Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

«Көші-қон» Заңы Парламенттен өтті. Ұсыныстардың біршамасы кейінге қалды...

30.04.2020 0

Редакциядан: 30 сәуір күні Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы өтті.  

Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады.

Аталған заң жобасына байланысты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлының Сенатта сөйлеген сөзін беріп отырмыз.      

Көші-қон мәселесі тек біздің елімізде емес әлемдегі өте өзекті мәселелердің бірі. Ол еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделіне, демографиялық өсімге, шетелде жүрген қандастарымыздың тағдырына тікелей қатысты. Заң жобасын мынадай екі өзгерістер мен толықтырулар тұрғысынан қарауға болады.

Бірінші, Сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін құру және заңсыз көші-қонның алдын алу. Мұнда шетелдік жұмыс күшін тартқанда бұрынғыдай экономикалық қызмет түрлерін алып тастап, квотаны Санаттар (І, ІІ, ІІІ, ІV және маусымдық жұмыстарға) бөлінісіне белгілеу ұсынылады. Бұл өз кезегінде қолданыстағы заңда жыл ішінде экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға Үкімет бекіткен квотаны қайта бөлу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен келісу үшін 2 айдан 6 айға дейін уақыт алса, енді шетелдік жұмыс күшін тарту функциялары халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі өкілетті органға беріледі, бұл өз кезегінде шетелдік жұмыскерлерге қажеттігіне жедел ден қою икемділігін қамтамасыз етеді.

Заң жобасында шетелдік жұмыскерлердің (І, ІІ, ІІІ санаттағы) еңбек қызметкерлеріне рұқсат беру жүйесін екі не одан да көп әкімшілік бірліктерге тарату көзделіп, мұнда екі әкімшілік бірлікке рұқсат алу үшін сол екі аймаққа да Салық алымын төлеуге міндетті болады. Заң жобасында жоғары біліктілікке жатпайтын жеке тұлғалардың шаруашылығында және маусымдық жұмыстарда жұмыс істейдін біліктілігі төмен еңбек мигранттарына рұқсат алудың жеңілдетілген құқығын беру ұсынылады. Осы аталған санаттағы еңбек мигранттары ай сайын 4 АЕК (9620 теңге) көлемінде салық алымдары белгіленеді және олар үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындалған сұранысқа не жұмысшы кәсіптерінің тізбесі бойынша еңбек қызметі рұқсат етіледі. Рұқсаттарды беру ішкі істер органдары жүзеге асыратын болады.

Сонымен қатар заң жобасында «реадмиссия» ұғымын заңнамалық түрде айқындап ішкі істер органдарына оны іске асыру функцияларына берілген. Және атқарушылық іс жүргізу бойынша елден тыс тұрақты тұруға кетіп бара жатқан адамдарға шектеу қойылған. Елімізде шетелдік азаматтарға тұрақты тұруға рұқсат беру үшін БАЖ салығы енгізілген.

Екінші, Қазақстан Республикасына келген этникалық репатрианттар және қоныс аудармашылар үшін қолайлы жағдайлар жасау. Ол үшін заң жобасында біріншіден, шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда рұқсат алмай-ақ уақытша еңбек қызметімен айналысуға мүмкіндік беріледі. Екіншіден, осы заң жобасында оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдауды өңірлік квотасын белгілеу құзіреті көші-қон мәселелері бойынша уәкілетті органдарға жүктеу ұсынылады. Бұл оралмандар мен қоныс аударушыларға көмек көрсетуге бөлінетін бюджет қаражатын толығымен игеру қажеттілігін жеңілдетеді. Үшіншіден, қолданыстағы заңда оралман статусын алу үшін тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы талап етілмейтін. Мысалы, бір өңірде тіркелген этникалық қазақ оралман мәртебесін алу үшін басқа өңірге де бара беретін. Енді бұл заң жобасы тек тіркелген жер бойынша ғана оралман мәртебесін ала алады. Төртіншіден, қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын қабылдаудың мүмкіндігін кеңейту мен алуын жеделдетуге жаңа нормалар енгізілді.

Заң жобасын талқылау үшін төрт жұмыс тобы өткізілді. Сенат депутаттары мен Сенат аппараты бөлімдері тарапынан берілген ұсыныстар мен түзетулер жұмыс тобы отырыстарында талданып, ұсыныстардың біршамасы алдағы қабылданатын заң жобасында ескерілетін болады. Соның біршамасына тоқталсақ.

Бірінші, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 13-баптың 18) тармақшасында шеттен көшіп келген қандастарға «еңбек қызметі» бойынша зейнетақы тағайындалсын деп белгіленген. Бірақ бұл заңда да, «Еңбек Кодексінде» де «еңбек қызметі» деген ұғым жоқ. «Еңбек өтілі» деген ұғым бар. Енді осы заң бойынша жергілікті азаматтарға «Еңбек өтілі», ал шеттен көшіп келіп азаматтық алғандарға «Еңбек қызметі» бойынша зейнетақы тағайындалатын болды. Яғни барлығы да Қазақстан Республикасының азаматтары бола тұра жергілікті зейнеткерлер мен шеттен оралған зейнеткерлердің еңбек еткен жылдарын есептеуде екі түрлі ұғым пайдаланып, екеуін екіге бөліп қараған. Бұл мәселе алдағы уақытта әзірленетін заңда оң шешімін табуы тиіс.

Екінші, «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабының 7) тармақшасы бойынша «Оралман» мәртебесін алғандар үй кезегіне қатысты жеңілдіктер қарастырылған . Бірақ «Оралман» мәртебесінің мерзімі бір жыл болғандықтан, азаматтық алған күні тұрғын үйге қатысты жеңілдіктен айырылып қалады. Сондықтан да көптеген қандастарымыздың пәтер кезегі артқа шегеріліп қайтадан үй кезегіне тұрады. Бұл олардың билікке қатысты өкпе-реніштерін тудырып жатады. Министрлік бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылдауы керек деп ойлаймын.

Үшінші, «Қазақстан Республикасының Босқындар туралы» Заңының 1-бабының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар болған жағдайда, егер пана іздеген адамның туыстарының не жақын туыстарының біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болса, босқын деп танылуы мүмкін деген толықтыру енгізілуді ұсындық. Өйткені соңғы бір жыл ішінде Қытайдағы саяси жағдайға байланысты бес бірдей қандасымыз елге келіп «Босқын» мәртебесін сұраған болатын. Өкінішке орай «Босқындардың жағдайы туралы» Конвенцияны ратификациялап, өзіне халықаралық міндеттемелер ала тұра, осы азаматтардың барлығының жақын туыстары Қазақстанда тұрса да, бірде біреуіне «Босқын» мәртебесін бере алмадық. Шетелдегі этникалық қазақтарға табиғи апат, экономикалық немесе саяси дағдарыс, түрлі дискриминациялық жағдайлар туындағанда Қазақстан Үкіметі тікелей араласып, қандастардың құқын халықаралық деңгейде қорғай алуға заңдық тұрғыда мүмкіндік жоқ. Бұл ұсыныста келешекте пысықтауды қажет ететін болды.

Тағы бір мәселе, ол «Қазақстан Республикасының Азаматтығы туралы» заңының 16-баптың 1) тармағында Азаматтыққа қабылдау үшін мерзімін көбейтуге қатысты мәселеде ұзақ талданды. Өйткені Қазақстанда азаматтық алу оңай, әсіресе Қытайлықтар азаматтық көп алып жатыр деген мәліметтер БАҚ-да жиі көтеріледі. Талдау барысында мұның барлығы негізсіз екені айқындалды. Соңғы 29 жылдың ішінде Қазақстан азаматтығын Қытай ұлтының 4 азаматы ғана алған.

Сонымен қатар осы сыртқы Көші-қон саясатына қатысты Үкіметке және тиісті өкілетті органдарға мына мәселеге қатысты назарын аудартқым келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны 1%, көрші Өзбекстанда 60%, Тәжікстанда 68%, Қырғыстанда 43% өсті. Біздің ел үшін басты қауіп – елден көшіп кету. 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 млн. адамға жеткен. Тек соңғы он жылдың ішінде (2009-2019ж.) ішінде Қазақстаннан Ресейге 300 мың адам көшіп кеткен.

Елден тұрақты қоныс аударушылардың ішінен 44 пайызы 15 пен – 34 жасқа дейінгі жастарды құрайды. Бұл еңбек ресурстарының тұрақты азаюын көрсетеді. Сарапшылардың пікірі бойынша шетелдерде 7 млн. этникалық қазақстар тұрады екен. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 млн. халықтың 38% құрайды. Демографиялық аспектіде үлкен әлеует болып табылатын осы ресурстарды дұрыс пайдаланудамыз ба?! Өкінішке орай жоқ деп ойлаймын. Ол үшін Қазақстан Үкіметі Көші-қон жөнінде бүгінгі заман талабына сай жаңа құжат дайындап, соған орай нақты іс-шараларды қолға алуы тиіс. Сырт жерлердегі сан миллион ағайындарымыздың атамекенге түпкілікті келемін деген ыстық ықыласын суытып алмай, сағынышы мен сүйіспеншілігіне сызат түсірмей, қазақ көшін қайта жаңғыртуымыз керек. Өйткені Қазақстан-шеттегі қандастарымыздың жалғыз рухани отаны. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы Дүние жүзі қазақтарының V-құрылтайында «Қайда жүрсең де қазақтың Отаны біреу ғана, ол – Қазақстан» деген болатын. Және Тұңғыш Президенттің тікелей тапсырмасымен құрылған «Отандастар қоры» тапсырмасына сәйкес жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде, Қазақстанға шетелден 1,5 млн. этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келеді. Солай бола тұра соңғы 8 жылда (2012-2019ж.) репатрианттар легі жылына небары 10,000 адамды ғана қамтыған. 2020 жылы Қазақстанда елге ораламын деген қандастарымызға берілген квота 1378 орын көлемінде ғана белгіленген.

Мемлекеттің ішкі және әлемдік бәсекелестікте мықты болу факторларының бірі оның халқының саны екені сөзсіз. Сондықтан да елдегі халық санын арттыруда шетелдегі қандастарымызды қолдаудың ынталандыру бағдарламасын, яғни репатрианттарды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың Кешенді шараларын қамтыған Арнайы мемлекеттік бағдарлама  қабылдауын талап етеді. Көрші Ресейде өз отандастарын ерікті көшірудің мерзімі шектелмеген Мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Қазақстан Үкіметі жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты қарастырып, этностық көші-қон жұмыстары өркениетті елдердегідей нақты бір жүйеге түсірсе деген ұсыныс-тілек білдіреміз.

 

Дереккөз: https://abai.kz/post/111524

Бөлісу