Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

"Бюджеттің IV деңгейінің мәселесі бойынша тиісті шаралар қабылдау туралы" депутаттық сауал

02.12.2021 0

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

 

Бюджеттің IV деңгейінің мәселесі жайлы депутаттық сауалымыз Үкімет басшысына жолданады.

 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

 

Өзіңізге белгілі, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру нәтижесінде жергілікті деңгейге бірқатар функциялар берілді.

Мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейін енгізу арқылы  өзін-өзі басқарудың бюджет көздерінің кеңейтілуі, ауыл әкімдеріне қордаланған әлеуметтік проблемаларды нақты шешу мүмкіндіктерін береді.

Ол үшін ауылды қаржылық және кадрлық қамтамасыз ету қажетті дәрежеде шешілуі өзекті.

Өңірлерде жүргізілген зерделеу мен талдау бұл ретте шешімін күткен бірқатар мәселелер бар екенін көрсетті.

Бірінші:

4-деңгейдегі бюджеттердің негізгі проблемасы - салық салынатын базаның және соның салдарынан бюджет шығыстарының тым төмендігі.

Ауыл әкімдігінің шығыстарын қаржыландыру, бұрынғыдай, жоғары бюджеттерден берілетін субвенциялар мен нысаналы трансферттер болып қалып отыр.

Бюджет Кодексіне сәйкес, 4-деңгейдегі бюджет шығыстары 19 бағыт бойынша жүзеге асырылуы тиіс болса, ол бүгінде толығымен қамтамасыз етілмеуде, ал сумен жабдықтау, жолдарды жөндеп, күтіп-ұстау сияқты маңызды бағыттары бюджет мүмкіндіктері аясында, негізінен -  қалдық принципі бойынша қаржыландырылуда.

Екінші:

Соңғы жылдары жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесіндегі заңнама шеңберінде ауылдық округтерге салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерінің берілуі, кіріс өсіміне айтарлықтай әсер етпеуде. 

Сараптамалар көрсеткендей, дербес бюджеттің меншікті кірістері, негізінен, шығыстарының 15-25 пайыз мөлшерінде қалуда, ал басым көпшілігінде 10 пайыздан да төмен.

Сондықтан да, жауапты министрліктер тарапынан салық түсімдерін өсірудің тиімді тетіктері қарастырылуы қажет.

Үшінші:

Төртінші деңгейдегі бюджеттердің кірісін толықтырудың басты жолдарының бірі - Салық Кодексіне өзгеріс енгізу арқылы, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың мүлік, жер салықтарынан басқа әлеуметтік және табыс салықтарының бір бөлігін, аудан бюджеті арқылы кент және ауылдық округтердің бюджетін нығайтуға бағыттау керек деп санаймыз.

Сонымен қатар, минералды ресурстарды игеру барысында кен орындарының маңында орналасқан ауылдар мен кенттердің онсыз да әлсіз инфрақұрылымының істен шығуы, қоршаған орта мен халықтың денсаулығына теріс әсерлері назар аударатын түйіткілді мәселелер болып қалып отыр.

Төртінші:

Шаруа қожалықтарының салықтық жүктемесіне қатысты.

Атап айтсақ, сараптама жүргізілген аудандардың бірінде 900 мың гектар жер бекітіліп берілген 550 шаруа қожалығында 100 мың шартты мал басы тіркелген.

Салық заңнамасына сәйкес, олардың аудандық бюджетіне бірыңғай жер салығының түсімдері 5 млн. теңге көлемінде ғана.

Сондықтан да, бірыңғай жер салығын есептеу әдістемесін қайта қарау, салық көлемін жер учаскелеріне, мал басына және шаруа қожалықтарының табысына байланысты белгілеу, олардың тиісті округ бюджетіне түсу қажеттігі туралы ұсыныстар жан-жақты зерделенуі керек деп санаймыз.

Яғни, қолдау шаралары жетілдіріліп, шаруа қожалықтарының салық мәселесі терең зерттеу мен оңтайлы заңнамалық реттеуді талап етеді.

Бесінші:

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерін енгізу, оны қалыптастыру мен игеруде ауыл әкімі мен мамандарының белгілі бір біліктілік деңгейлерін қажет етеді.

Есеп комитетінің бағалау қорытындысында ауылдарда білікті мамандардың тапшылығы және бюджетті сапалы атқаруға кедергі келтіретін басқа да жүйелік проблемалар анықталған.

Сонымен қатар, биыл тікелей сайлау арқылы тағайындалған әкімдердің арасында  түрлі салалардың өкілдері бар. Сондықтан, олар үшін арнайы тереңдетілген оқыту бағдарламасы әзірленуі қажет.

Бұдан басқа:

- Бюджеттің 4-деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін беру;

- салық базасын арттыру мақсатында коммуналдық меншіктегі нысандарды құжаттау мәселесін шешу;

- даму әлеуеті төмен шалғай ауылдық округтерде әкімдердің тікелей сайлау талаптарын қарастыру және олардың бюджетін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлу;

- жеке тұлғалардың және коммерциялық объектілердің мүлік салығының мөлшерлемелері - жүйелі заңнамалық реттеуді талап етеді.

 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру маңыздылығын ескере отыра, Үкімет тарапынан тиісті шаралардың қабылдануы қажет деп есептейміз.

Депутаттық сауалға заңда көрсетілген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

 

                                                               Құрметпен,                                                            Д.Мусин

 

Бөлісу