Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Сенат Парламента
Республики Казахстан

Новости

(Неголовной законопроект) Содоклад Макежанова С.А. по проекту Закона Республики Казахстан «О ратификации Протокола о сохранении биологического разнообразия к Рамочной конвенции по защите морской среды Каспийского моря»

12.10.2021 0

«Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау

жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық

әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы

ратификациялау туралы» Қазақстан

Республикасы Заңының жобасы бойынша

Комитеттің отырысына С.А. Мәкежановтың сөзі

2021 жылғы 12 қазан, сағ. 15-00

 

Құрметті Владимир Васильевич!

Құрметті әріптестер мен шақырылғандар!

 

«Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» аталмыш Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мүдделі министрліктің Балық шаруашылығы комитеті басшысы қатысуымен жұмыс тобының отырысында жан-жақты қаралды. Каспий теңізінің жай-күйі мен Биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы жүзеге асыру бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.

Хаттамаға 2014 жылы 30 мамырда Ашхабадта қол қойылды және Хаттама 30 баптардан, 2 қосымшалардан тұрады,сонымен қатар қазіргі уақытта Түрікменстан тарабымен ратификацияланған.

Баяндамашы атап өткендей, заң жобасының негізгі мақсаты биологиялық әртүрлілікті, экожүйелерді сақтау және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады.

Осы мақсаттың маңыздылығын бағалау үшін, Каспийдің экологиялық, биологиялық әртүрлілігіне тоқталып кету қажет.

Каспий теңізінің суы, бәрімізге белгілі болғандай, бес мемлекеттің жағалауларын қамтиды, соның ішінде Қазақстанға жағалау жиегінің 29 пайызы немесе 2 мың 340 шақырымы тиесілі.

Каспийдің солтүстік бөлігінде теңіздегі жәндіктерге қорек болатын (зоо- және фитопланктон, бентос, ихтиофауна мен флора) қолайлы орта қалыптасқан, бұл жерде бекіре тұқымдас балықтардың 80 пайызға дейінгі көлемі мен балықтардың басқа да түрлері шоғырланған. Каспий теңізінде әлемдегі бекіре балықтардың 93 пайызының табиғи көбею процесі жүзеге асады.

Сонымен қатар, жалғыз теңіз сүтқоректісі, эндемик – Каспий итбалығы мекендейді. XX ғасырдың басында Каспий теңізінде 1 миллионға дейін итбалық мекендеген болса, 2020 жылы итбалықтардың саны 60 мыңға дейін азайған.

Каспийдің солтүстік бөлігі балықтардың уылдырық шашатын және құстардың қоныс аударуы үшін континенттегі аса маңызды орындардың бірі болып табылады. Сол себептен 2009 жылы еліміздің Үкіметі Қаулысымен аумағы 111,5 мың гектар «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған болатын. Осы аталған резерватта шамамен құстардың 300 түрі кездеседі, олардың 30-ы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген.

Осы орайда қараудағы заң жобасының маңызы өте зор болып табылады. Себебі Хаттаманы ратификациялау теңіз ортасының ластануына жол бермеуге, теңіздің флорасы мен фаунасын сақтап қалуға және Каспий теңізінің ресурстарын орнықты пайдалануға қажетті жағдай жасайды.

Хаттама құрып кету қаупі төнген түрлер мен осал экожүйелердің алуан түрлілігін қамтамасыз етуге, мекендеу орындары мен экожүйелердің нашарлауын болғызбауға бағытталған.

Дегенмен де, заң жобасын талқылау барысында тиісті әзірлеуші тарапқа төмендегідей ескертулер жасалды.

Мәселен, Каспий теңізде мекендейтін 101 балық түрлері бар екені белгілі, оның қаншасы Қызыл кітапқа енгені, флора мен фаунасына байланысты өсімдіктердің қанша түрі бар екендігі, жойылып кету қауіпі бар өсімдіктер туралы ақпарат, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасап жатқан 4 мекеме бар, олардың жұмысының нәтижелері жайлы ақпараттар бойынша нақты жұмыстар жайлы айтылды. Каспийдің ерекше қорғалатын ауданында «Қашаған», «Құрманғазы», «Центральная» сияқты мұнай орындары орналасқан. Осы жердегі флора мен фаунаны қорғау бойынша қандай шаралар жүзеге асырылуда және оларды қадағалауды сұрадық. Жоғарыда айтылғандарға байланысты тиісті Министрлік осы мәселереге ерекше көңіл аударады және болашақта тиісті шаралар қабылдайды деген ойдамын.

Баяндалғанды ескере отырып, қаралып отырған заң жобасы бойынша бас комитетке оң қорытынды жолдауды ұсынамын.

Назарларыңызға рақмет!

Поделиться