«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қаралды
Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қаралды. Заң бойынша 10 кодекс пен 37 заңға түзетулер жасалған. Құжатта өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс пен сейсмикалық тұрақтылық салаларындағы талаптарды күшейту, биік және адамдар көп жиналатын ғимараттар үшін өрт қауіпсіздігі қорытындысын алу тәртібі, сондай-ақ міндетті сақтандыру жүйесі қарастырылған. Автоматты өрт сөндіру жүйелеріне рұқсат беру, бірегей нысандар үшін техникалық шарттарды келісу, қауіпті өндірістік объектілерге бақылауды күшейту, кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін техникалық жарақтандыру талаптары бекітіледі. Сондай-ақ туристік бағыттар бойынша қауіпсіздікті арттыру, сейсмикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу тетіктері, жедел штаб құру және әкімдіктердің өкілеттігін кеңейту шаралары енгізіледі. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері артады – тұрғын үй төлемдері, көтерме жәрдемақы, жекешелендіру құқығы қарастырылған. Заң жобасы талқыланып, барлық мәселелер бойынша нақты жауаптар берілді. Заң ұсыныстарсыз бас комитетке ұсынылды.