Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Халықаралық қызмет

Жақып Асанов Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкичпен кездесті

03.12.2025 1033

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкичпен кездесті. Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары да талқылауға қатысты. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін қарады.

Саяси диалог, сауда-экономикалық өзара іс-қимыл және өңірлік күн тәртібі талқылаудың негізгі бағыттары болды. Еуропалық Одақпен әріптестік ұзақ мерзімді және стратегиялық сипатта болатыны, энергетика, логистика, білім беру және гуманитарлық бастамалар мәселелері қамтылатыны, сондай-ақ институционалдық өзара іс-қимылдың тұрақты ілгерілеуіне сүйенетіні атап өтілді.

«Еуропалық Одақ Қазақстан үшін сенімді стратегиялық әріптес болып қала береді. Біз ашық саяси диалогты жоғары бағалаймыз және экономика, білім, энергетика және гуманитарлық жобалар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге дайынбыз», - деп атап өтті Жақып Асанов.

Тараптар сондай-ақ Сенаттың ағымдағы заң шығару жұмысын, оның ішінде мұрағат ісі саласындағы заңнаманы жетілдіру және құқыққа қайшы мазмұндағы мәтіндерді таратуды реттеу мәселелерін қарады. Құжатпен жұмыс ақпараттық қауіпсіздік пен құқықтық жаңғыртуды қамтамасыз етудің жалпы тәсілдері аясында жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Тараптар кездесу соңында парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін, «Орталық Азия – ЕО» ынтымақтастығын дамытуды, бірлескен бастамаларды одан әрі іске асыру және өңірлік тұрақтылықты нығайтуды талқылады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)

 

Share this