Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров жұмыс бабындағы сапармен Қарағанды облысындағы Балқаш қаласында болды

06.01.2020 0

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров аймақтарға жұмыс сапары аясында Балқаш қаласында болды.

Депутат ең алдымен қаладағы полиция бөлімінің жаңа «фронт-кеңсесіне» барған болатын. Көптеген жергілікті тұрғындар мұндағы жұмыстың осы сипаты ыңғайлы әрі көптарапты екенін хабардар етті. Орталықтың ашылуы өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға, өтініш берушілердің мәселелерін жедел шешуге және жалпы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Р.Әбдікеров полиция қызметкерлерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құқық бұзушылықтың жекелеген түрлері бойынша жауапкершілікті күшейтуге бағытталған тапсырмаларын орындау аясындағы заңнамадағы өзгерістер туралы айтып берді. Сенатор полицияның жұртшылықпен жұмыс тәсілдерін өзгерту жөніндегі құқық қорғау жүйесінде жүзеге асып жатқан реформаларға жеке құрамның назарын аударды.

Сапар жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйінде жалғасты. Мұнда 15 тәрбиеленушіге жайлы жағдай жасалған.

Депутат кездесу барысында балалар үйінің түлектеріне тұрғын үй бөлу мәселесін көтерді. Соңғы 5 жылда 19 түлектің 7-і тұрғын үй алған, қалған бітірушілердің мүлік мұрагерлік аясында бекітілген тұрғын үйлері бар.

Сенатор қалалық сот ғимаратындағы «Сот кабинеті» сервисі, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы, медиация және адвокаттар кабинеттері, аудио-бейне тіркеу және бейне конференцбайланыс жүйесінің жұмысына ерекше назар аударды.

Сапар барысында «Сары Қазына» серіктестігінің ұжымымен де кездесу болды. Кәсіпорын 2007 жылдан бері «Қоңырат» кенішіндегі техногендік минерал түзілімдерде жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізіп келеді. 350-ге жуық адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етекен мекеме қаланың әлеуметтік жобаларын іске асыруға белсенді қатысуда. Сенатор экологиялық заңнаманы сақтау және келісімшарттық міндеттемелерді орындау мәселелеріне назар аударды.

Депутат Ы.Алтынсарин атындағы № 25 жалпы білім беретін мектептегі жаңғырту және робототехника кабинеттерінің жұмысымен, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарындағы 134 балаға ыстық тамақ ұйымдастыру барысымен танысты. Педагогтармен болған кездесуде сенатор жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңның ережелерін түсіндірді.

Қалалық жұмыспен қамту орталығында болған кезде Р.Әбдікеров қала тұрғындарын жұмысқа орналастыруға көмек көрсету және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлері бойынша жұмысты ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Орталықтың үй-жайы қажетті техникалық құралдармен жабдықталып, жұмыс мүмкіндіктері электрондық еңбек биржасы бойынша қамтамасыз етіледі. Азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі қызмет жағдайының жақсаруы орталық қызметкерлерінің жұмыс мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті, сондай-ақ ізденушілер тарапынан бос жұмыс орындарына сұранысты арттырды. Сенатор қысқа мерзімді оқуды аяқтаған жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесіне, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларын кепілді әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етуге қызметкерлердің назарын аударды.

Мүмкіндігі шектеулі балалар мен 18 жастан асқан адамдарды дамыту және әлеуметтік бейімдеу орталығы сапардың келесі нысаны болды. Орталық ғимаратын «Қоңырат» корпоративтік қоры 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жөндеуден өткізіп, «Үлкен Жүрек» қоғамдық бірлестігіне берген болатын. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында айына 70 балаға дейін оңалту қызметтері көрсетіледі. Сенатор үкіметтік емес ұйымдарға осы бағыттағы белсенді жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы уақытта табысты болуға тілектестігін білдірді.

Жұмыс сапарының соңы азаматтарды жеке қабылдауға арналды. Сенаторға 9 адам кездесуге жазылған болатын. Тұрғындар экология, электр энергиясы тарифтері, қасбеттер мен лифттерді жөндеу, азық-түлік бағасы және тағы басқа мәселелерді көтерді. Сенатор айтылған мәселелер бойынша тиісті түсініктеме берді.

Бөлісу