Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Навигация

Новости

Егемен Казахстан

17.04.2018 0

Цифрландыру: Қазақстандағы төртінші өнеркәсіптік

революцияның флагманы

 

Мемлекет басшысы – Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін атап өтті. Президент мемлекетті жаңа технологиялар дәуіріне оңай бейімдеуге мүмкіндік беретін бірқатар міндеттерді айқындады. Цифрлық прогресс өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды, ол күнделікті қызметімізде өзінің негізгі салмақ үлесін алып қана қоймай, қаржылық тұрғыдан да ықпалын етуде. Жүргізілген есептеулерге жүгінсек, бүкіл дүние жүзінде техникалық прогрестің арқасында өндірілетін ІЖӨ көлемі 10-15 трлн. АҚШ долларын құрап отыр. Бүгінгі таңда бұл константа ретінде қалыптасқан. Google, Apple, Microsoft сияқты әйгілі компаниялар жаңа технологиялар нарығында өзін мойындата білді және осындай ірі көшбасшы компаниялардың арқасында жаһандық қауымдастық экономика дамуының баламалы мүмкіндіктеріне, мультипликативтік ықпалға қол жеткізді. Төртінші өнеркәсіптік революция әлем экономикасының бүкіл құрылымына ықпал етеді. Осы көшбасшылар қатарында болу үшін біз алдағы уақытта технологиялық дамудың бағытын және болашақта пайда болуы мүмкін инновацияларды болжай алуымыз қажет.

Жаһандық сын-қатерлер жағдайында еліміздің одан әрі дамуына негіз болатын «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын қабылдадық. Қазақстан бәсекеге қабілетті экономикасы мен өршіл мақсаттары бар жас мемлекет ретінде алдына 30 ең дамыған мемлекеттің қатарына қосылу міндетін қойды. Біз жоспарлы түрде осы бағытта жұмыс жүргізудеміз және мақсатқа жету жолында барлық мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің алаңында өзімізді көрсете білуіміз соның бір айғағы. Қазақстан үшін бұл зор тәжірибе және цифрлық технологиялар мен бизнесті дамытуға берілген үлкен мүмкіндік.

Соңғы жылдары еліміз цифрлық технологияларды ілгерлетуде көз қуантарлық нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстандағы ақпараттандыру процесі жоғары деңгейге жетіп, оған сәйкес мемлекеттік жүйе де трансформациялануда. 2013 жылы «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, ол еліміздің экономикасын цифрлық трансформациялауға, ақпараттық қоғамға көшуге, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, «ашық және мобильді үкімет» институттарын құруға, корпоративтік құрылымдармен қатар қарапайым азаматтарға да ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға септігін тигізді. Бұл мемлекеттік бағдарлама іске асырылған үш жыл ішінде іс-шаралардың 70% орындалып, нысаналы индикаторлардың орындалуы 40%-ды құрады. Алайда IT-технлогиялардың жаһандық ауқымда қарқынды дамуы белгілі бір ережелерге бағынуды, ұтымды және тез әрекет етуді талап етеді.

Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылғы желтоқсанда бекітілді. Бұл – цифрлық технологиялардың көмегімен әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды, кешенді бағдарлама. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы сәйкес бес негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Олар: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке көшу», «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру».

Аталған бес бағыт шеңберінде 17 нақты міндет пен 120 жоба жасалды. Циярландыру бағытында даму үшін бірлескен және конструктивті жұмыс жүргізу, яғни ұлттық экономиканың, білім берудің, денсаулық сақтаудың негізгі салаларын, сондай-ақ мемлекеттің қоғаммен және бизнеспен өзара
іс-қимыл жасау салаларын қайта құрылымдау процесіне дер кезінде бастамашылық жасап отыру қажет.

Осылайша, бірінші бағыт бойынша ұлттық IТ секторды дамытуды, инновациялық технологияларды құруды, инфрақұрылым құруды және венчурлық қаржыландыруды дамытуды ынталандырған жөн. Ал оларды дамыту үшін халықаралық деңгейде ынтымақтастық орнату қажет. Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақтар: «Алатау» Ақпараттық технологиялар паркі, «Назарбаев университеті» АҚ жұмыс істеп жатыр, инновациялық экожүйенің бірқатар элементтері, АКТ кластері құрылды, Астана халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеп жатыр, Astana hub халықаралық технопаркі іске қосылуда. Бұл болашақта Қазақстандағы цифрландыру процесін ілгерілетуді табысты іске асыруға ықпал ететін шаралар құрамына кіретін негізгі жобалардың бір бөлігі ғана.

Сонымен қатар, жаңа, сұранысқа ие кәсіптер бойынша кадрлар даярлау мәселелеріне де ерекше назар аудару маңызды. Бізде АКТ саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады, цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында кәсіби кадрларды қайта даярлау мәселелерін шешу қажет. Осы тұста IТ секторындағы білікті мамандарды тарта отырып, оқу орындары (мектептерде және жоғары оқу орындарында білім беру курстарын ұйымдастыру, дарынды жастарға арналған білім беру гранттарын ұлғайту), компаниялар (корпоративтік оқыту) және мемлекет деңгейінде (АКТ саласындағы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы) жұмыстар жүргізілуі тиіс.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – экономика салаларын цифрландыру, ол қазір бар салалар мен тұтастай экономиканың өнімділігін ұлғайтуға, сондай-ақ оның күрделілігің арттыруға бағытталған. Шығындарды төмендету, тауарлар өндірісін және қызмет көрсету көлемін ұлғайту, салаларды әртараптандыру және жоғары өнімді жұмыс орындарының санын арттыру – негізгі нәтиже болмақ. Мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерімен цифрлық бағытты дамыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, көліктік-логистикалық инфрақұрылым, сауда, денсаулық сақтау, білім беру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салалары сияқты басым бағыттарды дамыту Қазақстанның бәсекеге қабілетті экономикасын сақтау мен дамытудың негізі болып табылады. Осы басымдық шеңберінде цифрландыру және жоғары технологиялы компанияларды тарту үшін болашақтың технологияларын дамыту, инфрақұрылымды және заңнаманы дамыту сияқты басты міндеттер іске асырылатын болады.

Цифрлық мемлекетке көшу бағытының төрт маңызды құрамы бар: мемлекеттік органдардың ішкі қызметін цифрландыру, қағаз құжат айналымының талаптарын қысқарту, бизнес үшін «бір терезе» қағидатын ендіру мақсатында тиісті инфрақұрылым құру және «ақылды» қала жобаларын іске асыру.

Қазақстан Республикасы Парламентінде 2008 жылдан бастап «Қазақстан Республикасы Парламенті мониторингі» автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Осы жүйеде Парламент депутаттарын отырыстарға арналған электрондық материалдармен қамтамасыз ететін «Отырыс» кіші жүйесі жұмыс істейді, ол заң шығару процесін тұтастай жақсартуға, жұмыс уақытын ұтымды пайдалануға бағытталған. «Ақылды» қалаларды дамыту ТКШ жүйесін жаңғыртуға, интеллектуалды көлік жүйесін ендіруге мүмкіндік береді. «Сергек» жол қозғалысын бақылау жүйесі қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр, оның арқасында ЖҚЕ сақтау жай-күйі жақсарады деп күтілуде. Жүйе құқық бұзушылықты тіркеген жағдайда хаттама автоматты түрде ресімделіп, құқық бұзушының мекенжайына жіберіледі. Алдағы уақытта әкімшілік орталықтармен қатар моно қалаларды да жаңа технологиялармен жабдықтау жоспарланған. Бұл құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Бүгінгі таңда, порталда 761 қызмет және сервис автоматтандырылған, 6 миллионнан аса адам тіркелген. БҰҰ-ның электрондық үкімет бойынша рейтингінде Қазақстан 33-орында тұр, бұл жаман көрсеткіш емес.

Бесінші бағыт – Цифрлық Жібек жолын іске асыру байланыс желілерін қамту мен АКТ инфрақұрымын кеңейтуге, киберқауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, аталған бастама 4G мобильдік инфрақұрылымының жаңа түрін дамытуды, байланыстың спутниктік жүйесін жаңғыртуды, шалғай елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін жеткізуді, транзиттік әлеуетті арттыруды және цифрлық телерадио хабарларын кеңейтуді, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы бірыңғай орталық пен үш зертхана құруды қамтиды. Бүгінгі таңда киберқылмыс ақпарат саласындағы ұлттық қауіпсіздік үшін үлкен қауіп төндіреді. Киберқауіпке қарсы іс-қимыл жасау үшін азаматтық қоғам, мемлекеттік мекемелер, бизнес, интернет-қауымдастық институттары арасында белсенді одақ қалыптасуы қажет. Ортақ күш-жігерімізді жұмылдыра отырып контентті фильтрлеу жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етіп, балаларды, жасөспірімдерді, ересектерді «зиянды» ақпараттан қорғауға мүмкіндік аламыз. Сарапшылардың пікірінше, киберқауіп әсерінен технологияларға деген сенімнің төмендеуі болашақта цифрлық экономиканың дамуы үшін басты қауіп болып табылады.

Болашақ технологияларының дамуы жағдайында ұзақ мерзімді экономикалық мақсаттарға қол жеткізумен, өмір сүру деңгейін және мемлекет тиімділігін арттырумен байланысты іс-қимылдар тиісті заңнамалық қамтамасыз етуді де қажет етеді. Парламент осы мәселеде негізгі рөл атқаруы тиіс, яғни бұл кәсіби депутаттық қорпуспен қатар, ел аумағында заңнамалық актілерді сапалы орындауды талап етеді. Сапалы заңнама халықтың өмір сүру деңгейін арттырып, Қазақстанды бәсекеге қабілетті және халықаралық бизнес үшін тартымды етеді.

Қазақстан Республикасының Парламенті цифрлық экономиканы дамытуды заңнамалық деңгейде қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Парламенті осы бағытта мақсатты және маңызды жұмыстар жүргізіп жатыр, оның ішінде заң шығару процесінің дамуын, заңдар санының ұлғайуын, технологиялық жаңарту мен цифрландыру бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру және жаңарту жөніндегі жұмыстарды ерекше атап өткен жөн. Соңғы жылда «Цифрлық Қазақстан» бағытын дамыту үшін бірқатар заңдар қабылданды.

Оның ішінде, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі), «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы», «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы»  заңдарға және басқа да актілерді атап өтуге болады.

Белсенді азаматтық позицияны білдіруге жәрдемдесу және халықпен кері байланыс орнату мақсатында «Ашық Парламент» қағидатын одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады. Тиісінше: «ашық бюджеттер» – бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау тетігі; «ашық НҚА» – нормативтік құқықтық актілер мен заң жобалары тұжырымдарының жобаларын жария талқылау үшін жариялау; «ашық деректер» – мемлекеттік құпияға, жеке деректерге және Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген басқа да деректерге жатпайтын деректерді коммерциялық пайдалануға арналған қолжетімділік. Нормативтік құқықтық актілерді электрондық тұрғыдан қолдап отыру жүйесін қалыптастыру заң шығару процесінің сапалы, барынша ашық және баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеді, бұл қоғамның, әсіресе, бизнес-қауымдастықтың норма шығарушылық процеске тікелей қатысып отыруына мүмкіндік береді. Аталған шаралар билік органдарына деген сенімді арттыруға және қабылданып жатқан заңнамалық бастамалардың ашықтығы есебінен бизнес жүргізу үшін қолайлы климатты қалыптастыруға ықпал етеді.

Мемлекет, қоғам және бизнес өз ұстанымын жеткізуге және өз әріптестерінің ұстанымын естуге мүмкіндік беретін тұрақты сындарлы диалог алаңын дамыту керек. Адамның, жеке деректер генераторының, осы деректерді өсу үшін пайдаланатын бизнестің және осы саланы қорғайтын және реттейтін цифрлық экономиканың даму кепілі ретінде мемлекеттің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау маңызды.

Бөлісу