Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы

15.12.2021 0

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірлеу және қабылдау адамдардың жануарлардың әртүрлі санаттарымен күнделікті өзара іс-қимылы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды ретке келтіру қажеттігінен туындады.

Заң жобасының реттеу нысанасы жануарларды қорғау, жануарларға қарау кезінде азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтары мен өзге де заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау мақсатында жануарларға қарау саласындағы қатынастар болып табылады.

Жануарларға қарау кезінде жалпы және арнайы талаптар белгілеу, жануарларды қатыгез қараудан, азап пен қырылудан қорғау, жануарларды қатыгездікпен өлтіруге жол бермеу, қоғамның адамгершілігі мен ізгілігін нығайту, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу саласындағы ақпараттың қауіпсіздігін, ашықтығын, азаматтардың өзге де құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету Заң жобасының негізгі міндеттері болып табылады.

Заң жобасы барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгез қарауды насихаттауға тыйым салуды енгізеді және мұндай насихаттың кез келген нысандарына тыйым салады.

Заң жобасы жануарлар иелерінің жануарларға қарау жөніндегі міндеттерін белгілейді. Атап айтқанда, жануарларға қарау кезінде жануарларды азаптауға, ұрып-соғуға, олардың мертігуіне, жарақаттануына, жануарларды қатыгездікпен өлтіруге, жануарларды адамға немесе басқа жануарларға ызаландыруға, жануарларды лақтыруға, тамақ пен сусыз қалдыруға, сондай-ақ жануарларға адамгершілік және ізгілікті қарау қағидаттарына қайшы келетін басқа да іс-әрекеттерге жол берілмейді.

Заң жобасы жануарларды асырау кезінде жануарлардың биологиялық және жеке ерекшеліктеріне сәйкес оларға жағдай жасау қажеттігін бекітеді, жануарлардың толық құнарлы тамақтануына, таза суға, ұйықтауға, қозғалысқа және табиғи белсенділікке қажеттілігін жануарлар иелерінің қанағаттандыру міндетін анықтайды, иттерді серуендету, қызметтік иттерді пайдалану, жануарларды тасымалдау, жануарларды жансыздандыру (эвтаназия) міндетін белгілейді. Ерекше талаптар мәдени-ойын-сауық іс-шараларында пайдаланылатын жануарларға қарау кезінде белгіленеді, өйткені дәл осы жерде өскелең ұрпақ алғашқы мейірімділік, адамгершілік және қайырымдылық сабақтарын алуға тиіс, қоршаған әлемге, әлсіздерге және қорғансыздарға ізгілікті және жауапкершілікпен қарауға үйренуге тиіс.

Жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру жануарларға жауапкершілікпен иелік етуді және оларға ізгілікпен қарауды қалыптастыруды, әртүрлі санаттағы жануарларға қарау кезінде жалпы және арнайы талаптарды белгілеуді, жануарларды қатыгез қараудан қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заң жобасын қабылдау теріс экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық салдарға әкеп соқпайды.

Бөлісу