Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Сенаторлар ТМД ПАА Тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты

26.11.2020 0

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Әлеуметтік саясат және адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысты.

COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл шаралары отырыстың негізгі тақырыптарының бірі болды. Атап айтқанда, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының «COVID-19-ға қарсы іс-қимылдағы парламенттердің рөлі туралы» бірлескен мәлімдемесінің жобасы қаралды.

«Парламенттердің COVID-19-ға қарсы тұрудағы рөлі туралы» бірлескен мәлімдеме уақтылы әрі қажет болып отыр, өйткені біздің елдеріміздің парламенттері, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі, сондай-ақ басқа елдердің парламенттері мен парламенттік ассамблеялары ынтымақтасып, жаһандық пандемияны жеңуге көмектесуі керек», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор сондай-ақ қазақстандық тарап осыған дейін бұл жоба бойынша ескертулер мен ұсыныстар жібергенін атап өтті. Тұрақты комиссия талқылаудан кейін қазақстандық парламентшілер жолдаған барлық ескертулерді қабылдады.

Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев та ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының Экономика және қаржы жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысты.

Отырыс жария-жеке меншік әріптестіктің түрлі мәселелерін реттейтін құжаттарды әзірлеудегі үшінші кезеңді аяқтайды. Бұған дейін ТМД ПАА Squire Patton Boggs компаниясымен және Еуропалық Қайта Құру және Даму банкімен ынтымақтаса отырып «Жария-жеке меншік әріптестік туралы» үлгі заңды әзірледі және ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде жария-жеке меншік әріптестік тетіктерін дамыту және қолдану жөніндегі іс жүзіндегі ұсынымдарды дайындауға кірісті.

ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына сенатор Динар Нөкетаева да қатысты.

Отырыста ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің цифрлық даму саласындағы ынтымақтастығы туралы ұсынымдар жобасын және ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде баспа басылымының міндетті данасын электрондық нысанда беру мәселесі бойынша бірыңғай тәсілдерді белгілеу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу мәселелері, сондай-ақ тұрақты комиссияның басқа да мәселелері талқыланды.

Бөлісу