаша. Түк болмағандай.

Мамадияр Жақып ағамыз Әділ ағамыз туралы: «Бірде жұмыс бабына байланысты жиналыс үстінде бір басшымыз асығыстау сөйлеп, Әдекеңе қарата қатқылдау, тіпті намысқа тиетіндей сөз айтып қалғаны. ­Тосындау сөз отырғандарға жайсыз естілді. Жасым үлкендеу болған соң орнымнан тұрып, менің «Бұл не сөз?» деп қатқылдау сұрақ қоюыма тура келді. Басшымыз да өзінің артықтау кеткенін тез аңғарып, жиналысты доғарып, мені оңаша әңгімеге қалуды өтінді. Сөзіміз оншалықты жарас­пады, кешірім сұрады. Кешірімді Әділден сұрауды, осындай жиналыс үстінде сұрау жөнінде шарт қойдық. Келісті. Арада біраз уақыт өткенде Әдекең келді, толқулы. Редактордың өзінен кешірім сұрағанын айтты. Тағы бір нәрсе айтпағы бар сияқты. «Не?» деймін ғой. «Мәке, жиналыс үстінде кешірім сұра демей-ақ қояйықшы, ­басшы ғой, беделін түсірмейік те» дейді. Менің әлі ашуым тарқай қоймаған. Бірақ Әдекеңнің кешірімділігіне келіскенім бар. Кейін сол екі азамат тіл табысып қана қоймай, сыйласып кетті. Бұл да азаматқа жарасатын қасиет» деп жазады.

Кең кісілер кешіре біледі. Кем кісілер есіре береді.

Бір-бірінің бағасын білуі де бізге өнеге.

Мамадияр аға екеуі ұзақ жыл бірге қызмет істеді. Бір-бірінің қыр-сырын жетік біледі. «Ұжымға жаңа келген, өзімізге қызмет етіп қарсы алған Әділ барлығымызға ұнады. Үлкендер оған батасын беріп: «Ұжымға тастай батып, судай сің» деген сөздер айтылды. Сол тілек, сол бата орындалды деп айту оңай ғой. Оның осында бүкіл өмірін өткізіп, тындырған ісін шолып айтудың өзі қиын-ақ. Амалсыз үстірттеу шоласың. Тілші, аға тілші, жауапты хатшының орынбасары, жетекші бөлімдердің басшысы – оның қаламынан қаншама дүниелер туды. Тіпті сүбелі дегендерін атап шығу да қолдан келмес. Өзі басқарған бөлімдерге орай, республика ғылымы, мектебі, ауыл шаруашылығының көкейкесті мәселелері жайында қаншама өткір мақалалар ­жазды. Жұртшылық назарын аударды дейміз ғой, ал Әдекеңнің жазғандары Үкіметтің де назарын аударғанын білеміз» дейді ­Мамадияр аға.

Ал енді осы аға туралы Әдекең қалай жазады?

«Мамадиярмен кезінде бірге істескен әріптестерімізді іштей есептеп көрсем санаулы-ақ адам қалыппыз: біз – ­Сарыбас, Бекболат, Ғалым, Оқап, Қойшығара, Жанат және біздің аяғымызды алып келе жатқан – Әбдімүтәл мен Сауытбек бастаған жас зейнеткерлер. Олардың екеуінен басқасының өздері де бірі ­басым, бірі ішім дегендей сылтаулар айтып, жазу-сызудан сырттай бастаған сыңайлы ма? Егер менің қолымда билік болса «Егеменде» еңбек еткендер арасынан екі адамды еліміздің ең жоғарғы наградаларына ұсынар едім. Тіпті Еңбек Ері мен Қаһармандық атақтарының да жолын қарастыруға ­болар ма еді. Себебі олар жасаған ерліктер бұрынғы Кеңес үкіметінің күйреуі мен Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына жол ашқан ­батыл қадамдар қатарынан орын алып, ­тарихта қалатыны сөзсіз. Иә, 1986 жылғы ­Алматыда болған Желтоқсан көтерілісі мен 1991 жылғы Мәскеуде орын алған ГКЧП бүлігін қалайша ұмыта ­аламыз. Бүкіләлемдік тарихқа жаңа бетбұрыс әкелген бұл екі оқиғаның ортасында да қазақстандық журналистер, соның ішінде өзіміздің «Егемен Қазақстандық» әріптестеріміздің болғанын зор мақтаныш етеміз. Сонымен, «бұл екі адам кім?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Олар – Мамадияр Жақыпов пен Нұрмахан Оразбеков. Мен бұл екі журналиспен де қатар жұмыс істеп, көптеген қыр-сырына қаныққан жанмын. Оның ерлігі, әсіресе, 1991 жылғы 19 тамызда болған Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік Комитеттің (ГКЧП) мәлімдемесі кезінде ерекше қырынан көрінді. Елдің бәрі әрі-сәрі күй кешіп, не істерін білмей жатқанда, бас редактор өзінің азаматтық позициясын айқындайтын «Иә, бұл мемлекеттік төңкеріс!» деген материалын жазып, оны газетінің бірінші бетіне беріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Міне, көрдіңіз бе, сонау Желтоқсан көтерілісінен бастап тамыз оқиғасына дейінгі аралықтағы әріптестеріміздің әлгіндей тірліктерін ­саралай келіп, қалайша жоғары наградаларға лайық емес деп айта аламыз. Мүмкін, кезінде бұларды ескеріп, марапатқа ұсынатындай жағдай да болмаған болар. Мүмкін, бұл оқиғаларды алаулатып-жалаулатып ­жариялайтындай кез емес деп сәуегейлік көрсеткен кісілер де кездескен шығар. Бірақ қазір заман басқа ғой. Барды бағалай білгенге не жетсін?! Бағалау демекші, бас редакторлықтан аудандық баспахананың жұмысшысы болуға дейін «өскен» біздің Мамадиярдың да көрмеген қорлығы, тартпаған азабы жоқ десе де болғандай. Қызыл коммунистер «айтқанына көніп, айдауына жүрмейтін» адамдарды қалай «бағалайтынын» осы Мамекеңнің өмірінен де анық байқай аламыз» деп әділдікке жүгінуді жөн санапты Әділ аға.

Марқұм Бекболат Әдетов: «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» деп Қасым ақын айтпақшы, сіз оның шұбырған ізін сол кездегі «Социалистік Қазақстан» мен «Егемен Қазақстанның» беттерінен ­табасыз. Қоғам ауысып, ескі дүниенің тасы мен қабырғалары қақырап, рауандап атқан тәуелсіздік таңымен бірге тыныс-тірліктің барлық қырларын қамтыған сан-сапа өзгерістердің бел ортасынан табылған, замананың ақиқатын айтып, қалың қазақтың қамы үшін «ақырып теңдік сұраған» азаматтардың маңдай ­алдынан Әділдің өзін де көрер едіңіз, сөзін де естір едіңіз. Қаламгердің азаматтық белсенділігі оның жазған-сызғанымен өлшенетін болса, содан бері де Әділдің қаламы ­тимеген, түбегейттеп қозғамаған қоғамдық ойдың ешбір қабаты да, қалтарысы да жоқ десек, жаңсақ айтпас­пыз. Күнделікті көсемсөздері мен шешен сөздерін былай қойғанда, сол бір алағай да бұлағай жылдарда газеттің «Ел» деп аталатын қосымшасын шығарып, ел мен жердің алуан-алуан күптігей жайларын індете қозғап, ауылдың шиқандай сөзін алдыңғы қатарға шығарғанының өзі неге тұрады? Ол үшін кезінде кейіпкеріміздің атына көп-көп ілтипат білдіріліп, алғыстар айтылғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес» дейді.

Ауырып, төсек тартып жатқанда менің Сенат депутаты болып тағайындалғанымды естіген Әділ ағам орнынан көтеріліп, марқайып ұзақ отырыпты.

Жан жары Дариға жеңешем мен Әділ ағаның жарасымды жұбы талай жасқа өнеге екені даусыз. Әттең, сүйікті ұлы Айдардың мезгілсіз қазасы атан түйені шөктіргендей, Әділ ағаны да тұралатып жіберді. Елігай мен Жазираның атын ­Дулат Исабеков қойған екен. Дулат ағаның егіз қызы – Айман мен Шолпанға ат қойған – Әділ ағамыз. Асыл ағалардың достығы да таусылмас әңгіме.

«Айналайын, мен ғой – Әділ ағаң» ­деген дауысты енді естімейміз…

«Егеменнің» аты аталса, Әділ Дүйсенбектің де аты аталады. Мамандыққа адалдықтың үлгісін көрсеткен қазақтың қайратты қаламгерінің есімі жылдар өтсе де жаңғырып тұрады.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

ҚР Парламенті Сенатының

депутаты

Толығырақ: "Ана тілі" газетінің ресми интернет парақшасындаhttp://anatili.kazgazeta.kz/?p=57228

Поделиться