«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
Комитет отырысы
Парламент депутаттары бастамасымен әзірленген сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы ұсынылып отыр.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға, соттар мен сот рәсімдері азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқығын қорғауға тиіс екенін атап өтті.
Осылайша, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер артық сот рәсімдерін қысқартуды, Жоғарғы Сот және облыстық соттардың құрамын өзгертуді көздейді, сондай-ақ облыстық соттардың сот алқаларын құру және тарату тетіктерін айқындайды.
Атап кететін болсақ, Жоғарғы Сотта мамандандырылған алқа таратылады, әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрылады, ал облыстық соттардың сот алқалары Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуымен Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімімен құрылатын және таратылатын болады.
Сонымен бірге, осы Заң жобасы Жоғарғы Сот жұмысына құқықтану саласынан өзге салалардан да мамандарды тартуға мүмкіндік беретін түзетулерді көздейді.
Осыған сәйкес, Жоғарғы Сот Төрағасы және Жоғарғы Сот судьясы лауазымдарына Республика Президентімен ұсынылған үміткерлердің біліктілік емтиханынан өту және заң мамандығы бойынша жұмыс өтілінің болуы туралы талаптардың күші жойылады.
Жұмыс тобының отырысында заң жобасы жан-жақты талқыланды. Комитет депутаттарынан ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ. Конституциялық Заң жобасын қолдап бас комитетке оң қорытындыны жолдауды ұсынылды.