Аймаққа -іс-сапар
Депутат облыстың шалғай аудандары – Ырғыз және Шалқар аудандарын аралады.
Ырғыз ауданының Құмтоғай ауылдық округінде "Алтын Әсел", "Нұр Айназ", "Назар" мал шаруашылықтарында болып, алдағы қысқы кезеңге жем-шөп дайындау барысымен танысты. Қожалықтар қой шаруашылығымен, жылқы, ірі қара мал, соның ішінде құнды және ет тұқымдарын өсірумен табысты айналысады. Өз қызметімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға үлкен үлес қосуда. Қазіргі таңда ауданның шаруашылықтарымен құрғақшылықтан азық-шөп тапшылығына ұшыраған Қызылорда облысының Арал ауданымен келісім жасалған. Ырғыз ауданының шаруашылықтары өз көршілеріне қолжетімді бағамен азық-шөп беріп қана қоймай, сондай-ақ шөп шабу үшін өздерінің жайылымдық жерлерін пайдалануға мүмкіндік береді. Шаруашылық басшылары және жұмысшыларымен кездесуде депутаттар экология, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелері бойынша түсініктеме берді. Депутат М.Жұмағазиев фермерлер үшін мал дәрігерлерінің тапшылығы және сапалы ветеринариялық көмек алу мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын айтты.
Шалқар ауылдық округінің орталығы Жылтыр ауылында болып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ шөлейттенуге қарсы күресу және құмдардың қозғалысын тоқтату үшін сексеуіл көшеттерін отырғызумен айналысатын «Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесінің жұмысымен танысты. Ауылда сексеуіл тұқымдарын егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады және өңірдің экожүйесін сауықтыру бойынша өте маңызды іс-шара болып табылады.
Шалқар аудан орталығында 320 орындық лицейінің құрылысының барысымен танысып, ауданда ауыл тұрғындарының әлеуметтік өмірін жақсарту бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын, білім беруді, медициналық қамтамасыз етуді, экологиялық қауіпсіздікті дамытуға көп көңіл бөлінетінін атап өтті.
Осылайша, Шалқар қаласының микроклиматын қалыптастыратын Шалқар көлінің қазіргі ахуалын талқылау үшін депутаттар мердігер «Толағай» компания өкілдерімен кездесіп, биыл сәуір айында басталған көлдің табанын тазарту жұмыстарымен танысты. Көлдің жағымсыз жағдайы көп жылдар бойы аудан тұрғындарын толғандырды, оны тазарту мәселесі аудан және облыс басшылығымен бірнеше рет көтерілді, депутаттық сауалдар жасалды. Кездесуде жоба қосымша қаржыландыруды талап ететіні атап өтілді.
Ақтөбеде депутат М.Жұмағазиев «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өңірлік филиалдарының басшылығымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізді.
Жұмыс сапары қорытындысында депутаттар нәтижелерге оң баға берді, ұсыныс-пікірлер назарға алынатындығын жеткізді.