Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмді ратификациялау туралы
Жасалған келісімнің мақсаты –– «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының базасында ЮНЕСКО қамқорлығымен Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының (2-санат) (бұдан әрі – Орталық) Алматы қаласында жұмыс істеуі.
Орталық ЮНЕСКО Бас конференциясының 36-шы отырысында қолдау тапқан Қазақстан Республикасының Мәдениеттерді жақындастырудың оңжылдығын өткізу туралы бастамасына институционалдық қолдауды қамтамасыз етеді.
Келісімнің 9-бабының 2-тармағына сәйкес Үкімет жыл сайынғы негізде Орталыққа оның бағдарламалары мен іс-шараларын іске асыру үшін қажетті 200 000 АҚШ долларына балама мөлшерде қаражат бөлуге міндеттенеді.
Келісімге қол қою Қазақстанға бірқатар артықшылықтарды ұсынады. Біріншіден, Қазақстан ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық диалог саласындағы саясатын даярлауға қатысады. Екіншіден, Қазақстан бұл саладағы ғылыми зерттеулер үшін өңірлік хабқа айналады.
Келісімді іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеліп соқтырмайды. Келісім жобасына ғылыми құқықтық және лингвистикалық сараптаманың оң қорытындылары алынды.
Келісімді ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарды талап етпейді.