Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Сенаторлар Қызылорда облысының құқық қорғау және заң қызметі өкілдерімен кездесті

11.01.2021 0

Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ләззат Сүлеймен Қызылорда облысындағы жұмыс бабындағы сапар барысында Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында тұрғындармен кездесті.

Сенаторлар Жалағаштағы 100 төсектік аурухана мен 1200 балаға арналған №201 орта мектепте болып дәрігерлер мен мұғалімдер ұжымымен кездесті. Жүздесу барысында жұртшылыққа «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Педагог мәртебесі туралы» заң ережелері түсіндірілді. Қатысушылар тарапынан дәрігерлердің жалақысы мен мәртебесі, ұстаздардың жалақысы және мектептің онлайн жүйеден дәстүрлі жүйеге көшуі, онлайн жүйесі бойынша білім сапасының төмендеп кеткені және тағы басқа өзекті мәселелер көтерілді.

Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылындағы күріш егетін «Абзал и К» мекемесінің жұмысшылармен кездесу кезінде Сырдария өзенінің суының төмендегені және егін шаруашылығына көптеген қиындықтар туғызып отырғаны айтылды. Енді 2021 жылы егін шаруашылығында су тапшылығын болдырмау мақсатында қазірден бастап алдын алу шараларын қолға алу туралы және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жалақы мәселесіне қатысты сұрақтар қойылды. Ауыл еңбеккерлері еліміздегі ауыл шаруашылығы мекемелерінің ұжымына дивиденд алуды дәстүрге енгізу және кеңінен тарату жайын қозғады.

Сенаторлар сондай-ақ Қызылорда облысы прокуратурасында аймақтың құзырлы органдар, құқық қорғау және құқықтық қызмет көрсету саласының мамандарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Атап айтқанда прокуратура, полиция департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, экономикалық тергеу департаменті, нотариат палатасы, адвокаттар алқасы өкілдерімен кездесті.

Құқық саласының мамандарымен ой-пікірлер алмасып, ашық пікірлесу өрістеді және заңдар мен ратификацияланған құжаттардың басымдықтарын нәтижелі жүзеге асыруға жан-жақты талқылаулар жасалды. Жергілікті жерлерде заңдарды қолдану кезінде құқық ережелеріндегі бір-біріне қарама-қайшылықтар, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, қабылданған заңдардың кейбіреулері мемлекеттік тілдегі нұсқасының түсініксіз екендігі және заңдардағы жетілдіруді талап ететін тұстары сөз болды.

Сенаторлармен кездескен дәрігерлер, ұстаздар, ауыл еңбеккерлері мен құқық саласының мамандары өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын айтып, көкейлеріндегі сұрақтарға қанағаттанарлық жауаптар алды.

Бөлісу