Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлының баяндамасының толық мәтіні

25.11.2021 0

Б.Т.Жұмағұловтың

«Жаңартылған білім беру

мазмұны жағдайында мектеп

пен жоғары оқу орындарында

математика мен физиканы

оқытудың өзекті мәселелері»

атты конференциядағы сөзі

25-26 қараша 2021 жыл

 

Құрметті конференцияға қатысушылар!

 

Біз өте қИЫН әрі өте жауапты кезеңде өмір сүріп отырмыз.

 Пандемия жағдайына қарамастан өмір де, экономика да, білім мен ғылым да өз ретімен дамып отыр.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында өтіп отырған осы конференция да соның айғағы емес пе?

Бүгін «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында мектеп  пен жоғары оқу орындарында  математика мен физиканы  оқытудың өзекті мәселелері» атты конференцияда жақсы ойлар мен ұсыныстар айтылады деп сенемін.

Конференция ашылуымен баршаларыңызды құттықтаймын!

 

 Биылғы оқу жылынан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарында 300 жаңа білім беру бағдарламалары реестрге енгізілді.

Жаңа білім беру бағдарламалары заманауи еңбек нарығының талаптарына және жұмыс берушілердің сұрауларына бейімделген.

Бұл өте жақсы, себебі университеттер оның ішінде Ұлттық университеттер қандай мамандар дайындау қажеттігін біледі. Заң жүзінде берілген мүмкіндікті жоғары оқу орындары осылай тиімді пайдалана бастады. Осы  академиялық дербестік және басқару туралы заңды 2018 жылы Сенатта қарап, өтуін өзім жүргізіп едім.

Атап өтейік: жаңа білім беру бағдарламаларына студенттер мен ұстаздар оң баға беруде. Өйткені, оларды әзірлеу кезінде практикалық жағына назар аударылады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі енгізген жаңалықтар жоғары оқу орындарының тәжірибелік бағдарламасын нығайтуға бағытталған.

 Бұл - тәжірибе мен практиканы үйлестіретін - жаңа бағыт. Нәтижесінде әрбір жоғары оқу орны өз түлектерін жұмыспен қамтитын кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуда.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  болашақ педагогтарды даярлау сапасын қамтамасыз ету бойынша Үкіметке кешенді шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

 Осыған орай соңғы екі жыл ішінде министрлік жоғары оқу орындарының білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға басым бағыт берді.

  Мәселен, биыл қыркүйек айынан бастап жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы жоғарылады, педагогтарды даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге қысқарды.

Осының бәрі педагогтың сапасын арттыруға бағытталған. Сондықтан да, педагогтарды даярлайтын жоғары оқу орындарының санына емес, олардың жұмыс сапасына баса назар аударған жөн.

Республикада болашақ мұғалімдерді сапалы даярлайтын жоғары оқу орындары бар.

 Олардың ішінде - Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің орны ерекше!

Сіздер бұл саланың көшбасшысысыздар!

Мұнда 500 ден астам педагог - профессорлар жұмыс істейді.

Сіздердің университет Республикадағы барлық педагогикалық жоғары оқу орындарының ішіндегі ең белгілі, көрнекті, ғылыми- методикалық орталық екендігі дау таудырмайды.

 Бір сөзбен айтқанда, педагогикалық ғылымды жаңғыртатын жетекші ғалымсыздар!

 

 Құрметті әріптестер!

 Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан математика мұғалімдерінің І съезінде мектептегі математикалық білімнің жағдайы мен болашағы талқыланған болатын.

Сонда білім беру саласының өзекті мәселелері туралы шешім қабылданған еді.

Соған сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңы мен ілеспе заңы қабылданды.

 Бұл Сіздердің және көптеген ұстаздардың аманаттарын орындағаны. 

Осы заңдардың бастамашыларының бірі болғаныма қуаныштымын.

Ұстаздар туралы заңның қабылдануын Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев кезінде ерекше қолдағанын айтуды өзіме парыз санаймын.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес заң жобасы дер кезінде қабылданды.

ҚР Парламент Сенаты Заң жобасы бойынша үлкен жұмыстар жүргізді.

Көптеген педагог  ғалымдармен кездесулер өткізді.

 Сіздер ұсынған көптеген ұсыныстар заң жобасын жетілдіруге мүмкіндік берді.

Сол үшін педагогтар қауымына рахмет айтамын!

Сонымен, заң аясында қандай мәселелер шешілгенін жақсы білесіздер. Дегенмен, бірер сөз айтуға рұқсат етіңіздер:

Біріншіден:

  • педагогтердің құқықтары кеңейді;
  • артық жүктемелерден босады;
  • педагог жұмысының тиімділігі артты.

Екіншіден, материалдық және материалдық емес ынталандыру жүйесі енгізілді.

     Тағы бір маңызды фактор – педагогтардың білім деңгейін көтеруді нақты ынталандыратын нормалар қабылданды.

 Атап айтқанда, мұғалімдердің магистр дәрежесі үшін қосымша төлем бекітілді.

Мұндай баптар ұстаздардың жалпы біліктілік деңгейін өсіруге, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осылай, Республикада мұғалімдерді материалдық көтермелеудің дамыған жүйесі орнықты.

   Мұғалімдердің жеке жауапкершілігін қарастырған бап та

бар екенін айта кету керек.

 

Заңды орындау барысында Білім және ғылым министрлігі жаңа құқықтық ынталандыру және мұғалім мәртебесін қолдауға  бағытталған біраз кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.

Көкейкесті мәселелердің бірі – Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қатысты.

Қазіргі таңда еліміздің барлық мектептері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жаңартылған білім беру бағдарламасына көшіріле бастады.

Қоғам да, мемлекет те модернизациядан өтіп жатыр.

 Білім беру жүйесінде де қажетті трансформациялар жасалуда.

Қазіргі уақытта  бәсекеге қабілетті елдерде STEM (Science,Technology, Engineering, Mathematics) білім беру технологиясы мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуда.

Осының бәрі – заман талабы. Бұл – сапалы білім жолы.

Ғылымсыз, техникасыз, инженериясыз, математикасыз – даму жоқ.

 Бүгінгі таңда қарқынды дамып жатқан ақпараттық коммуникациялық технологиялар математика мен физика ғылымдарының жетістігі.

Көптеген халықаралық эксперттер әлемде байқалып отырған математиканы меңгеру деңгейінің төмендеуін білім беру методикасының заманға сай математика ғылымының дамуына ілесе алмауымен және практикамен байланысымен түсіндіреді.

 

Осы өте өзекті методика мәселесін дер кезінде көтеріп, бүгінгі конференцияны ұйымдастыруға ұйытқы болған белгілі ғалым-педагог, ҰҒА академигі Алма Есімбекқызы Абылқасымоваға рахмет айтқым келеді!

Жетістіктері күн сайын қарыштап дамып жатқан математиканы дәстүрлі оқыту емес,  заманауи әдістермен оқыту күн тәртібіне қойылып отыр.

Сондықтан математиканы оқыту методикасы және пәнаралық байланыспен айналысатын кафедраларға көңіл бөлу керек. Бұған бүгінгі конференцияда жауап табамыз ғой деп ойлаймын.

Бұл мәселеде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы мен еліміздегі педагогикалық білімнің флагманы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті бірлесіп методикалық зерттеулер жүргізуі қажет.

 Әрбір өзгеріс Сіздердің университет ғалымдарының сараптамасынан өтуі керек.

 

Егер білім беру стандарттары мен бағдарламалары дұрыс жасалса, онда оқулықтар да дұрыс болады, білімнің мазмұны да орнына келеді.

Өткен ғасырдың 70-нші жылдарынан бастап мектепке арналған білім беру стандарттары мен математика оқулықтары неше рет  өзгеріске ұшырады?

 Кем дегенде бес рет өзгерді.

Оны бәріміз жақсы білеміз. Әрбір жаңа оқулықта жоғары математика тақырыптарын қосып келеміз.

Оқушылар кейбір күрделі тақырыптардың мағынасын түсінбей есептер шығарады.

 Елімізде осындай білім берудің мазмұны мен методологиясы модернизацияланып жатқанда осы залда отырған өздеріңіз сияқты үздік ұстаздар мен ғалымдар бұл процеске белсенді қатысуы қажет деп ойлаймын!

 Біздің білім беру жүйесінің қиыншылықтарын сіздерден артық кім біледі, кім дамудың дұрыс жолдарын ұсына алады?

 

Конференция барысында келесі мәселелер қарастырылып шешімін табады деп ойлаймын.

 

Біріншіден, математиканы оқып-үйренуге бөлінетін сағаттар саны әлемнің озық елдерінің деңгейінде сақталуы қажет.

 Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей математикаға бөлінген сағаттар саны аптасына 1 сағатқа азайса, басқа пәндерден үлгерім 10-25%-ға төмендейді екен.

 Әлемнің озық елдеріндегі математикаға бөлінетін аудиториялық сағат саны біздің елдегіден біршама жоғары екендігін мойындауға тиіспіз.

 

Екіншіден, мектеп бағдарламасына теориялық жиын ұғымдарын және белгілеулерін  енгізу қажет.

 

Үшіншіден, мектеп бағдарламасына математикалық анализ бастамаларын, ықтималдықтар теориясын логикалық ретімен енгізу мәселелерін  қалыптастырған жөн.

 

Қазіргі таңда мектепте де, жоғары оқу орнында да «Шектер», «Туынды», «Интеграл», «Дифференциалдық теңдеулер», «Ықтималдықтар теориясы» тақырыптары қайталанып оқылады.

 Осы тақырыптарды ғылыми-методикалық тұрғыда орын-орнына қою керек.

Біз үшін ең маңызды мәселе – оқушыларды математикаға қызықтыру қажет. Сонда математиктер қатарына жас толқын таланттар көбірек келеді.

 Оқушының өз бетімен білім алу үрдісі және оған қажетті жүйе қалыптасуда.

 Дегенмен мұғалімнің, профессорлардың ерекше ролін ұмытпауымыз керек.

 

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Мемлекет тарапынан ғылым мен білім беру салаларына қолдау көрсетіліп жағдай жасалып жатыр.

Сондықтан бүгінгі конференция жұмысында қоғамды толғандырып жүрген келесі мәселелер талқыланса:

 

  • Білім беру саласындағы реформалар жүзеге асу барысында  жиі өзгеріске ұшырау проблемасы;
  • Білім беру стандарттары мен бағдарламаларының заман талабына сай болуы;
  • Математикалық сауаттылықты жетілдіру үшін оқушыларға практикамен байланысты есептер шығару;
  • Математиканы оқытудың теориясы мен методикасы ғылымын әлемдік деңгейде дамыту;
  • Дәстүрлі оқыту жүйесінен жаңашыл, ізденіске басымдық беретін әдістерге көшу мәселесі;
  • Өмірден алынған есептерді шешу үшін жаратылыстану-математикалық цикл, информатика, технология және инженерия пәндерін біртұтас оқытуға негізделген STEM білім беру технологиясын қолдану.

 

 

Құрметті халықаралық конференцияға қатысушылар! Математика мен физиканы оқытудың өзекті  мәселелерін талқылау барысында нақты ұсыныстар, әдістемелік шешімдер айтылады деп сенемін.

 Конференцияның қабылдаған шешімдерін маған берсеңіздер мен Үкіметке депутаттық сауал жолдап өзекті мәселерді шешуге ықпал жасаймын.

Конференция жұмысына табыс тілеймін!

Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Бөлісу