Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 670-ші отырысына қатыстым
24 қаңтар күні Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 670-ші отырысына қатыстым. Күн тәртібіне 10 заң жобасы қойылғанымен екеуін қарау кейінге қалдырылды. Біз ішінде өзім де бар бір топ депутаттар бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы істерді қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша ҚР Үкіметінің қорытындысын қарау үшін қатыстық. Біз ұсынған заң жобасы Мемлекет басшысының ұжымдық талап қою институтын заңнамалық енгізудің орындылығы мәселесін пысықтау туралы тапсырмасын іске асыру үшін дайындалды және ұжымдық талап қою институтын ҚР-ның заңнамалық жүйесіне имплементациялауға бағытталған. Заң жобасы туралы бастамашыл топтың мүшесі Мәжіліс депутаты Дементьева Наталья Григорьевна хабарлама жасады.
Үкімет өз қорытындысында «экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2024 жылғы 8 мамырдағы Жарлығына сәйкес Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігіне ұжымдық талап қою институтын заңнамалық енгізудің орындылығы мәселесін пысықтау тапсырылып, жұмыс жасалып жатырғанын айтқан. Осы тапсырма аясында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалған. Бәсекелестік туралы заң жобасында ұжымдық талаптар институтын енгізу де қарастырылған. Яғни жеке заң қабылдамаса да болады. Алайда комиссия отырысы барысында Агенттік дайындаған заң жобасы мен депутаттар бастамашылық еткен өзгерістер арасында айтарлықтай айырмашылық бары белгілі болды. Енді бірлесіп, тиімді құжат дайындауға күш саламыз.